Сұрақ: Деструктивті ағымдар өз қатарына неліктен студенттерді жиі тартады?
Жауап: Деструктивті топтар өздерінің қатарын көбейту үшін күндіз-түні тынбай жұмыс жасайды десек қателеспейміз. Олар тек өздерінің тобында ғана өмір шындығын білетін данышпан, медиум, көсем немесе гуру бар деген ойды алға тартып, оқуға түсіп қалаға жаңадан келген жастардың бастарын айналдырып, қатарларына тартады.
Ағым өкілдерінің студенттерді өз қатарына тартуларының бірнеше себебі бар. Олардың бірқатарын атап өтер болсақ: біріншіден, қалаға келген жас студенттің қасында «қайда бардың?», «кіммен кездестің?», «не істедің?» деген сияқты қадағалайтын ата-анасы жоқ. Бұл деструктивті ағым өкілдері үшін үлкен мүмкіндік. Олар онымен қалағанынша жұмыс жасай алады.
Екіншіден, студенттер ЖОО-ның жатақханасына сыймағандықтан, паналайтын пәтер іздейді. Сөйтіп бірнеше адам болып пәтер жалдауға бел буады. Ал деструктивті ағым өкілдерінің «шәкірттер үшін» арнайы дайындап қоятын бос пәтерлері болады. «Іздегенге табылған» демекші, осы сәтте пәтер іздеген студенттер дайын әрі бос пәтерге қуана келеді.
Үшіншіден, пәтер жалдап, бірақ оның ай сайын беретін ақысынан қиналып жүретін студенттері көп. Осындай балаларға қаржылай, материалдық көмек көрсету арқылы жүректеріне жол табады. Сол сияқты студенттерге азық-түлік, жаңа киімдер сияқты сыйлықтар беру сынды ортақ тіл табудың басқа да мүмкіндіктері көп.
Сөйтіп, ақырындап пәтерлеріне келіп немесе арнайы жерге шақырту арқылы өздерінің идеологияларын айтып, жастардың дүниетанымын өзгертуге күш салады. Қаладағы әлеуметтік немесе материалдық жағдайы осыларға қарап қалған жастарда оларды тыңдауға, айтқандарын істеуге, ұстанымдарын мақұлдауға келісуден басқа шара қалмайды.
Жалғас САНДЫБАЕВ