Ел азаматтарының өз ойлары мен талаптарын білдіру мақсатында шеруге шығуы – исламда түбегейлі тыйым салынған іс емес. Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі бір хадисінде айналаңнан бір келеңсіздік көрсеңдер, мүмкіндігің болса қолыңмен тоқтат, оған шамаң болмаса айтып тоқтат, оған да мүмкіндігің болмаса, іштей жек көр дейді.
Дегенмен, кез келген шерудің соңы бүлікке ұласып кетпеуін әрбір азамат қатаң бақылауына алуы тиіс. Егер кімде-кім шеруге шығу арқылы ғимараттарды, сауда орындарын, т.б. қиратуды мақсат тұтса, бұл күнә әрі қылмыс.
Тарихтағы ұлы даналардың бірі Лұқпан хәкім баласына: «Жамандықты жамандықпен жоюға болады дейтін адамның сөзіне сенбе. Екі отты жағып көрші, олар бір-бірін өшіре ме екен. Жоқ, отты оған қарама-қарсы нәрсе – су өшіреді», – деген ойын айтады.
Сол секілді қоғамдағы кез келген келеңсіздікті қирату, сындыру арқылы шешемін деу – ақымақтық. Бұл елімізді одан әрі құлдыратып, әлсіретіп, халықтың жағдайын одан бетер қиындатып жібереді.
«Жалпы Пайғамбардың (с.ғ.с.) кезінде, кейінгі мұсылман мемлекеттерінде «шеруге шығу» деген түсінік болмаған. Бірақ қоғамда қандай да бір заң бұзушылық орын алса, басшылар тарапынан әділетсіздік көрсетілсе, оны Пайғамбарға, халифаға айтатын болған.
Мысалы, бірде базарда азық-түлік қымбаттағанда адамдар оны Пайғамбарға айтып шағымданған, тіпті азықтың белгілі бағасын бекітуді ұсынған. Сонымен қатар, мұсылманның дініне, өміріне, мүлкіне, арына зияны тиетін жағдайда шариғатымыз оны айтуға, қажет болса, тоқтатуға міндетті болады делінген. Мемлекет тарапынан әділетсіздік байқалса, қандай да бір адам топтарына қысым көрсетілсе, олар көмекке мұқтаж болса, халық болып көшеге шығып, ел басқарушыларына ішкі шерін бейбіт түрде жеткізіп отырған. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да «ащы болса да шындықты айтыңдар» деген болатын», – дейді ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұлов.
Белгілі исламтанушы имам Нұрлан Рамазанов бұл мәселеде Құранның «Ағраф» сүресіндегі «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар» деген бұйрықтың маңызды екенін еске салады.
«Өйткені, бүлік кезінде жалған ақпарат тарайды. Адамдардың мал-мүлкіне, денсаулығына нұқсан келеді. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығына сызат түседі. Пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Бүлік ұйқыда жатыр. Оны оятқанды Алланың қарғысы атсын» деген. Алла елшісінің өзі бізді бүлікке апаратын жолға барудан тыйған», – дейді ол.
Осы орайда шариғат талаптары аясында шеруге шығудың не екенін білу мақсатында биыл 7 қаңтар күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімі жариялаған пәтуадан үзінділер бере кетсек.
Діни басқарма мамандарының пікірінше, халықтың өз талап-арыздарын басшыға жеткізу мақсатында бейбіт шеруге шығуына рұқсат. Алайда төмендегідей шарттар ескерілуі керек:
– шариғатқа және заңға қайшы келмеуі;
– балағат сөздер мен жалған ұрандар айтылмауы;
– қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын бұзатын арандатушылыққа, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке жол берілмеуі;
– негізгі талаптарынан, алғашқы мақсаттарынан ауытқымауы;
– сыртқы және ішкі арандатушы күштердің ықпалына еріп кетпеуі;
– адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеуі;
– мемлекет пен жеке тұлғалардың жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне зиян келтірмеуі (жағу, сындыру, тонау т.б.).
«Егер шеруге шығудың соңы бүлікке, арандатушылыққа алып барса, ондай шеруге шығу – үлкен күнә, харам екендігін ескертеді. Сонымен қатар, бүліктің салдары қоғамға, мемлекет экономикасына кері әсерін тигізетіні және зардабын мемлекет пен халық көретіні баяндалған.
Ал мұсылман адам қоғамға зиянын емес, пайдасын тигізуі керек. Алла Тағала Құранда: «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр іс» екендігін айтқан», – делінген пәтуада.
Ата-бабамыз аманат етіп кеткен Тәуелсіздігіміздің көк туын құлатып алмай, арандатушыларға жол бермей, халық тұтастығын, бірлігімізді бекем ұстайық, ағайын!
Жәнібек ҚҰРБАНОВ,
“Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығы”мәдени- демалыс кешені КММ
Дін мәселесі бойынша Ақпараттық-түсіндіру бөлімінің теолог маманы