Құранда бір адамның өмірін құтқару бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен тең екені айтылады. Бұл бізден үлкен сауапты істерге талпыну қажеттігін талап етеді. Жуырда Пқмола облысында болған оқиғадан кейін біз осындай ойға қалдық.
Полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметі түрлі қауіп-қатерге толы. Олар халықтың денсаулығы мен өмірін қорғауға ант берген. Сол анттарына адал бола біледі.
Өмірлерін қауіпке тіккен патрульдік полицейлер күре жол үстінде болуы ықтимал қайғылы оқиғаның алдын алды. Оқыс жағдай 24 мамырға қараған түні орын алған. Патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Ахметовтің айтуынша, екі шағын автобуста жазғы лагерьден қайтқан 22 бала болыпты. 23 мамыр күні түстен кейін Бурабай ауданынан шыққан колоннадағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық батальонның 4 взводының қызметкерлері Бүркіт Алшынбаев пен Рыспек Қабдырашев оларға еріп жүрді.
Түнгі сағат 02:15 шамасында Екатеринбург – Астана автожолымен Жақсы ауданының аумағында жүріп келе жатқан патрульдік экипаж қарсы жолақ бойымен қозғалған ауыр жүк көлігін байқайды. Полицейлер жүргізушіге фараларымен және арнайы құрылғы арқылы дабыл бергенімен, жүк көлігі балалар мінген автобусқа қарама-қарсы жүріп келе жатады. Кейінірек белгілі болғандай, көлік бұзылып, жүргізуші оны басқара алмаған.
Автобуста балалардың келе жатқанын ескеріп, патрульдік экипаж өз өмірлерін қиюға дайын болды. Алайда, бақытына орай, ең соңғы сәтте ауыр жүк көлігі қарсы жолақтан кілт бұрылып үлгереді. Дегенмен оның тіркемесі патрульдік көлікке механикалық зақым келтірді.
Б.Алшынбаевтың айтуынша, жол бойында белгіленген қашықтықты сақтаған шағын автобустардың жүргізушілері де шеберлік танытып, апатты жағдайды көріп, біртіндеп жол жиегіне шығып кеткен. Ал полицейлерге дұрыс шешім қабылдау үшін 1-2 секунд қана уақыт керек болыпты. «Соққыны өзімізге қабылдауға дайын болдық», дейді Б.Алшынбаев.
Бұл қарапайым сөздердің артында кез келген полиция қызметкері қауіп төнген жағдайда көрсетуге дайын үлкен батылдық пен жанқиярлық жатыр. Төтенше жағдай жасағаны үшін жүк көлігінің жүргізушісі жауапқа тартылды. Тәртіп сақшылары да, балалар да дін аман.
Жасұлан БАҚЫТБЕК