Сұрақ: Кейбіреулер «Имам Әбу Ханифаға көптеген хадистер жетпей қалғандықтан, ол ақылға көп жүгінген» дейді. Ол қаншалықты дұрыс? Мужтахид имам саналу үшін хадистерді жақсы білу шарт емес пе?
Жауап: Негізінен бұлай деушілер Имам Ағзам мен ханафи мәзһабының үкім шығарудағы өзіндік әдіснамаларын дұрыс түсінбегендіктен осылай асығыс шешім қабылдап жатады. Тіпті кейбіреулер жергілікті жамағаттың сеніміне селкеу түсіру үшін «Имам Ағзамның хадис ілімі таяз болған, сахих хадистер тұрғанда оларды алмай қиясты негізге алған, әлсіз хадистермен амал еткен…», «Бауырым, намазды сунна бойынша оқисың ба әлде ханафи мәзһабы бойынша оқисың ба?» деп әдейі сұрап, өздерінің ұстанған бағыттарын дұрыс етіп көрсетіп, өз қатарларына қосқысы келеді.
Әсілінде бұл жаңа ғана пайда болған мәселе емес. Фиқһ ілімінің негізін қалап, әлемде ең көп ұстанушылары бар мәзһабтың имамы, мұсылман ғалымдары сөзсіз мужтәхид деп қабылдаған Имам Ағзамға бастапқы кездері түрлі себептермен қарсы шыққандар кездескені секілді, қазіргі таңда да сол пікірталастың негізін оқып-білмей жатып, асығыстықпен деген секілді негізсіз пікірлерді тарату арқылы ірі тұлға Әбу Ханифаның беделін жұртшылық алдында кішірейтіп, оның орнына басқаларды зорайтып көрсетуге тырысушылардың қоғамымызда кездесіп жатқаны өкінішті-ақ. Осы және өзге де көптеген мәселелерге «Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы» атты кітабымызда жан-жақты тоқталып өткендіктен бұған қасқаша жауап беруге тырысайық.
Ендігі кезекте «Әбу Ханифа хадистің отанынан алшақ өмір сүргендіктен хадис риуаяты аз болған, көп хадис білмеген» деген мәселеге тоқталайық. Негізінде Әбу Ханифаның өмір сүрген уақытында туып-өскен жері Куфа Ислам әлемінің ілім орталықтарының бірі еді. Ол жерге көптеген сахабалар қоныс аударып, олардың ілімдерін бойларына сіңірген мыңдаған табиғин ғалымдары өсіп жетілді.
Куфа әскери, саяси һәм сауда орталығы болумен қатар ол жерде ғылым мен мәдениет те қоса дамыды. Куфада араб тілі мен әдебиеті, философия, медицина, сондай-ақ, көркем жазу (куфи) өркендеді. Куфа – мұсылман халықтары арасында ақида, фиқһ ұстаздары мен хадис мамандары, Құран және араб тілі ғалымдарының көптігі жағынан басқа өңірлерден оқ бойы озық тұрды.
Куфаның ғылым ошағына айналуына әйгілі сахаба Абдулла ибн Мәсғудтың (р.а.) сіңірген еңбегі зор. Ол Рижалул-Қур‘ан, яғни, Құран кәрімді мейлінше терең меңгерген және жатқа білген алдыңғы қатарлы сахабалардың бірі болатын. Олар уақыттарының көбісін Құран үйретуге бөлетін. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Кім Құранды дәл Алладан түскендей етіп үйренгісі келсе, оны Абдулла ибн Мәсғудтан үйренсін» (Мустәдрәк, 2:318; әл-Исәбә, 2:369.) деген хадисі және Омардың (р.а.) ол жайлы: «Білімі мол» деген лебізі оның сахабалар арасында қаншалықты абыройлы болғандығын көрсетеді. Халифа Омар өзі жақсы көріп, ерекше сыйлаған Абдулла ибн Мәсғудты Құран кәрім мен дін негіздерін үйрету үшін Куфаға арнайы жіберген-ді. Ол осы мешітте отырып халыққа дәріс оқитын. Сол қажырлы еңбегінің нәтижесінде көптеген фиқһ ғалымдары, мұхаддис пен мүфәссирлер өсіп жетілді (Әбу Исхақ әш-Ширази. Әбу Исхақ әш-Шәфиғи (476/1054) Табақатул-фуқаха (Тахқиқ И. Аббас), Бейрут, 1970, 81-б.). Али (р.а.) аталмыш шаһарда фиқһ мамандарының көптігіне таңырқап Абдулла ибн Мәсғудқа : «Бұл елді білім мен фиқһтан кенде қылмадың» деген. Абдулла ибн Мәсғудтың шәкірттері, шәкірттерінің шәкірттері 4000-ға жетті (З. Кәусәри. Насбур-раия, 1973, 1-т., 30-б.).
