Біріншіден – рухани сала бірден көзге көрінетін нақты өнім бере қоятын экономикалық сала емес. Зауыт-фабрикадағы секілді руханияттың өнімін күнделікті сатырлатып санап бере де, ала да алмайсыз. Рухани қайраткерлік өз жемісін жылдар бойы біртіндеп береді. Ол ел санасындағы өзгерістер арқылы танылады. Ол өзгерістердің өзі тайға таңба басқандай сайрап тұрмайды. Сондықтан қазір көп айтылатын «тиімділікті бағалау өлшемдері» деген жаттанды термин рухани салада қолдануға келіңкіремейді.
Екіншіден «нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай емес» деу де асығыстық. «Әрекет түбі – берекет», ешбір әрекет нәтижесіз қалмайды. Қазірдің өзінде тұрғын халықтың ақпараттандырылуы әлдеқайда жоғарылады, БАҚ және ғаламтор кеңістігінде дұрыс мазмұндағы діни ақпараттар көбейді, діни оқу орындарының қызметі жолға қойылды. Діни кітаптарға, ғаламтор ресурстарына дінтану сараптамасының жүргізілуі бұлжымас қағидаға айналып, көптеген теріс мазмұнды әдебиеттер мен ақпараттарға тосқауыл қойылды. Мың-сандаған ақпараттық-ағартушылық жұмыстар нәтижесінде дінге деген сергек әрі жан-жақты көзқарас қалыптаса бастады. Қазір еліміздегі діни ахуал негізінен тұрақты десек, бұл кешелі-бүгінді емес, бірнеше жыл бойы жүргізіліп келген жұмыстардың нәтижесі.
Рас, артында мол қаражат, үлкен күштер тұрған теріс пиғылды және радикалды ағымдардың ақпараттық жаулап алу саласындағы толассыз іс-әрекетімен салыстырғанда, қам-қайғысы сан салалы мемлекетіміздің жалғыз ғана дін саласының мамандары атқарып жатқан жұмыстар теңізге құйған тамшыдай ғана болуы мүмкін. Бірақ, әрбір амал ниетімен қайырлы, бұзу үшін емес, түзеу үшін жасалған, қайтарымын күтпей, қайырымдылықпен жүзеге асып жатқан сан алуан әрекеттің де түбі қайырлы боларына сенім мол. Бұл орайдағы біздің ең басты тірегіміз – әлі рухани тамырларынан ажырамаған, құндылықтарынан қол үзбеген, тектілігі мен тазалығын, пайым-парасатын сақтай білген өнегелі жастары мол ұлтымыздың рухани әлеуеті.