Жауап: Дін атын жамылып, рухани қауіпсіздікке қатер төндіріп жүрген қазіргі жат ағымдарды екі топқа жіктеуге болады. Біріншісі – дін тазалығын өздерімен ғана байланыстырып, радикалды шетін көзқарастарды насихаттап жүрген, қазақтың дәстүрін дініне қарсы қойып, мұсылмандығын жоққа шығарғысы келетін Ислам атын жамылған ағымдар; екіншісі – прозелитизммен белсенді айналысып, ата дінімізден ажыратуды мақсат еткен, кей жағдайда дін атын жамылып, дүнияуи мақсаттарды көздеген теріс пиғылды жат діни ағымдар. Олардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақстандық қоғамды қалыптастырған рухани құндылықтар өзгеріске ұшырауда. Ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттердің салдарын бағамдау тұрғын халыққа оңайға соқпасы анық. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей идеология ретінде әрекет ететіндіктен оларға қарсы күрестің басты жолы да идеологиялық ағарту шаралары болып отыр.
Бұл орайда біз толық іске қоса алмай жүрген тетіктердің бірі ретінде ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Жан мен ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қоюға болады.
Сонымен қатар рухани қауіпсіздікті сақтау бағытында ел болып есте тұтатын қағидаттардың ең бастысы – бала тәрбиесіне баршамыздың жауапты екенімізді ұғыну. «Отан – от басынан басталады», бала рухани ілімді ең алдымен отбасынан үйренеді. Әрбір ата-ана белгілі бір дәрежеде дәстүрлі рухани құндылықтардан хабардар болып, балаларына бесіктен сіңіруі қажет. Ата-ананың бүгін тәрбиелеп үлгермеген баласын ертең ел болып қайта түзей алмаймыз.
Тағы бір айта кетерлігі, рухани құндылықтар ұлтымызбен бірге жасасып, рухани мәдениетімізде, әсіресе, әдебиетімізде үнемі көрініс тауып отырған. Өйткені, әдеби туындылар – ұлт рухының айнасы. Көркем әдебиеттің оқылмауы – ұлттық болмыстан айырылудың басы. Ал, рухани бастауларымызға оралудың төте жолы әдебиет арқылы өтеді. «Дін дегеніміз – насихат» деген Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадисі бар. Идеология дегеніміз де – насихат. Көркем әдебиетті кеңінен насихаттау ғаламтордағы тежеусіз ақпараттар ағынына қарсы қимылдың алыс та болса жақын жолы болып табылады.
Бұл айтылғандарға қоса дін мәселесінің тіл мәселесімен қатар қарастырылуы қажеттігін де ұмытпағанымыз жөн. Тілді тірілтсек, дәстүрлі рухани құндылықтарды тірілтеміз. Дәстүрлі құндылықтар ұлттық болмысты, ұлттық мінезді тірілтеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық, оның болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ.
Дінаралық келісім мен мәдениеттер үндестігі аясында қол жеткізген ең басты жетістігіміз – жиырма екі жылдық ішкі тұрақтылық ең алдымен мемлекет құраушы қазақ ұлтының рухани тінінің беріктігіне байланысты қалыптасқаны белгілі. Елдік мүддені ту еткен халық ретінде ең алдымен діни-ұлттық бірегейлікке негізделген осы рухани тінді әлсіретіп алмауға күш салуымыз қажет.