Жалпы алғанда, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының қарасы көп еді. Бірақ, олардың барлығы бірдей ғылыммен айналыспаған. Олардың кейбіреулері Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерін естігенімен, басқаларға жеткізбеген. Әр түрлі салада қызмет ете жүріп, жарық дүниеден озып кеткендері де аз емес. Пәтуа әрі үкім берген сахабалардың ұзын саны жүз отызға жуық. Ибн Қайм пәтуа айтуына байланысты сахабаларды бірнеше топқа бөлген. Бірінші топқа пәтуалары бір кітаптың көлеміндей білім қалдырған жеті сахаба, екінші топқа әр қайсысының пәтуаларынан шағын кітапша шығаруға болатын он үш сахаба, ал үшінші топқа бірнеше ғана пәтуа қалдырған сахабалар жатқызылған. Ибн әл-Қайим бұлардың саны 126-ға жететінін айтқан және олардың аты-жөндерін де ұмыт қалдырмаған (Ибн әл-Қайим. Иламул-муаққиғин ан Раббил-ааламиин, Дәрул-жил, Бейрут, 1973, 1-т. 10-11-б).
Куфа қаласында хадистерді көп жаттаған бірінші топтан екі сахаба – Али ибн Әбу Тәліп және Абдуллаһ ибн Мәсғуд, екінші топтан Әнәс ибн Мәлік, Әбу Мұса әл-Әшғари, Сағыд ибн Әбу Уаққас және Салман әл-Фариси (барлығынан Алла разы болғай!) секілді фиқһта танымал сахабалар болған және осы сахабалармен бірге Куфаға 1500-дей сахаба келген (М. әс-Сибаи. әс-Сунна, 416-б.) Халифа Омар (р.а.) Куфа халқына жазған бір хатында «Ислам орталығына» деу арқылы сол жерде ғұмыр кешкен сахабалар мен табиғиндардың мәртебелерін көрсеткен еді. Ибн Сағыдтың айтуы бойынша ол жерге Бәдір шайқасына қатысқан 70, ридуан сертіне қатысқан 300-ге жуық сахаба қоныстанған (Ибн Сағыд. Табақат, 6-т.5-б.). Демек Куфада хадистің негізгі жеткізушілері саналатын сахабалар аз болмаған
Жоғарыда атап өткендей, Ирактың екі ғылыми орталығы бар еді: Куфа мен Басра. Куфа мен Басра арасында ғылыми бәсекелестіктің де болуы Иракта ғылымның дамуына оң жағдай жасады (Бартольд. 2002, 162-163-б., Р. Батыр. Абу Ханифа жизнь и наследие, «Медина» баспасы, Н.Новгород-Ярославль, 2007, 22-б.). Куфа осы бәсекелестікте Басраға қарағанда бір саты жоғары тұрды. Онда Куфаның әскери әрі биліктің басқару орталығына айналуы, көне мәдениеттердің бесігі, түрлі тілдер кең тараған өлке болуымен қатар сахабалардың барлық ілімін бойына жинаған Ибн Мәсғұдтың осы қалада қоныстануының да рөлі ерекше еді.
