Адам денеге суретті не үшін салады? Әрине, сурет арқылы өзінің денесін, бейнесін қалай болса да бір көркемдей түсейін деген мақсатпен салмақ. Себебі суретті біз көп жағдайда бір нәрсені безендіру, әсемдеу үшін қолданамыз. Ал енді Құранда Алла Тағала адамның жаратылысы ең кемел, жетік және көркем әрі сұлу екені жайында хабар береді:

«Ақиқатында, адамзатты ең көркем бейнеде жараттық» (Тин: 4). Демек, денемізге бір нәрсе салу, өзімізше көркемдеу, пішінді өзгерту, оны безендіру ислам діні бойынша – жол берілмейді. Өйткені бұл Алланың жаратылысын өзгерту болып саналады. Алғаш қарағанда денеге сурет салуда тұрған еш нәрсе жоқ сияқты. Бірақ, оның астарында ислам негіздеріне қарсы келетін үлкен мән жатыр.

Біріншісі, адам денесін көркемдеу үшін салса, онда бұл Алланың «халиқ» (жаратушы) қасиетін кемсітіп, оны өзі толықтырғысы келген болып саналады. Яғни «денеме осы сүретті салу арқылы өзімді анағұрлым сұлу әрі көркем еттім» деген тұжырым шығады. Екіншісі, суретті денесіне талисман ретінде салса, онда ол Аллаға серік қосқан болмақ. Ол адам Аллаға емес, сол талисманына табынған саналады. Ол адам «мені осы талисманым әр уақытта қолдап жүреді» деген оймен салған болып есептеледі. Жаһилият заманында да (исламнан бұрыңға дәуірде) мүшриктер денелеріне табынатын құдайларының суреттерін салатын болған екен. Сондықтан да дін ислам қалай болғанда да денеге сурет салуға қатты тиым салған. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұған қатысты былай деген: «Алла Тағала денеге сурет салғандарды да, салғызғандарды да лағнеттеді» (Мүслим).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Бақыт деген не өзі?..

Ал енді адам денесіне суретті білместікпен салып қойса, оны қолынан келгенше өшіріп тастауы тиіс. Салған суреті үшін ықыласымен тәубе жасайды, Алладан жарылқау тілейді, истиғфар дұғаларын оқиды:

«Алладан жарылқау тіле. Негізінен Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Ниса: 106).

«Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса да, сосын Алладанан жарылқау тілесе, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді табар еді» (Ниса: 110).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

2 ПІКІР

  1. Майк Тайсон да жүр ғой бетінде дәәәу татуы бар. Бастысы, тәубеге келсе болғаны.

  2. Адам денесіндегі жабайы көркем өнер…

Пікір жазу