Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ, саясаттанушы: Дін мен дәстүрді бөліп қарайтындар – екеуінің бірін білмейтіндер

АСТАНА. 20 ақпан. E-ISLAM.KZ – Дін мұраттарын қарапайым халыққа түсінікті етіп жеткізу үшін де алдымен қазақтың тарихы мен мәдениетін жетік білу қажет. Қазақтың ұлттық танымы мен әдет- ғұрыптарының мұсылманшылықпен сабақтастығы мен үндестігін көрсету үшін де қойылатын басты талап осы. Өкінішке орай, қазіргі уақытта дінді дәстүрден алшақтап ұстауға тырысатындар қатары байқалып келеді. Әсіресе, жастар арасында «дінімізде мынау күнә» немесе «шариғатта мұндай дәстүрге тиым салынған» дегенді жиі естиміз. Ғалымдар мұны жастардың  түрлі ағымдардың жетегінде кетуімен байланыстырады. Діні мен дәстүрін бөліп қарап, ұлттық құндылықтарды мойындағысы келмейтін жат ағымның соңына ілескен жастар жөнінде саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлымен сұхбаттасқан едік.

Діннің қоғамда белгілі бір ықпалы бар екені белгілі. Қазіргі уақытта жастардың арасында дін қаншалықты маңызға ие? 

–  Дін қай кезде болмасын қоғамды біріктіруші негізгі фактор ретінде маңызды болып келген және солай қала береді. Кез-келген мемлекеттің ұлттық идеясының жүзеге асырылуына діннің ықпалы орасан. Бұл мәселе АҚШ-та жоқ дегенді жиі айтамыз. Иә, АҚШ белгілі бір этностан құралған жоқ, бірақ «америкалық ұлт» қалыптасты. Қазір әлемдегі бірлігі мығым ұлттардың қатарында екеніне ешкім дау айта алмайды. Байқасаңыз, бірлігі мықты ұлттарда тұрақты даму бар. Ал бейберекетсіздікке ұрынған мемлекеттердің экономикасы өз ырғағын жоғалтып алып жатыр. Енді сол америкалық ұлттың негізгі діңі – ол протестантизм. Адам құқығы, халықтың билікті түзуі, ашық қоғам құру идеясы сияқты демократиялық құндылықтардың барлығы дәстүрлі діннен шығып отыр. Қандай дәстүрлі дін болмасын дүниені жаратушы бір Құдай екені айтылады. Сол Құдай жолы – гуманизм. Яғни, адамгершілік қасиеттерді жоғалтпау идеясы. Біздің қазақ қоғамында тек деген ұғым бар. Ата-баба дәстүрі жойылмаған, керісінше қайтадан өркен жайып келеді. Қазақтың Ислам дінін қабылдағанға дейінгі құндылықтары бар. Қарапайым ғана ырымы мен тыйымдары қандай? Барлығының түбінде гуманизм жатыр. Алтын Орда кезінде Ислам дінін қабылдағаннан кейін біздің рухани дүниетанымыз бұрынғыдан да кеңейді. Мына қызықты қараңыз, қазақ дінсіз мемлекетте өмір сүрген уақытта бұрынғы қараңғылықтан арылды. Сауатсыздықпен күрес сұмдық жүргізілді. Әлемдік өркениетті тани бастады. Бірақ, біз атеистік мемлекетте жасалған бүкіл игілікті істердің ілеуде біреуін ғана пайдаға асырып келеміз. Бүкіл тарихымыз бұмаланды, әдебиетіміз кеңестік саясатпен жазылды. Кенесарыны қарақшы деп танитын «Ұлпан» сияқты романдар жазылды, жаппай оқылды. Бұнымен мемлекет, қоғам діннен қанша алшақтаған сайын, бүкіл рухани құндылықтардан алыстайтынын айтқым келеді. Бүкіл саяси жүйесі, идеологиясы протестантизмнен тұратын АҚШ-пен бәсекелесіп «қырғи-қабақ соғысын» жүргізген атеистік КСРО қайда қазір? Екеуі де бір этностан тұрған жоқ, екі мемлекет те бір тілде тиісінше ағылшынша, орысша іс жүргізді. Екеуі де держава. Яғни қуатты экономикасымен өзге мемлекеттерді шаң қаптырды. Біреуі өміршеңдігін көрсетті, екіншісі бір ғасырға да жетпей әлемнің саяси картасынан жойылды. Иммануэл Кант «кез келген мемлекеттің қозғаушы күші – ол сол елдің жастары» деген. Демек, бізде де жастар – қоғамның, мемлекеттің локомативі. Оны Президент Н. Назарбаев та үнемі айтып келеді. Сұрағыңызға бірден жауап бермей алыстан орағытқаныма кешірім өтінемін. Осыларды қорыта келе, жастар арасында дін қаншалықты маңызды екенін айтар болсам, біріншіден, жаһандану кезінде ұлттық дәстүр мен дәстүрлі діннен алшақтап кетсек, өсіп келе жатқан тұтастай техникаға тәуелді робот сияқты жастар адамзат өркениетіндегі құндылығымызды уыстан шығарып алуы мүмкін. Екіншіден, елдің бірлігі – жастардың ауызбіршілігіне тікелей тәуелді. Ал діннің біріктіруші фактор екенін әңгіме барысында айттым. Өкінішке қарай тілі бір, діні бір, ауылдан шыққан жастардың арасында діни көзқарасқа байланысты қайшылықтар кездесіп жүр. Бұның нақты себептерін осы саланың ғалымдары 90-жылдардағы экономикалық, саяси, рухани ауыр кезеңдермен тікелей байланыстырады. Мен де сол уәждермен келісемін.

Кейбір дін жолын ұстанған жастар дәстүр мен дінді бөліп қарайды. Дәстүрді ескінің қалдығы, тек дін жолымен ғана жүру керек деп санайды. Осы уақытқа дейін қазақтың күнделікті өмірінде ажырағысыз болып келген осы екі ұғымды бөліп қарайтындар туралы пікіріңді білсек?

–  Қазақтың ұлттық дәстүрі мен Ислам дінін бөліп қарайтындар бар. Олардың бір тобы – өз ұлтының дәстүрін білмейтіндер. Екіншісі – діни шала сауаттылар. Үшіншісі – өзіндік көзқарасы жоқ бола тұра араб ықпалындағы тұлғаларға көзсіз сенетіндер. Уақытша тенденция дегенге сенгім келеді. Халықтың діни сауаттылығы мен ұлттығымызда кеткен есеміздің орны толғанда бұл мәселе реттеледі деген ойдамын. Бірақ радикалды діни көзқарастардағылардың әрбір іс-әрекетін бақылаудан шығармау керек.

 Зайырлы қоғамды діндардың (дінге сенушінің) бейнесі қандай болады?

–  Кезінде атеистік мемлекетте өмір сүрген кезде де ауылдарда өлген адамның тығылып болса да діни ғұрыптарға сүйене отырып жаназасын шығарған. Жалпы мемлекет қанша зайырлы болғанымен қоғам еш уақытта діннен алшақ бола алмайды. Мен зайырлы мемлекеттің азаматы ретінде өмір сүріп жатырмын. Ал діни шарттарды орындауым – менің ішкі құпиям.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Нұрсерік ЖОЛБАРЫС, арнайы E-ISLAM.KZ  порталы үшін.

 

 

 

Пікір жазу