Ислам әлемінің барлық аймағындағы ғылымның бастауы Абдулла ибн Мәсғұд (32/652), Зәйд ибн Сәбит (45/665), Абдулла ибн Омар (74/693) мен Абдулла ибн Аббас (68/687) секілді ғалым сахабаларға барып тіреледі. Ирактағы Абдулла ибн Мәсғұдтың ғылым саласындағы жетістігін бәрі мойындаған. Зәйд ибн Сәбиттің (р.а.) ілімі мәуәлиі болған Хасан Басри мен оған ұзақ жылдар бойы шәкірт болған Мұхаммед ибн Сирин арқылы Иракқа тарады. Абдулла ибн Омардың ілімі Иракқа қоныс аударған, біршама уақыт сонда ғұмыр кешкен Уруә ибн Зүбәйр арқылы жетті. Ал Абдулла ибн Аббастың өзі де біраз уақыт Иракта өмір сүргендіктен, ол жердегілер Абдулла ибн Аббастың ілімінен сусындау бақытына бөленді (М. Ердоган. 1-т., 317-341-б.).
Тарихи деректерде сол кезеңдегі Куфаның хадис ілімі тұрғысынан маңыздылығын көрсететін көптеген мәліметтер кездеседі. Солардың бірінде Әнәс ибн Сирин «Куфаға келдім. Ол жерде хадис үйренуші төрт мың, ал фақих төрт жүз адамды көрдім», – дейді. Ал, Аффан ибн Муслим «Куфаға келдік. Онда төрт ай тұрдық. Қаласақ осы мезгілде жүз мың хадис жазуға болар еді. Тек қана жазбашалардың тысында ешкімнен хадис қабылдамағандықтан елу мың хадис қана жаздық», – дейді.
Хадистерді жинау ісі табысталған кісілердің бірі өз ғасырының танымал ғұламасы және ғылыми ортада үлкен беделге ие Ибн Шихаб әз-Зухри (қ. 124 һ.) еді. Ол ғылымға ерекше берілген жас кезінен-ақ хадистер мен сахабалардан жеткен хабарларды хатқа түсіре бастаған. Ибн Шихаб әз-Зухри Омар ибн Әбдүлазиз (қ. 99 немесе 101 һ.) кезеңінде хадистерді жинағандардың алғашқыларының бірі. Осы Имам әз-Зухри Ирактықтардың ілімін төмен деп санайтын. Оған Куфада төрт мың хадис риуаят еткен бір адамның (Ағмәш) бар екендігі айтылып, ол хадистердің біразы жеткізілді. Ол әлгі хадистердің бәрін зерттегеннен кейін «Уаллахи бұл нағыз ілім. Иракта мұны білетін адам бар деп ойламаппын» деп таңданысын жасыра алмаған.
Әбу Ханифаның ілім алған тізбегі атақты табиғиндар арқылы Омар ибн Хаттаб, Али ибн Әбутәліп, Ибн Мәсғуд (р. анһум) секілді ғалым, фақих сахабаларға барып тіреледі. Сондықтан оған хадисті аз білген деп жала жабу орынсыз (ән-Нумани. М. Абдуррәшид Мәкәнәтул-Имам Әби Ханифа фил-хадис, Бейрут, 1416).
Үлкен мужтәхид, әлемде кең тараған мәзһабтың имамы Әбу Ханифаның хадистен жырақ қалмайтындығы айдан анық. Өйткені құқықтық үкімдердің негізі көбіне хадиске сүйенеді. Соған қарамастан кейбіреулер білместікпен Ұлық имамға жала жауып «хадисті аз білген, өз көзқарасымен амал жасаған» деген секілді пікірлер айтуда. Осы мәселеге қатысты белгілі тарихшы Ибн Халдун: «Кейбір шектен шыққандар мен ішітар қызғаншақтар, мужтәхид имамдардың кейбірінің хадис ілімі жеткіліксіз, сондықтан хадис риуаяты аз екенін айтуда. Үлкен имамадар жайлы бұлай ойлау орынсыз. Өйткені шариғат заңдарының Құран мен хадистен алынатыны әмбеге аян. Дінді сахих (сенімді, дұрыс) негіздерден және оның үкімін жеткізушіден ала білу хадисте жүйрік болуды талап етеді. Хадис ілімі таяз болғандардың мұны жасауы мүмкін емес. Ал хадис риуаяты аздарға келсек, олар өздеріне жеткен хадистердегі (хадис жеткізушілердегі) кейбір кемшіліктерге байланысты хадис риуаятын азайтқан…Міне Әбу Ханифа да риуаят пен хадис жеткізуге ауыр шарттар қойып, асқан жауапкершілікпен қарағандықтан хадистерді аз риуаят еткен…Ол біле тұра хадис риуаят етуді тәрк етпеген. Мәзһабының хадис иамамдары арасында сенімді деп табылуы, риуяттарды қабылдау не алмау мәселесінде оның қойған өлшемдерінің орындылығы оның хадис ілімінде алып мужтәһидтерден екендігін көрсетеді» дейді.
