ЕРЖАН ҚАЖЫ МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ

ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ

ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ 

 Астана конференциясы: Бас мүфти сөзі

БІРЛІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

020fa96ad2fc785c044774905aa4f75d.jpg

Қадірлі қонақтар!

Сіздермен қауыштырған құдіреті күшті Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын!

Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзақ-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келешегін жоспарлайды. Талай зұлмат заманға төтеп берген, тар жол, тайғақ кешкен мұсылман қазақ бір Аллаға сыйынып, тура жолдан танбады. Діндарларға қысым жасалса да ақын-жырауларымыз: «Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен…» деп, қасқайып тұрып жырлады. Иә, дінмен, иманмен, сеніммен бітеқайнасып жатқан тарих қашан да сәулелі, нұрлы һәм берекелі болмақ.

Ислам адамның абыройы мен ар-ожданын бәрінен де жоғары қояды, отбасы мен қоғам бірлігін, ынтымағын сақтайды, әлеуметтік әділетті көздейді. Адамды былай қойғанда, бүкіл тіршілік иесінің бірде-біріне қылдай қиянат жасамауға үндейді.

Бейбіт сүйгіш қазақ халқының сан ғасырлардан бергі тарихында аты аңызға айналған ел басшылары ежелден елдің амандығын, тыныштығын сақтауға мол үлесін қосқаны мәлім. Осы игі үрдіс қазіргі жаңа ғасырда да өз жалғасын тауып, әлем алдында Қазақстан досқа қамқор, дұшпанға кешірімді, көршілерге мейірімді ел екендігін дәлелдеп келеді. Осы аяулы арман, асыл мұраттың аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарапынан ауқымды саяси қадамдар жасалып, бейбітшілік пен достықты нығайтудың жарасымды үлгісі қаланып жатыр.

Құрметті бауырлар!

Ислам діні іргетасын қалаған күннен бері дінаралық түсіністіктің қажеттілігін уағыздап келеді. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға һижрат еткеннен кейін де ешбір пендені Ислам дінін қабылдауға мәжбүрлеген емес. Қайта өзге дін өкілдерімен жақсы мәміледе болуды насихаттаған. Әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көршілермен қандай мәміледе болу керектігі туралы өз хадисінде: «Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар. Ол сенің көршің болғаны үшін. Егер көршің мұсылман болса, екі міндетің бар. Ол – бірінші көршің, екінші мұсылман болғаны үшін. Ал егер көршің мұсылман-туысқаның болса, үш міндетің бар. Ол – көршің, мұсылман әрі туысқаның болғаны үшін», – деген екен. Осы хадиске назар аударсақ, қоғамда сенімен бірге өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың әр нәрсеге өз құқы бар. Ол қандай дінде болсын, онымен біз жақсы мәміледе болуымыз керек. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзге діндегілердің құқығын қорғау және олармен жақсы мәміледе болу мұсылманшылықтың міндеті екендігі жайлы да бірқатар хадистерінде айтып кеткен.

Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Соның ішінде өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз.

Қасиетті Құранда: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, оның қаһары, тегінде, тым қатал» («Маида» сүресі, 2-аят), – деп Алланың тура жолымен жүруге, иман мен ізгілікке шақырып, жамандық атаулыдан сақтандырады.

Құрметті дін жанашырлары!

Біз әлімсақтан кісілік кейпін сақтауға, ана сүтін ақтауға талпынған, дін мен дәстүрді үйлестіріп, үйлесімді, өнегелі өмір сүрген мұсылман халықпыз. Исламның қазақ топырағына келуімен көптеген жақсылықтарға қол жеткіздік. Салт-дәстүріміз, бітім-болмысымыз Исламмен бітеқайнасып, өркениетке қадам басқан қазақпыз.

«Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа», – деп Абай жырлаған бабалардың ізін басқан ұрпақпыз. Сіздермен дидарласып, дінаралық татулықты нығайту туралы салиқалы сұхбат құруымыз – соның жарқын мысалы.

Халқымызда: «Бірлік – береке бастауы», – деген нақыл бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзінің сан-салалы қызметін Мемлекет басшысының ішкі-сыртқы салиқалы саясатына қолдау білдіре отырып, көп ұлт пен ұлысты еліміздің ынтымағы мен бірлігін күшейте түсуге бағыттап отыр. Өйткені, дін адамдары қашанда бейбітшілік, әділдік, имандылық туын көтерушілер қатарынан табылуы ләзім. Алла тағала адам баласына бейбітшілік пен әділдікті сый етті. Олай болса, Жаратушы Иеміз сыйының бағасын біліп, қастерлеуге тиіспіз.

Қазақстан халқының жетпіс пайызын құрайтын жиырма жеті ұлт пен ұлыстан тұратын мұсылмандар ел бірлігі мен ынтымағына тиісінше үлес қосып, мақсаты мен мүддесі ортақ өзге отандастарына жан-жақты үлгі. Осыған орай мешіт діндарлары мен жамағатына артылар жауапкершілік жүгі ауыр да абыройлы. Ұлттар мен ұлыстараралық ынтымақ пен бірлікті арттыруда қалыптасқан конфессияаралық өзара түсіністік пен сыйластықтың игі ықпалы күшті.

Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден басқа осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек. Өйткені, адам баласы қайырлы да ізгі ісімен ғана Жаратушыға жақындайды. Ендеше, баршаңызды сауапты да жауапты жұмыстарды бірігіп жасауға шақырамын.

Алла тағала екі дүниеде де дәрежемізді арттырып, жүзімізді жарық еткей. 

Ықылас танытып тыңдағандарыңызға рахмет! 

Астана қаласы, 25 сәуір, 2013 жыл 

Пікір жазу