«Дәстүрлі ислам», «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» деген ұғымдардың негізсіз еместігіне дәлел бола алатын қайнар көздердің бірегейі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылмандыққа негіз болған бірегей ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері. Қазақ даласында сонау Әбу Насыр әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келе жатқан біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесі бар. Саналы ғұмырын араб жерінде өткізгенімен әл-Фараби түркі топырағының түлегі, сол топырақта дүниеге келген ілімдердің дамытушысы болып табылады. Атақты Отырар кітапханасы орнаған өңірде туып-өскен ғалымның барлық рухани және дүнияуи ілімдердің бастауынан туған өлкесінде сусындағаны, негізгі көзқарастарын өз отанында қалыптастырғаны анық. Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым «хикма иләһийа» – «иләһи хикмет» («тәңірлік даналық») ілімінің негізін салды.
Бұл ілім өз кезегінде Әбу Насыр әл-Фарабидің даңқты отандасы – Жүсіп Баласағұн шығармашылығында «Құт әкелуші білім» («Құтты білік») деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Яссауи бұл ілімді «хикмет ілімі» деген атпен дамытты. Осы ілімнің негізгі қағидалары Яссауидің жоғарыда сөз етілген еңбектерінде көрініс тапты. Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық ойшыл қаламгерлер туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылады. Бұл көзқарастардың негізін екі қағида құрады деуге болады: біріншісі – ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау; екіншісі – ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, ары қарай дамыту.
Осындай орныққан көзқарастар қазақ жыраулар поэзиясы арқылы ХІХ ғасырдағы ірі ақындық мектепке жалғасты. Сол ақындық мектептің көрнекті өкілі Абайдың діни көзқарастарын жинақтаған «Қарасөздері» де қазақ топырағындағы біртұтас рухани ілімдер мен орныққан көзқарастар жүйесінің заңды жалғасы болып табылады. Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы», Ш.Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты», М.Ж.Көпейұлы мен Ғ.Қараштың туындылары дәстүрлі қазақы мұсылмандық қағидалары негізінде дүниеге келген. Кеңестік кезеңде өмір сүрген ірі дін ғұламасы Сәдуақас Ғылмани өзінің діни еңбектеріне қазақ жерінде жазылған «Файзул арифин» туындысын негіз еткен. С.Ғылманидің «Дін педагогикасы», «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы», «Махмуд Шалтут тафсирінің аудармасы» атты еңбектері өз кезеңі үшін ғана емес, бүгінгі күн үшін де аса маңызды болып табылады (өкінішке орай, аталған еңбектер әлі қолжазба күйінде жатыр).
Қазақ топырағынан шыққан жүздеген ғалымдар жайлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Қазақ даласының жұлдыздары» еңбегінде айтылды. Сол ғұламалардың іргелі еңбектерінің басым бөлігі әлі күнге қазақ оқырманына таныс емес. Сондықтан біздің рухани тарихымыздың жазба бөлігі үзілмелі (фрагментарлық) сипат алып отыр.