Cауда–саттық жасаудағы адалдық туралы түсіндіре кетсеңіз

    114

    Сауда–саттық жасаушылар үшін ең бастысы — сататын заты мен тапқан пайдасының адал жолдан болуында. Арғы дүниеде жасаған амалдарымен есепке тартылатына сенетін әрбір мұсылман, бір үзім нанның өзін тек адал жолмен тауып, харамнан ұзақ тұрады. Өсім және пайыз жолымен ақша табу, құмар ойындары, алдап–арбау арқылы ақша жинау, тұтынушыны қызықтыру, тауарларды жинап араластыру секілді қоғамға зиян келтіретін сауданың осал тұстарынан мұсылман саудагердің үнемі ұзақ тұруы, дін бойынша да, қоғамдық талаптары бойынша да, өзінің жеке басының сақтығы үшін де  маңызды.

    Алла Елшісі сахабаларын сауда–саттықпен айналысқанда ашкөздіктен және көре алмаушылықтан, бәсекелестіктен ұзақ болуға шақырды. Пайғамбарымыз: «Бұл дүние-мүлік өте тартымды және дәмді. Кім дүние мүлікті қанағатшылықпен алса, оның малы көбейер. Ал, ашкөздікпен алса, оның малы ешқашан берекеттенбейді. Ашкөзденген адамдар, ішіп–жесе де қарны бір тоймағандар секілді. Ашық қол, сараң қолдан үстем» деп бұйыра отырып, иман еткендерге дүние–мүліктің соңынан кетуінен шек қоя білуді, дүние нығметтерінен қолдануға қажет туындағанда да, әр нәрсені ысырап етпей өз мөлшерімен қолдануды насихаттады.

    Алла Елшісінің тәрбиесін көріп өскен, ақыл кеңестерін ұғып өскен сахабалар міндетті түрде адал жолмен сауда жасайтын еді. Солардың бірі Зубейр ибн Аууам өте жастайынан мұсылмандықты қабылдап, Уһуд, Бәдір секілді үлкен жорықтарға қатысқан алдынғы саптағы сахабалардан бірі еді. Алла Расулы оны қатты жақсы көріп, «менің һауариім (менің көмекшім)» деген атқа лайық болған Зубейр, осы сауда жолында көп табысқа кенелген бай қуатты адам еді. Бірде одан жолдастары: «Ей, Зубейр, мынадай байлыққа қалай ие болдың?» деп сұраған екен. Сонда ол тұрып, «малымды көрмеген адам қалмайынша сатудан бас тартпаймын. Ниетім мол-мол пайда көру емес, соған қарай да Алла берекетін өзі молынан береді» деп жауап береді.

    Саудада ең басты қағида турашылдық пен адалдық. Осы турашылдық пен адалдықтың нағыз иесі бола білу қажет. Саудада шыншыл және адал болу, Құран аяттары мен хадистерде де баяндалады. Алла Тағала «және өз араларында мал-мүліктеріңді жалғандықпен (әділетсіз түрде) жемеңдер, әрі адамдардың мал-мүліктерінің бір бөлігін күнәлі жолмен жеу үшін (қиянат екендігін) біле тұра оларды (мал-мүлікті) басшыларға апармаңдар (пара бермеңдер)» (Бақара сүресі, 188 аят) деп бұйырғанындай, саудада барлық нәрсені адал түрде, ешкімнің ақысын жемей, ешкімге зарар тигізбей жасауымыз қажет.

    Балғабек Мырзаев

    1 Пікір

    1. Қазір көп адам сауда да адалдық танытпайтын секілді. Таразыдан жеу белең алған қоғамда берекет болмайды. Оны әр адам түсінуі керек. Тазалыққа ешнәрсе жетпейді.

    Пікір жазу