– Әңгіме заңға қатысты болған соң бұл орайда заң тілімен жауап беруге тура келеді. Көпэтникалы және көпконфессиялыерекшелігімізге сәйкес еліміздің Ата заңынан бастап, барлық тиісті заңнамаларында әрбір ұлттың тілінің, сенімдері мен дәстүрлерінің, құндылықтарының қорғалатыны, дамуына мүмкіндік берілетіні, Қазақстан азаматтарын ұлттық, нәсілдік, діни қатыстылығына байланысты кемсітушілікке жол берілмейтіні айқындалған. Дегенмен ұлттың жеке тұлғалардан құралатыны белгілі, ал әрбір тұлғаның құқықтары мен бостандықтары заң жүзінде жеке қорғалады. Ата заңымызға сәйкес мемлекеттің ең басты құндылығы – адам, оның құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Сондықтан заңнама нормаларына сәйкес заңдық қатынастардың негізгі субъектісі ұлт емес, жеке тұлға.
Баршаға белгілі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік дін саясатының негізгі қағидалары мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі, ешбiр дiннің мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейтіні және барлық діни бірлестіктердің заң алдында теңдігі екендігі белгілі. Осы орайда көп ұлтты және көп конфессиялы Қазақстан жағдайында мемлекеттік дін саясатына қатысты пайымдауларда біз бір мәселені назардан тыс қалдырмауымыз қажет.
Көп ұлттылық және содан туындаған көп конфессиялылық – біздің таңдауымыз емес, тағдырымыз. Отарлық және кеңестік саясат пен тарихи үдерістер салдарынан қазақ жеріне сан алуан ұлттардың қоныстануы біздің тағдырымызды сол ұлттармен ортақтастырды. Сыңаржақ саясаттан туындаған сын-тегеуріндерді еңсере отырып, сан ұлтты саясына сыйғызған қазақ ұлтының мәмілегер мінезінің арқасында біз бүгінде біртұтас Қазақстан халқына айналдық. Мәдени байлығымызды молайтып, мақтанышымызға айналған сол ұлттардың тағдыр-талайы ғана емес, салт-санасы, наным-сенімі де қазақ халқына аманат болып отыр. Сондықтан біздің өзге заңдарымыз секілді дін туралы заңнамамыз да сан ұлттың сенімін түгел ескеріп, ұлтына, дініне қарамай, ешкімнің мүддесіне нұқсан келтірмеуге әрі ешкімнің заң талаптарын бұзуына жол бермеуге күш салған заңдық құжат болып табылады.
Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Себебі дін – тек сенімдік ұғым емес, ол – рухани мәдениет феномені, халықтың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы. Осы орайда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз болған, оның құралуы мен сақталуы үшін ғасырлар бойы қаны мен терін төккен, рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырған, дамытқан, қорғаған, елдің шекарасын ғана емес, рухын да сақтаған қазақ ұлтының дәстүрлі дінінің заңнамада айшықталуы ешбір азаматтық қоғам қағидаларына қайшы келмейді. Сондықтан Қазақстанның дін туралы заңнамасына халық мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның тарихи рөлі танылатыны жөніндегі түсінік енгізілген. Біздің жағдайымызда ислам тек қазақтардың ғана емес, Қазақстан жеріндегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың ата діні болуымен де маңызды. Сонымен қатар соңғы үш ғасырлық тарихы бізбен ортақ христиан дініндегі бірқатар ұлттардың сенімдік бағыты – православие де Қазақстан халқының елеулі бөлігі ұстанатын дәстүрлі дінге айналып үлгергені – бүгінгі күннің шындығы. Сондықтан бұл шындық та нақты қажеттілікке орай заңнамада көрініс тапқан деп түсінген жөн.