Ислам шариғатында дүниеден озған кісінің артынан жылауға рұқсат екендігіне қатысты ижма, яғни бірауыздан келісім бар. Мұндай жағдайда жыламау үшін адам тас жүрек болу керек. Жылау – Алла тағаланың адамбаласының жүрегіне салған мейірімнің белгісі. Осыған қатысты Имам Бухари мен Муслимнің хадис жинағында мынадай хадис келген: Алла елшісіне (с.а.с.) жан тәсілім етер алдында қиналып жатқан немересі (қызының баласы) әкелінген кезде қос жанары жасқа толып, жылады. Мұны көрген Сағыд (р.а.): «Уа, Алланың елшісі бұныңыз не? (яғни, жылауға болады ма?)»,– деген кезде Ардақты елші: «Бұл – пенделерінің жүрегіне қойған Алланың рақымы. Алла мейірімді болған құлдарына ғана мейірімін төгеді»,– деген еді. Өз баласы Ибрахим қайтыс болған кезде де Пайғамбарымыз жылап: «Жүрек қайғырып, көзге жас келеді. Алайда, Жаратқан Иеміз разы болатын сөзден басқаны айтпаймыз», – деп жылауға рұқсат екенін көрсетіп кеткен. Бірақ, үсті-басын жыртып, беттерін тырмалап, Алла тағаланың тағдырына наразылық танытып жыламау қажет. Бұған шариғатта тыйым салынған (У. Зуһәйлий, әл-Фиқһул-Ислами уә әдилләтуһ, 3-т., 93-94-б). Сонымен қатар, сабырлық танытып: «Шын мәнінде барлығымыз Алладан келдік және түбінде бәріміз Оған қайта ораламыз. Беруші де алушы да – бір Алла. Уа, Алла тағала, берген қайғы-қасіретіңе маған көмектес және бұның орнына маған жақсырақ күйді бере гөр!» деп дұға тілуедің сауабы мол. Сбарлыққа қатысты хадистерді жазамын.
Сұрағыңыздағы: «Шариғатта жылауға болмайды. Артындағылар жылаған сайын, қабірде оған азап беріледі?» деген мәселеге келсек. Бухари мен Муслимнің хадис жинақтарында: «Қайтыс болған адамның артында қалған отбасы мүшелері жыласа, оған азап беріледі»,– деген хадис бар. Ғалымдардың көпшілігінің айтуынша, бұл хадис отбасы мүшелеріне артынан жылауды өсиет етіп қалдырып кеткен адамға қатысты айтылған. Өйткені, сол кездері арабтарда қайтыс болған соң артынан жылауды өсиет етіп кету кең тараған әдет еді. Сондықтан, хадистегі мұндай үкім өз еріктерімен, табиғи сезімдері нәтижесінде жылауға емес, сол кездің әдетіне сай, адамдардың қайтыс болғанна кейін өзіне құрмет көрсетілуін талап еткен адамның қалауынан туындаған жағымсыз әрекетке қатысты айтылған. Жарық дүниемен қош айтысқан адамның артындағылар өсиет үшін емес, өздіктерінен жыласа, қабірдегілерге ешқандай азап берілмейді. Өйткені Айша анамыз (р.а.) қабірде жатқан адамдардың артынан жылаған адамдардың қылығы үшін азапқа тартылуының Құран аятына қайшы екенін алға тарта отырып, «Әнғам» сүресіндегі мына: «Ешкім басқа адамның күнәсі үшін жауапқа тартылмайды»,– деген аятты сөздеріне дәлелге келтірген («Әнғам» сүресі, 164).