Елбасымыздың ел әлеуетін көтеруге бағыттаған бес өзекті мәселесі халықтың игілігіне жасалып отырған тағы да бір ізгі қадам. Бұл жүрек қуантарлық ақпарат ел болашағын ойлаған президентіміздің қазақ елін мәңгілік ел етуді және бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосуды меңзеп отырған межесі. Елбасымыз бекіткен бес бағыт елім, жерім дейтін әрбір азаматтарға жігер береді. Келешекте жүзеге асатын әлеуметтік бағыттардың оң өзгерістері – ішкі тұрақтылық пен қолжетімді қажеттіліктерге бастар жолы екендігі айқындалды.
Қазақстан қоғамының дамуы (экономикалық, әлеуметтік, рухани) және ішкі саяси тұрақтылық өркендеуінің негізгі шарттары – болашаққа нық сеніммен қадам басу. Ел арсындағы бейбітшілік пен татулықты берік сақтай отырып , қоғам мен дәуірдің материалдық, интеллектуалдық, әлеуметтік дамуын қалыптастырумен жүзеге асады. Күрмеуі шешілетін оң бастамалардың беретін нәтижелері, әсіресе, ел болашағы – жастардың отбасылық мәселелерінің тиімділігінде.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде адамды өмірде бақытты ететін үш нәрсе айтылады: салиқалы әйел, жақсы көлік, кең үй. Иә, бүгінгідей нарық заманында баспаналы болу – үлкен нығмет. Елбасымыздың үндеуі баспанаға қол жеткізе алмай жүрген жандардың жігерін оятып, жас жанұяларға үміт сыйлады деп сеніммен айта аламыз. «Отан отбасынан басталады» деген қағидаға сай қолжетімді нарықпен баспаналы болатын отбасылар болашағы үшін алаңдамайтын болды. Сонымен қатар, негізге алынған бес бағыттың біз үшін қай жағынан болса да берері мол, нәтижесі айқын.
Президентіміздің екінші бастамасы жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға арналған.Жалақысы көбейген адамның тұрмысы түзеледі. Тұрмыс түзелсе, қоғам жан-жақты дамиды. Қоғам дамыса, мемлекетіміз өркендейді. Бәрі бір-біріне байланысты мәселе.
Үшінші бастама «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп аталады. Білім мен ғылымның, ақпараттық технологияның дамыған дәуірі – ХХІ ғасырда Қазақстан жастарының білімді болуы – өте өзекті мәселе. Білімді дамытпай, өркениетті елдер қатарына қосылам деу – қайықты ескексіз жүргізумен тең. Бұл тұрғыда білім алушы студенттерге жатақханалар салып, қосымша гранттар бөлудің маңызы зор. Өйткені, білімді жастар – ел болашағы.
Әлеуметтік және саяси тұрақтылықтың негізгі жағдайлары болып, әлеуметтік дамуды өрістету арқылы діни алауыздықтың қалыптасу аясын да тарылтады. Сананы тұрмыс емес, тұрмысты сана билеуі керек. Діни жүйедегі тұрақсыздану үрдістерін жоюдың бағыттарына да осы бес бағыттың тікелей қатысы бар. Бес бағыттың түпкі мақсаты- Қазақстан азаматтарының тұрмыс-салтының деңгейін арттыру, халықтың әлеуметтік ахуалын жандандыру, халықты экономикалық белсенділік қызметіне тарту, тұрмыс- тіршілігімізде экологиялық зардаптардың алдын-алу болып табылады.
Осындай Президентіміздің Отанымыздың қарқынды дамуына және дамыған мемлекеттермен тереземізді теңестіру жолындағы серпінді бағыт-бағдарламаларын бұхара халық болып жұмыла қолдасақ ,мақсатымыздың шүбасыз орындалары хақ.Кейінгі ұрпаққа гүлденген мемлекетімізді аманат етсек бізден бақытты қауым болмасы анық.Олай болса Елбасымыздан бастап еліміздің болашағы үшін аянбай тер төгіп жүрген азаматтарға күш-қайрат пен жігерлі ғұмыр тілеп ақ баталарымызды аямайық.
ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы
Бекқожа Өмірзақ Қазкенұлы