Муаффақ әл-Мәкки Әбу Ханифаның үкім шығаруда риуаят еткен хадисінің төрт мыңды құрағанын, оның екі мыңын ұстазы Хаммадтан, қалған екі мыңын басқа ұстаздарынан алғандығын, ал Әбу Ханифаның фиқһ дәрістерінде қолданған хадистерін шәкірттері жинастырған «Әсәр» атты кітабында сүйенген дәлелдерін қырық мың хадистен таңдап алғанын жеткізген.
Сиқа, яғни бір адамға сену, хадис әдіснамасындағы мағынасы: бойында әділдік пен дабт (естіген хадистерін көп жылдар өтсе де басқаларға өзгеріссіз, айны қатесіз жеткізе алатындай есте сақтау қабілетінің күшті хадис жеткізушілердің бірі Исраил ибн Юнус «Нұғман қандай ғажаб кісі. Ішінде фиқһ бар хадисті одан жақсы жаттаған, одан терең зерттеген, ондағы фиқһтық үкімді одан жақсы білетін ешкім жоқ» деп оның өзге хадисшілер секілді тек хадис риуаят етіп қана қоймай, үкім шығаруға болатын сенімді хадистерді дәлел ретінде қабылдағандығын айқын көрсетеді.
Бұхаридің шейхтарынан Яхия ибн Әдәм «Нұғман аймағындағы барлық хадистерді жинады. Пайғамбардан не айтылса бәрін тәптіштеп тұрып зерттеді» десе, Хасан ибн Салих «Әбу Ханифа хадистер арсындағы насих пен мансұхты бір-бірінен дұрсы ажырату керектігіне қатты көңіл бөлетін. Егер бір хабар Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабалардан сенімді рауилер арқылы келіп жетсе ғана дәлел ретінде қабылдайтын. Ол Куфа хадисшілері риуаят етіп жүрген хадистердің бәрін де білетін. Ол Куфалықтардың фиқһын да жақсы білетін. Сонымен қатар өз өңіріндегі адамдардың әдет-ғұрыптарына да мән беретін» дейді.
Шәкірті әрі хадисші Әбу Юсуф: «Қай мәселеде Әбу Ханифаға қарсы пікікр айтсам, біраз ойланғаннан кейін оның көзқарасының табысқа жетелер көзқарас екеніне көз жеткізетінмін. Мен хадистермен де көп шұғылдандым. Бірақ ол хадистің сахихын менен тез түсінетін. Бұл мәселеде оның зейіні терең еді» дейді.
Әбу Ханифа хадис зерттеу мәселесінде тіпті өзінің ұстаздарын басып озған көрінеді. Зәхәби Мәнәқибу Әби Ханифа атты еңбегінде Имам Мисар ибн Қидамның «Әбу Ханифамен бірге хадис үйрендім. Бірақ ол бізді басып озды. Тақуалыққа берілдік. Онда да бізді шаң қаптырып кетті. Содан кейін фиқһ ілімін үйренуге кірістік. Бұл саладағы жетістігін болса да белгілі» дегенін жеткізеді. Өз кезегінде имам Мисар ибн Қидам хадис саласында есте сақтау қабілеті мен тақуалық жағынан Ирактың мақтан тұтар тұлғаларының бірі әрі Әбу Ханифаның ұстазы еді.
