Сыр ақтарсам қазақтай іргелі елден,
Қойынына үлде мен бүлде көмген.
Жақсысы көп марқайтып, жан сүйсінтер,
Жаманы да, алайда, бірге келген.

Бір жақсысы – таниды бір Алланы,
Қаншама ақын Раббым деп жыр арнады.
Бір жаманы – сонда да құлшылық қып,
Елемейді бұйрығын Құрандағы.

Бір жақсысы – болса да талабы көп,
Бір жаманы – әлі де намазы жоқ.
Бір жақсысы – сүйем деп пайғамбарды,
Бір жаманы – сүннеттен хабары жоқ.

Бір жақсысы – Құранды төріне ілген,
Бір жаманы – оқымас оны мүлдем.
Бір жақсысы – біртұтас үмбетпіз деп,
Бір жаманы – келеді бөлінумен.

Бір жақсысы – пейілі аңқылдаған,
Бір жаманы – ісі жоқ қарқындаған.
Бір жақсысы – Құдайды жалғыз дейді,
Бір жаманы – ширктен тартынбаған.

Бір жақсысы – болса да діні күшті,
Бір жаманы – дос тұтар Ібілісті.
Айып іздеп басқадан – бір жаманы,
Тек өзінің көрмейді мінін ішкі.

Бір жақсысы – жәннатқа кірем дейді,
Бір жаманы – нәпсісі жібермейді.
Бір жақсысы – тозақтан құтылам деп,
Бір жаманы – амалы түзелмейді.

Бір жақсысы – түзу жол табам дейді,
Бір жаманы – сонда да харам жейді.
Бір жақсысы – ниет бар оразаға,
Бір жаманы – жетпейді шамам дейді.

Бір жақсысы – бақытқа жетем дейді,
Бір жаманы – парызы өтелмейді.
Бір жақсысы – ниетті қажылыққа,
Бірақ, әттең, қалтасы көтермейді.

Бір жақсысы – десе де өлімді хақ,
Бір жаманы – күтпейді соны бірақ.
Бір жақсысы – терсе де сауапты көп,
Бір жаманы – тез оның төгілуі-ақ.

Бір жақсысы – ойлар ел бүтіндігін,
Бір жаманы – нақты істі бітірді кім?
Бір жақсысы – берді Алла тәуелсіздік,
Бір жаманы – аз айтар шүкірлігін.

Таңы атқалы Исламның көп болмады,
Бір жақсысы – жақсы ғой жоқтан бары.
Болайықшы, бауырлар, екі өмірде,
Бір Алланың иманды хақ құлдары!

Ескендір ТАСБОЛАТ

Пікір жазу