Жаһанды ат тұяғымен дүбірлетіп, «бейтаныс үйде береке бар» деп жолыққан үйге жолаушы түсіп, құдайы қонақ атанатын қазақтың мәрттігі қанымызда болғанымен, амалымызда бар ма? Ол жағын өзіңіз ой елегінен өткізіп, топшылай беріңіз, менің айтпағым басқа.

Қазір қазақша әлди айтар аналар мен шежіре айтар аталардың қатары сиреген сайын кей ұлттық құндылықтарымыз ұмыт бола бастағанға ұқсайды. Бұл жөнінде Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшіншіден дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…», – деген болатын.

Иә, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымыз батыр бабамыздың да қабырғасын қайыстырғаны бекер емес. Біздің де айтпағымыз осы. Не бір зұлмат, зобалаңды бастан кешсе де, ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелей білген қазақ бүгін сол асыл қасиеттерінен неге ажырап барады?

Немересіне ән мен әлди, жырмен жұбаныш айтып, ертелі кеш ертегімен еркелеткен «Әже мектебі» былай тұрсын, жөні түзу бесік жырын білетін келін кемде-кем. Қазіргі таңда кей келіндердің ұлы құндылықтарымызды ұлықтамаса да, бесік тербегеніне қуанасың. Амал қанша.

Тек жаныңды жегідей жейтіні бір кездегі мәнді, мағыналы бесік жырларын бүгінде «аспанға қараймын», «қызыл өрік», «шапалақты ұрып қаспенен» немесе басқа да эстрадалық әндер алмастырған. Ал, сосын бесікте бесік жырын тыңдамай, тау көтерген «Толағай» жайлы ертегі айтсаң түсінбейтін ұрпақтан қандай ұлтжандылық күтпекпіз?!

Құлағымызда әсерлі үні қалған бір кездегі бесік жырлары былайша басталатын еді:

«Әлди, әлди,  ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем!

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Байқұтанның құйрығын,

Жіпке тағып берейін.

Әлди, әлди, аппағым,

Қойдың жүні – қалпағың.

Жұртқа жаман болса да,

Өзім сүйген аппағым.

Әлди, әлди, шырағым,

Көлге біткен құрағым.

Жапанға біткен тірегім,

Жаман күнде керегім.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем.

Қонақ келсе қой, бөпем,

Қой тоқтысын сой, бөпем.

Құйрығына той, бөпем.

Айналайын күн, бөпем,

Буырыл тайға мін, бөпем…», немесе:

«Қолымыздан іс алып,

Мойынына күш алып.

Бізді бағар ма екенсің?

Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан жылқы айырып.

Жігіт болар ма екенсің?

Ақ сауыттан киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Ұста болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөйлегенде сөз бермей,

Шешен болар ма екенсің?

Кең балағын түріскен,

Ұлы топта күрескен,

Палуан болар ма екенсің?

Бал қайнатып, шай ішкен,

Қазы кертіп, жал жеген,

Асты болар ма екенсің?

Ұзақ жасап көбірек,

Басты болар ма екенсің?

Қарағай найза қолға алып,

Жауға тиер ма екенсің?

Қашқан жаудың артынан,

Түре қуар ма екенсің?

Қуып ойдың жетігін,

Біліп ғылым тетігін,

Ғалым болар ма екенсің?

Еңбек етіп бар елге,

Өнеріңмен әлемге,

Мәлім болар ма екенсің?

Көп қиыннан өтерсің,

Мақсатыңа жетерсің,

Ұйықтай қойшы бөпешім!».

Ұлтымыздың қасиетін ұрпаққа өнеге қылып, санасына тіл мен ділді сіңіретін ұлы тәрбиенің бірі – «Әже мектебі».

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Шетелде діни білім алудың қауіптілігі неде?

«Әже мектебі» деп отырғанымыз өмірден көргені мен түйгені көп әже тәрбиесі. «Әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі» дейді халық даналығы.

Бүгінгі теледидар, ғаламтор тәрбиелеген бала мен ата-әже тәрибесін көрген баланың арасы жер мен көктей. Әже мейіріміне бөленген бала қамқоршыл, көпшіл, ақкөңіл келсе, жастайынан ғаламтор мен экраннан көрсетілген түрлі құбыжықтарға санасы шырмалған баланың ашушаң, дөрекі келетіні күнделікті өмірден-ақ көрініп жатыр.

Бәлкім, қазіргі таңдағы немересінің маңдайынан мейірлене иіскегісі келетін ата-әженің барар жер, басар таулары қалмай, қара шаңырақтарын қалдырып қарттар үйін паналап кетуі осы жат тәрбиенің белең алғанынан болар?! Әлде баласына дұрыс-тәлім тәбие бере алмаған ата-ананың өзі кінәлі ме? Ғасырлар бойы өз құндылығын жоймай келген салт-дәстүрді санамызға сіңіріп, болашақ ту көтерер «Қазыбектерді» бесік жырынан бастап тәрбиелегеніміз жөн болар.

З. ЖАЙНАРБЕК

Пікір жазу