Мәсіх тарту дегенміз бір нәрсенің бетін ылғалды қолмен сүрту дегенді білдіреді. Ханафи мәзһабы бойынша, дәрет кезінде бастың төрттен біріне мәсіх тарту парыз болып саналады. Сахаба Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) басында Қатарда жасалған сәлдесімен дәрет алып жатқанын көрдім. Қолын сәлденің астына салып тұлымына мәсіх тартты, сәлдені шешпеді» – дейді. (Әбу Дәуд) Бұл хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) маңдайының жоғарғы жағына, яғни тұлымына мәсіх тартқан, бұл бастың төрттен бірі болып саналмақ. Бастың төрттен біріне мәсіх тарту арқылы дәреттің парызы орындалады. Дегенмен, біз Пайғамбарымыздың үмбеті болғандықтан сүннеттерді де ұмытпауымыз керек. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге амалдарды қалай орындау керектігін өзі көрсетіп кеткен.
Сүннет бойынша дәрет алғанда қос қолдың алақаны мен саусақтарын бастың алдынан артына қарай толықтай жүргізіп шығуды толық мәсіх деп айтады. Яғни, бұлай басқа толық мәсіх тарту сүннет болып саналады. Себебі, Миқдам ибн Муад Якраб (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) дәрет алғанын көрдім. Басына мәсіх жасауға келгенде екі алақанын басының алдыңғы жағына қойып желкесіне дейін бір сипап өтті. Кейін екі алақанымен бастаған орнына қайтып оралды». (Әбу Дәуд)
Шаш қалың болса, екі алақан бастың алдыңғы жағына қойылып, желкеге дейін бір мәрте сипалады. Сосын желкеден бастың алдыңға жағына қайтып оралады. Шаш жұқа немесе қырқылған болса, екі алақанмен бастың алдыңғы жағынан желкеге дейін бір мәрте сипалуы жеткілікті.
Дәрет алғанда осылай сүннеттерімен бірге орындауға талпыну қажет. Бірақ, уақыттың тығыздығына немесе судың тапшылығына байланысты тек парыздарды ғана орындап дәрет алса, алынған бұл дәрет те жарамды болады.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы