2020 жылы ұлы ойшыл, «шығыстың Аристотелі» атанған, атақты жерлесіміз Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толады. Осыған орай Үкімет алдағы жылды «Әбу Насыр әл-Фараби жылы» деп атағалы отыр. Kazislam тілшісі біраз уақыттан бері әл-Фарабидің мұрасын зерттеп, зерделеп, арабшадан қазақ тіліне аударып жүрген маман, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Садуахасұлымен әл-Фараби мұрасының төңірегінде сұхбаттасқан болатын.

Kazislam: – Жалғас мырза, жоғарыда аталған ҚР Үкіметінің бастамасы жөнінде не айтасыз?

Ж.Садуахасұлы: – Бұл – құптарлық іс, себебі 870 жылы ертедегі Отырарда дүниеге келген әлемдік тұлға – әл-Фарабиді жастарымыз жадында үстап, оны мақтан тұтуға тиіс. Бүгінгі Түркістан облысына қарасты қазақ жерінен шыққан әл-Фараби Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Бағдат, Дамаск, Қаһира (Каир) сыңды сол кездегі ірі мәдениет ошақтарында білімін тереңдетті. Бұл ғасырларда ғылым тілі – араб тілі болатын.

Бүгінде осы мақсатта бабамыз әл-Фарабидің әлемдік білім мен ғылым, мәдениет салаларында қалдырған құнды мұрасымен жастарды таныстыру үшін арнайы орта және жоғарғы оқу орындарында «Әл-Фараби апталығы», «Әл-Фараби айы», «Әл-Фараби оқулары» сияқты т.б. танымдық іс-шаралар, ғалымға арналған түрлі ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып жүр.

Әл-Фарабидің есімін тек ғалым, мұғалім немесе тарихшы ғана білсе болды деген ой – жансақ пікір. Жалпы кез-келген Қазақстан азаматы бұл данышпанның есімін білуі лазым деп айтар едім. «Әл-Фараби кім?» деп сұраған уақытта, әрбіріміз: «Әл-Фараби – Аристотельден кейінгі дүние жүзі мойындаған және «Муғаллим әс-Сани» (екінші ұстаз) деп атаған энциклопедист ғалым, философия, астрономия, этика, эстетика, математика, мантық (логика), музыка, поэзия, медицина, метофизика, социология, риторика, геометрия, лингвистика ғылымдарын меңгерген ғалым», – деп жауап бере білуіміз қажет. Себебі, әл-Фараби дара ғұлама ретінде тек түркі-ислам әлемінің ғана емес, оның ішінде Қазақстан Республикасының, қазақ халқының атын бүтін әлемге танытып отыр. Еліміздегі білім ордасының қара шаңырағы Қазақ Ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімінің берілу астарында осындай үлкен мән жатыр деп ойлаймын.

Kazislam:Әл-Фараби өзінің еңбектерінде «әкім», «басшы», «билеуші» деген сөздерді қолданғанын оқып жүрміз. Сонда ғалымның айтып отырғаны бүгінгі әкімдер ме?

Ж.Садуахасұлы: – Жалпы «әкім» сөзі араб тіліндегі «хаким» сөзінен шығады. Әдеттегідей араб тіліндегі бұл сөздің (үкім шығарушы, басқарушы, билеуші, дана) деген сияқты бірнеше мағынасы бар. Сөздің мағынасы сөйлемнің мазмұны мен араб тіліндегі сөз түбірінің морфологиялық түрленуіне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, дана Абайды біз кейде «хакім Абай» деп жүрміз. Мұның мағынасы – данагөй Абай. Бұл жерде көріп отырғандай «хаким» сөзінің – дана мағынасы қолданылған. Дегенмен, бүгінде қазақ тілінде көп жағдайда араб тіліндегі «хаким» сөзінің – әкім, билеуші, басшы және басқарушы мағыналарында қолдану кеңінен тараған. Сондықтан да біз «әкім» сөзінің түбі араб тіліндегі «хаким» сөзінен бастау алады десек қателескен болмаймыз.

Әл-Фараби өз трактаттарында әкімге қатысты пікірін айтқан уақытта оның қандай мінезге ие тұлға болуы керектігін, қандай мінезден сақ болғаны жөн екенін де баяндайды. Мысалы, ғалым  «Әс-Сияса әл-Мадания» («Азаматтық саясат») атты шығармасында басшының бойында жаман мінездің болмау қажеттігін алға тартады. Өйткені, жаман мінез – өнерпаздың өші, игі істі жалғастыруға мүмкіндік бермейді. Жаман мінез ұғындырмайды, жаман мен жақсының мағынасын ұқтырмайды. Жаман мінезде жасампаздық, қайырымдылық жетіспейді, бақыт пен бақ-дәулетке жеткізетін жол таңдаусыз қалады. Жаман мінезді басшыда бұзық әрекет мүмкіндігі жақсылық жасаудан басым түседі.

Жаман мінездің тегі – кемдік пен кемшілікте, жабайылық пен
надандықта. Теріс қасиет пен қылықтар бір-бірімен ұласқанда, елдің
ыдырауы мен құлдырауы жақын тұрады. Көзжұмбайлықтың қауіптісі сол, ол қимыл-әрекетті өнер ретінде жетілдіруге, жүйелеуге мән бермейді, теріс қылықтарды әдейі әдетке енгізіп, тірліктегі тағлымды
тұншықтырады.

Kazislam:Әл-Фараби «нағыз әкім» деп кімді айтады?

Ж.Садуахасұлы: – Ғұламаның пікірі бойынша «нағыз әкім» – кемел адам. Ол – қоғамдағы саяси өмірдің тірегі және сол қоғам өмірін жақсылыққа бағыттап өзгерте алатындай күшке ие адам. Басқалар үшін өзінің жауапты екенін сезіне білетін, азаматтарға еркіндік бере отырып, олардың талап-тілегін қанағат етуді мақсат тұтқан адам. Әкім де – адам, оның да өз қажеттері бар, бірақ кемел әкім, өзінің қажеттерін тежеп отырады. Әл-Фарабиге сәйкес, адам өз іс-әрекеттерінде кімге еліктеуі керек, кімнің айтқан сөзі мен ақылына құлақ асуы керек екенін естен шығармауы – әкімдікті ұштайтын кабілет. Сонымен қатар, нағыз әкім – басқару өнерінде шебер, адамгершілік қасиеттері мол, барлық уақытта орташа шаманы ұстайтын адам.

Әрине, ғалым бұл жерде «орта шама» деп әкімнің басқалармен қарым-қатынаста, түрлі шешімдер қабылдауда, құрмет көрсетуде, сый-сияпат жасауда, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыру сияқты т.б. істер барысында ешкімді бөліп жармай, біреуді дәулеті үшін, басқаны кедейлігі үшін алаламай барлығына «орта шамада», яғни әділ болуды меңзеп отыр.

Kazislam:Ғұлама қандай қасиеттерді әкімнің бойында болуы тиіс деп көрсетті?

Ж.Садуахасұлы: – әл-Фараби үлгісінде әкімнің бойында бірнеше қасиеттің ұштасуы лазым. Олардың негізгісін атап өтер болсақ: даналық, көрегендік, шешендік өнерін меңгерген (күмәнсіз сендіре білу қабілеті), жоспарлай білу қасиеті, ержүректілік, яғни қасиетті (ғазауат) соғысты өзі бас болып жүргізе білу қабілеті. Әкімнің бойында қажеттілік туған жағдайда ұрысты шебер жүргізе білу қабілетінің болуы шарт;

Әрине, ғалымның бұл жерде айтып отырған әкімнің бойында болуы тиіс ержүректілік, (қажет болған жағдайда ұрысты шебер жүргізе білу қабілеті) аса маңызды қасиет еді. Себебі ол замандарда сұлтандықтардың бір-бірімен соғысу ықтималы, бірінің қамалын бірі басып алу мүмкіндігі көп еді. Мұны тарих беттерінен жақсы білеміз. Ел билеп отырған сұлтанның, қала басқарып отырған әкімнің ержүректі болуы, соғысу өнерін меңгеруі сол кездің уақыт талабы десек қателеспейміз.

Қызығы сол, әл-Фарабидің әкімдерге қойып отырған жоғарыдағы талаптарының бірі де өзгерген емес, керісінше олардың маңызы күн санап артып келеді. Тіпті, ержүректілік күні бүгінге дейін өзекті және бірінші кезекте тұрған қасиет деп айтарсыз. Мысалы, қалада болған төтенше жағдайда (су тасқыны, ғимараттың өртенуі, табиғи апаттар), террористік немесе экстремистік актілер туған жағдайларда қала әкімі бірінші сұралады. Әкім – сол аймақтағы алғы шептегі адам. Егер әкім ерлік танытып, сол апатты ауыздықтап, терактіні басып, оқиға артасында жүрсе алғыс алады. Егер қорқақтық танытып ел асып кетсе, халықты осындай төтенше жағдайда тастап кеткендігі үшін жауапқа тартылады. Сол үшін елде төтенше жағдай жарияланған уақытта шет мемлекетте іс-сапармен жүрген бірінші басшылар, әкімдер дереу елге оралуға мәжбүр.

Kazislam:Сонда әл-Фарабише әкімнің басты мақсаты не?

Ж.Садуахасұлы: – Әкімнің басты мақсаты – қара басын құрметке бөлеу, байлық жинап, атақ пен даңққа жету немесе мансапқа иелену емес, «халықты бақытына жетелейтін игілікті молайту». Сол себепті әл-Фарабише басқару ісіндегі басты мақсат – ақиқатқа жету, қайырымдылық жасау, игілік істеу. Осындай жақсылық жасау ниетін ықыласты қоғамдағы әрбір жеке адамның болмысына үйлестіру. Себебі, жүрегі кең де ыстық, оқығаны мен тоқығаны тең жан «даналылық пен қайырымдылық үшін өмір сүреді». Басқару өнерінде даналықпен сөйлеп,  естілік пен зеректікті және пікірдің дұрыстығын дәлелдей алғанда, мінез бен әдет кәсіптік деңгейге көтеріледі деп әкімдерге кеңес береді.

Әкім мен халықтың мақсаты бір болуы тиіс. Өйткені әдетте екі бөлек адамның тілегі мен ниеті ізгілік мақсатқа бірге бағытталса, олардың бұған жеткізетін жолы да, бұған деген сүйіспеншілігі де бір. Мұндай іштей бірлестікте алауыздыққа орын қалмайды. Ал екі тараптың мақсаты екі бөлек болса, олардың арасы алшақтап, қоғамда бірлік болмайды. Алауыздықтан туған өзімшілдік кең тараса, халық арасында береке кетеді. «Ақиқат пен қайырымдылықтан ауытқыған жолда адам адасып, абыржиды».

Адамға деген осындай қайырымдылық ер мен елдің басын қосып, ер намысын, ел намысын қорғайтын, жаны намысқой басшы ғана халықты жарыққа бастайды. Себебі, әкімнің ойындағы қайырымдылық – ұжымды басқарудың басты шарты. Ғалым мұндай қасиетке ие адамды қарапайым жұрт түсініп, өзіне үлгі ететініне сенеді.

Kazislam:Әл-Фараби билік басындағы әкім жайында айтып, саясат туралы не ойлады екен?

 Ж.Садуахасұлы: – Саяси өмірде, мемлекетті басқаратын адамның жан дүниесі мен рухани шыңдалуына түсетін салмақ анағұрлым басым, нақты әрі нәзік деген. Әл-Фараби саяси өмірдің басты талаптарын атап кетті. Солардың кейбірін былай көрсете аламыз:

  • алдағы міндетті орындау;
  • мақсатқа жеткізетін ізгілкке қатысты қажетті әрекетке көшу;
  • мақсатқа бастайтын практикалық ақыл-парасаттың күшін қолдану;
  • адам бойындағы артықшылық қасиеті мен қабілетін дұрыс пайдалану;
  • ізгілік мақсатқа ұмтылу;
  • өмір сүру жағдайын құқықтық негізге жеткізуді мұрат ету;

Саяси өмірде жетістікке жетудің кейбір шарттары:

  • өзінің және өзгенің пайымынан мән шығару, оны дұрыс пайдаға асыра білу;
  • ерікке негізделген сүйіспеншілік арқылы ізгілікке жету;
  • әділдікті басшылыққа ала отырып, болашаққа басқалармен бірігіп талпыну;
  • әркім өз қызметі мен өнерінде тапқырлықты, зеректікті қолдануы және дұрыс пікірді қабылдай алу;
  • мінез-құлық басымдылығын ескеру.

Ғалым бұл ерекшеліктерді ел басқаруға жарарлық өлшемдер, әкімдік қабілетті жандандыратын икемді бастамалар деп сенді. Жарастылық, әділет және қайырымдылық сияқты мінезге иелік қылған әкім, халықты бақытқа жеткізе алады. Мұндай адам ел бақытын өзіне өмірлік ісі етіп алға кояды. Бірақ, бұл бағыттағы әрекетке қайсарлы қайрат, қайырымды құныттылық, кешеуінді көрегенділік керек.

Жоғарыда айтқанымыздай ғалымның әкімге, жалпы мемлекеттік қызметшілерге қоятын кәсіби талаптары әлі де өзекті. Бұлардың барлығын ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің кодексінен көреміз. Мемлекеттік қызметші, әкім, басшы, билеуші сияқты лауазымдар бүгін немесе кеше ғана пайда болған қызмет емес, олар ерте заманнан бар. Бұрын өткен ғалымдар, дана ойшылдар бұлардың егжей-тегжейін жазып, түсіндіріп кеткен. Біз бар болғаны сол жазбаларды оқып, дұрыс түсіне білуіміз керек.

 Kazislam: – Сүбелі сұхбатыңызға көп рақмет!

P.S. Белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты, араб тілінің маманы Жалғас Садуахасұлы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша әл-Фараби, әл-Ғазали, Ибн Рушд сияқты орта ғасыр мұсылман ғалымдарының танымал араб тіліндегі трактаттарын қазақ тіліне аударған, арабша-қазақша түсіндірме сөздіктерін жасаған.

Солардың ішінде әл-Фараби шығармаларынан «Бақытқа жету жайында» Астана, 2006; «Азаматтық саясат» Алматы, 2005; «Иләһи ғылым» Алматы, 2007; «Кіші Силлогизм» Алматы, 2008; «Аналитика» Алматы, 2006. «Дәлел туралы» Алматы, 2013. және т.б.

 

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ұлт үшін діннің орны қандай?