Сұрақ: Алла Елшісіне (с.ғ.с.) «Бисмиллахир-рахманир-рахим» аяты қанша рет уахи етілген?
Жауап: Алла Елшісіне (с.ғ.с.) әрбір сүренің басында келетін «Бисмиллахир-рахманир-рахим» (Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын) аяты 114 рет уахи ретінде түскен бе, әлде аталған аятты әрбір сүренің басында айту кейін пайда болды ма деген мәселе бойынша Ислам ғұламалары арасында мынадай екі түрлі тұжырым қалыптасқан.
Біріншіден, Алла Тағала Құран Кәрімнің «Нәміл» сүресінің 30-аятында: «Ол, Сүлейменнен: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен» (бастаймын дейді)», – деп бұйырады. Әсілі, аталған сүредегі оқиғада Сүлеймен пайғамбардан хат алған Былқыс өзінің төңірегіндегі қолбасшыларға: «Әй, бастықтар! Маған бір елеулі хат тасталды» деді. Ол, Сүлейменнен: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен» (бастаймын дейді). «Маған ұлықтық қылмаңдар, өзіме бағынған түрде келіңдер!» («Нәміл» сүресі, 29-31 аяттар) – деп айтып, оларға дін дағуатын жасаған. Яғни, Былқыс өз дағуаты барысында Сүлеймен пайғамбардың хатында “Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын» деп жазылғанын ескерткен.
Әнас ибн Мәлик (р.а.): «Пайғамбардың (с.ғ.с.), Әбу Бәкірдің, Омардың, Османмен бірге намаз оқыдым. Олар намазды «Әлхамду лиллаһи раббил-аләминмен» бастайтын. Намаздың (Фатиханы оқу кезінде) алдында немесе соңында «Бисмиллахир-рахманир-рахимды» айтқанын естіген емеспін. Олардың ешқайсының «Бисмиллахир-рахманир-рахимды айтқанын көрмедім. Олар оқуды (намаз) «Әлхамду лиллаһи раббил-аләмин» бастайтын еді», – дейді.
Жоғарыдағы Құран аяты мен осы секілді бірнеше хадис риуаяттарды негізге алған Имам Мәлік және Ханафи мәзһабының ғұламалары Алла Елшісіне (с.ғ.с.) «Бисмиллахир-рахманир-рахим» аяты 114 рет уахи ретінде түспегенін, тек «Нәміл» сүресінде ғана жеке аят ретінде түскенін, кейін Құран сүрелерін бір-бірінен айыру үшін әрбір сүресінің басында «Бисмиллахир-рахманир-рахим» аятын айту дәстүрі пайда болғанын алға тартады.
Екіншіден, базбір Ислам ғұламалары «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен» (Бисмиллахир-рахманир-рахим) аятының Құран Кәрімде 114 рет нәзіл (уахидің түсуі) болғандығын айтады. Мысалы, Имам Шафиғидің көзқарасынша «Бисмиллахир-рахманир-рахим» аяты «Нәміл» сүресінің 30-аятынан бөлек 114 рет («Тәубе» сүресінде ғана жоқ) жеке аят болып түскен. Ол өзінің бұл тұжырымына тәпсір ғылымының негізін салушылардың бірі Ибн Аббастың (р.а): «Бисмиллахир-рахманир-рахимді» тәрк еткен адам Алла Тағаланың кітабынан 114 аятты тәрк еткен болады» деген, сондай-ақ, Әбу Хурайраның (р.а): «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Фатиха сүресі жеті аяттан тұрады. Оның алғашқы аяты «Бисмиллахир-рахманир-рахим» (Елмалы тәпсірі, 1, 16) – деген риуаяттарын дәлел ретінде көрсетеді.
Имам Шафиғидің көзқарасын жақтаушылар (Имам Ахмад Ханбал да осы көзқарасты ұстанады) жоғарыдағы Әнас ибн Мәликтің (р.а.) Алла Елшісі (с.ғ.с.) намаздың («Фатиха» сүресінің) алдында «Бисмиллахир-рахманир-рахимды» айтпады деген риуаятқа және өзге де осы мазмұндағы хадистерге басқаша талдау жасайды. Олар Алла Елшісі (с.ғ.с.) намазда «Бисмиллахир-рахманир-рахимды» кейде дауыстап, кейде іштей айтатын деген хадис риуаяттарын (Әбу Дәут, «Салат», 132) негізге алып, Әнас ибн Мәлик (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) «Бисмиллахир-рахманир-рахимды» іштей айтқан кезін ғана көрген деп түсіндіреді.
Жоғарыдағы келтірілген дәлелдерге орай Имам Мәлік парыз намаздарда «Бисмиллахир-рахманир-рахимды» дауыстап немесе іштей айтуды құптамаған. Имам Шафиғи мен Имам Ахмад Ханбал «Бисмиллахир-рахманир-рахимды» әрбір сүренің алдында келетін аят деп қабылдағандықтан, олар жария намазда дауыстап, құпия намазда іштей айтуды парыз деп біледі.
Ал, Имам Ағзам Әбу Ханифа «Бисмиллахир-рахманир-рахимды» «Нәміл» сүресінде келетін жеке аят ретінде қарастырғандықтан, «Фатиха» сүресінің алдында іштей айтуды сүннет деп біледі.
Мұхан ИСАХАН