Жауап: Тарихымыздың тағылымына назар салсақ тағы бір шындыққа көзіміз жетеді: Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды. Ал, ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан, дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.
Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Кез-келген теріс пиғылды діни ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал, бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан, ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.
Дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы, барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы – дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн.
Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға тоқталайық. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал, зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткеніу тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, Исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады. Осыны дұрыс ескермей, діннің тек формалық жағына мән беріп, мазмұнын назардан тыс қалдыру – дін туралы ұғымды шектеу, дін институтының аясын тарылту, оның өміршеңдігін, икемділігін қолдан құлдырату болып табылады. Сондықтан, діннің рухани құндылықтары мен әлеуетін дұрыс бағалап, жете насихаттасақ, қоғамның рухани деңгейі де көтеріледі, зайырлылығымыз да өміршең бола түседі.