Қадиул-қудат Әбу Муайяд Мұхаммед ибн Махмуд әл-Харезми «Жамиғул-Масанид» атты еңбегінде Әбу Ханифадан риуаят етілген хадистерді фиқһи тарауларға бөліп жинақтап жазып шыққан. Бұл кітаптың кіріспесінде: «Шам қаласында кейбір жаһил адамдардың Әбу Ханифаның дәрежесін түсіріп, төмендеткендерін естідім. Хадисті өте аз мөлшерде біледі деп жала жабуда. Бұған дәлел ретінде Имам Шафиғидің «Муснады» ал Имам Мәліктің «Муаттасы» барын, ал Әбу Ханифаның бірде-бір муснад жазғбағандығын айтқан. Бұларды естігеннен кейін Әбу Ханифаның білімін елге танытуды діни борышым деп біліп, ең танымал ғалымдардың Әбу Ханифадан естіп, жазған 15 мүснадтың арасынан жинақтап бір кітап шығаруды ұйғардым» деген. Бұл кітап 800 бет көлемінде Хайдарабадта басылып шықты.
Әбу Ханифаның мәзһабын оқығандар оның айтқан жүздеген мәселелері, сахих хадиске сай келетініне көз жеткізе алады. «әл-Қамус» атты еңбектің авторы Мұртаза әз-Забиди Әбу Ханифаның сүйенген және оларды Кутубу ситтаның ғалымдары да дұрыс деп құптаған хадистерін «Уқудул-жауһарил мунифа фи адиллати Әби Ханифа» атты кітабында жинақтап жазған. Егер кейбіреулердің айтып жүргеніндей «Әбу Ханифа тек қана 17 немес 50 немес 150 хадис қана біліп, (олардың айтқанындай) «олардың жартысы қате болса» онда қалайша жүздеген ижтихадтары сахих хадистерге сай келген? Әрине бұлай болуы мүмкін емес. Ол өз заманындағы хадистердің көбін білгендіктен соған қарай мәселелерді шешіп отырған.
Жалпы алғанда білімнің қадірін білген, танымал ғалымдардың Әбу Ханифаны дәріптен, хадисшілер секілді тек хадиспен шұғылданып, хадис жинақтамаса да оның барлық айтқан үкім қағидаларының хадис пе Құранға барып тірелетіндігін мойындаған. Тіпті оны хадис ғалымдарының қатарына қосқан.
Үлкен мужтәхид, әлемде кең тараған мәзһабтың имамы Әбу Ханифаның хадис риуаятының кең тараған Ирак секілді берекелі аймақта ғұмыр кешіп, одан жырақ қалуы мүмкін емес. Өйткені фиқһтық үкімдердің негізі көбіне хадиске сүйенеді. Қайта керісінше риуаяттың көп тарауына байланысты әр естіген хадисін ала бермеген. Оның хадис риуаятын аз жасауының негізгі себебі өмір сүрген кезеңіндегі Ирактың нағыз хадис шығарудың орталығына айналып кеткендігінен туындап жатты. Ол кезде Ирак елі ислам елдерінің арасындағы төнкеріліс пен түрлі қозғалыстардың орталығы еді. Міне сондықтан жалған хадис айтушыларға Иракта өте ыңғайлы орта туды. Осы себептен Әбу Ханифа хадисті сахих деп қабылдау үшін хадис риуят етушіге қатал шарттар қойды. Тек сенімді, әділдігімен танымал риуятшылардың машһур (көпшілікке мәлім) хадистерін ғана қабылдады. Осылайша Әбу Ханифа хадис зерттеп, оның дұрыстығын қадағалауда хадис ғалымдарынан да асып түсті. Хадисшілердің шарттарына қарай хадис дұрыс болып саналса, Әбу Ханифа үшін ол хадис әлсіз болып қалды.
