Деструктивтілік ұғымы латынның «destructio» сөзінен қалыптаса отырып, «бүлдіргіш», «бір нәрсені қайта құрылымдауға тырысушы әрекет» түсінігін береді.

Деструктивті діни ағымдар тұлғаның рухани-моральдық, психологиялық тұрғыда кері кетуіне, сондай-ақ қоғамдағы жасампаз дәстүрлер мен мәдениетке, жалпы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне орасан зор зиянын тигізеді.

Әлемде көптеген елдер деструктивті діни ағымдардың радикалды іс-әрекеттерінен зардап шегіп отыр. Өкінішке орай, Қазақстан да олардың осындай теріс пиғылдарынан тыс қалмады. Оған Ақтөбе мен Алматы қалаларындағы орын алған жағдай мысал бола алады.

 Деструктивті радикалды ағымдардың көсемдері ресми рухани билік өкілдерін, олардың ілімдері мен әдебиеттерін олардың ізін қуушылардың алдында қаралауға бар күшін салады. Сондай-ақ, бұл көсемдер өздерінің жақтаушыларына ресми дін өкілдерін адасушы, күнәһар, дінге жаңалық енгізушілер ретінде көрсетеді. Тек өздерін ғана дұрыс жолда, ақиқат жолын ұстанушылар ретінде дәріптейді. Осындай деструктивті ағымдардың бірі салафизм болы табылады.

Деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері:
  1. Діни түсініктерді бұрмалаушылық
  2. Ұлттық салт-дәстүрлерді, тарих мен мәдениетті сияқты құндылықтарды жоққа шығару, мойындамау
  3. Мемлекеттегі зайырлылық қағидаларды теріске шығару
  4. Азаматтық міндеттерді орындамау (мектепке бармау, әскери борышты өтемеу), сондай-ақ, вакцинация сияқты медициналық ем-шаралардан бас тарту.

Салафизмнің Қазақстанда таралуы тәуелсіздік алған жылдардан бастап ең алдымен батыс, оңтүстік өңірлерде көрініс алды. Бұған сол уақыттағы еліміздегі діни еркіндік, қазақстандық жастардың діни білімді шетелде алуысияқты факторлар ықпал етті.

Бүгінгі таңда бұл деструктивті ағымның негізгі уағыздаушылары өздерінің идеяларын Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар сияқты елдерден интернет кеңістігі арқылы таратуда.

2019 жылы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жүргізген «Діни радикализм мәселесі және оған қалай қарсы тұру керек» атты әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша жастардың діни әдебиетке қызығушылығы төмен.

Тек 11,4% діни әдебиеттерді үнемі оқиды, 21,7% сирек оқиды, ал 66,9% мүлдем оқымайды. Жастар дін туралы туыстарынан, достары мен таныстарынан, интернетен білуді жөн көреді.

Аталған зерттеудің деректері бойынша, қазақстандық жастардың тек 18,6%-ы діндер тарихы, әр түрлі діндер туралы білімді қажет етеді, 34,8% -ы бұл білімге қызығушылық танытады. Қалғандары, дәлірек айтқанда, 46,6%діндердің тарихын зерттеуді олар үшін қажет емес деп санайды.

Осы әлеуметтанулық зерттеудің мәліметтері жастардың діндер тарихын білуге деген құлшынысының төмендігін көрсетеді. Бұл интернет кеңістігін насихаттау үшін тиімді пайдаланатын радикалды діни идеологияның уағызшыларының алдындағы жастардың осалдығының белгісі.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы А. Решетняк өз монографиясында 2016 жылы студент жастар арасында өткізілген сауалнама деректеріне сәйкес қазақстандық жастардың деструктивті топтарға тартылу себептерінің бірі ауыр материалдық жағдай болып табылады (48,3%).

Тартылу себептерінің келесі деңгейінде террористік ұйымдар тарапынан бопсалау және алдау тұр (37,4%). Жастардың едәуір пайызы (үштен бірінің астамы) діни фанатизмды, елге әр түрлі діни қозғалыстардың уағыздаушылары келуін көрсетті. Бұдан кейін зайырлы білімнің төмен деңгейі және діни мәдениет пен білімнің төмен деңгейі аталады.

Осылайша, студент жастардың пікірінше, деструктивті діни топтарға тартылудың негізгі себептері әлеуметтік-экономикалық сипаттағы себептер және жастарды тарту үшін бопсалау мен алдауды пайдаланатын уағызшылардың белсенді қызметі болып табылады.

Бүгінгі таңда радикалдану идеяларының алдын алу, сондай-ақ БАҚ-пен интернетте насихаттау фактілерін анықтау және жолынкесу экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың маңызды бағыттары болып табылады. Осы саладағы шаралар кешені Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада көзделген.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті дін саласында білікті мамандар тобын құра отырып, Қазақстанның өңірлерінде діни радикализмнің таралуының алдын алу мақсатында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда.

Сондай-ақ, «Каzislam.kz» республикалық интернет-порталымен қатар өңірлік деңгейдегі ақпараттық жұмыс барысында ақпараттық, рухани-ағартушылық және мәдени сипаттағы 18 сайт пайдаланылады («Islam-atyrau.kz», Maturidi.kz», «asyldin.kz», religioved.net», asyldin.kz, e-islam-tarmpu.kz және т.б.). 2018 жылы әлеуметтік желілер мен интернет кеңістікте 33 мыңнан астам ақпараттық материалдар орналастырылған.

Экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдарды анықтау тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарына, интернет-ресурстарға, оның ішінде әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету және олардың таралуына заңда белгіленген тәртіппен сот және соттан тыс тыйым салу шараларын қолдану жұмыстары жүргізіледі.

Мәселен, терроризм және діни экстремизм белгілері бар интернеттегі контентті пайдаланатын қазақстандықтарды анықтау мақсатында тек 2018 жылы 1543 экстремистік арна және «Telegram» мен «WhatsApp» интернет-мессенджеріндегі топтар анықталған.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы деструктивті діни идеологияларға ерушілер саны, сарапшылардың бағалауы бойынша 20 мыңнан астам адамды құрайтынын ескеру қажет. Олардың едәуір бөлігі алты өңірде: Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген. Олардың басым бөлігі жастар екендігін оңай болжауға болады.

Пікір жазу