Мужтахид-фақиһ Имам Ағзамның хадис риуаят етудегі әдісі мухаддистердікінен өзгеше еді. Хадисшілердің негізгі міндеттері көбіне хадистерді жаттау, өзгелерге жеткізуден тұрғандықтан фиқһқа қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі біле бермеген. Олардың арасында мәселелерді қолға алуда айырмашылық байқалады. Бұған Әбу Ханифаның мына сөзі дәлел: «фиқһ саласын білмейтін хадисшінің мысалы дәрілерді жинап алып, қай науқасқа қай дәрінің қолданылатынын білмей, дәрігердің келуін күтетін дәріханашы тәрізді. Осы секілді хадисшілер де фиқһ маманы келіп түсіндірмейінше хадистің мағыналарын толық түсіне алмайды» деген екен.
Ол хадистердің арасындағы насих пен мансұхты жақсы білгендіктен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір баяны мен хадистерді алдыңғы немесе соңғы айтылғандарына қарай отырып, әсіресе Аллаһ елшісінің соңғы кезеңде айтылған хадистерін негізге алған. Әбу Ханифаның бір-біріне қарама-қайшы хадистерді өзара біріктіруден гөрі, соңғы үкімдердің алдыңғыларды жойған деген пікірді ұстануы оның «фиқһтық үкімдердің өмірдің өзгеруіне қарай өзгереді» деген пікірінің нәтижесінен туындаған. Сонымен қатар өзі пәтуа берген мәселеде егер дәлелдігі күшті сахих хадис табылған жағдайда өз көзқарасынан қайтып отырған.
Мәселелерді терең талдаудағы ерекше қабілетіне қарамастан Әбу Ханифаның хадис білімі таяз деудің негізгі себептерінің бірі мәзһаб фанатиктігі, яғни бірбеткейлігінен, өзгелердің оның ижтихад жасау тәсілін дұрыс түсінбегендіктен және бір мәселеге қатысты басқа күшті дәлел табылуына қатысты өзге мәзһабтағылардың хадистерін дәлелдік жағынан әлсіз деп табуы сырт көзге қарағанда хадиске қарама қайшы секілді көрінгендіктен туындап жатты. Әйтпесе жасаған ижтиһадтарына үңілгенде олардың үкімдік сипаттағы жүздеген хадистерге сай екендігін көреміз.
Сондықтан да хадис ілімі мен фиқһ әдіснамасын меңгермей жатып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір баянын, сахабалар өмір сүрген тарихи кезең мен олардың аят пен хадистерді қалай талдап, қалай түсінгенін білмей тұрып, «мынау сахих хадиске қайшы келеді, сондықтан Әбу Ханифаның көзқарасы дұрыс емес» деп асығыс үкім шығару – орынсыз һәм негізсіз. Бұл – тек қана осы хадис пен фиқһ мәселелерін терең зерттеп, ол жайлы осы уақытқа дейін басқа да ғұламалардың ойларын ой сүзгісінен өткізіп барып жасалатын дүние. Ал ерекше қабілетке ие һәм мужтәһид ғалым екенін ғұламамалар бірауыздан мойындаған тұлға Әбу Ханифаның Исламның әлемге шуақ шашқан сахабалар мен солардың тәлімін алған, нағыз ғылым мен тақуалықты бойларында жинақтаған табиғин мен атбағут-табиғин кезінде өмір сүргенін ескерсек, пікірлері мен ұстанған өлшемдерінің ислам рухына сай екенін айтуға негіз бар.
Қорытындылай келе былай деуге болады, Әбу Ханифаның мужтахид ғалым екендігін оған қарсы көзқараста жүргендер мен оны жақтағандардың барлығы тегіс мойындаған. Мужтахид болу үшін оның үкім шығаратындай көлемдегі хадистерді жетік менгеруі шарт. Ал үкім шығарылуы керек хадистердің саны өте көп. Олай болса кейбіреулердің айтқанындай «Әбу Ханифа 15 немесе 150 хадис қана білсе» қалайша мужтахид ретінде танылады?! Қалайша басқа ғалымдар Әбу Ханифаның үкімдерін дұрыс санайды, фиқһымен шұғылданады, оның айтқандарын осы күнге дейін сақтап, оқып талқылап келеді? Әрине бұлай болуы ақылға сыймайтын жайт екендігі анық.