Халыққа дәстүрлі исламдағы сенім жүйесін, діни мәдениетті, ахлақ (этикалық) нормаларын, ғибадат амалдарын ұлтымыздың ерекшеліктерін ескере отырып, үйлесімдікпен жеткізе білу – үлкен өнер. Өйткені, бүгінде Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің өзарақатысы, діни және діни емес дүниетаным сұхбаттастығы кең етек алған өркениеттер қақтығысы заманы.
Жақсы мен жаман қатарласып келген бұл уақытта адамның рухани жан-дүниесіне азық беріп, адамгершілік құндылықтарды көркем мінез және жылы сөзбен насихаттау дін қызметкерлеріне, имамдарға – парыз.
Дін Ислам білім иелерін, ғалымдарды көтереді. Ғалым мен жай адам тең емес екенін білдіретін мына аят куә:
«Алла, періштелер және әділет үстінде тұрушлар иелері, расында тым үстем, хикмет иесі Алладан басқа ешбір тәңір жоқтығына куәлік берді». (Әли Имран: 18)
Ислам ғалымдары ахлақты (әдепті) екі ғылымға бөліп қарастырды, яғни адамның «ішкі» рухани дүниесіне және «сыртқы» іс-әрекет пен қылыққа қатысты. Сөйтіп ішкі мен сыртқының бірлігі, түйсік пен амалдың қосындысы адамның этикалық өмірінің мәнін құрайды. Демек, адамның көзіне көрінетін және көрінбейтін екі бөлек дүние бар, яғни көзге көрінетін дүние – тән, көзге көрінбейтін дүние – адамның ішкі әлемі. Себебі адам, көзбен көрінетін тәннен (денеден) және ақылмен пайымдалатын рух (нәпсіден) құралған. Бұлардың әрбірінің өзіне тән пішіні мен бейнесі бар. Оның бейнесі көркем болуы мүмкін немесе жаман болуы ықтимал. Ақылмен танылатын жанның қадірі, көзбен көрінетін тәннен жоғары.
Адамның жасаған қандайда бір амалы оның осы – жан дүниесіне, жүрегіне байланысты. Рухани дүниені нұрландыру, жүректі мейірімді ету тәрбие мен білім арқылы болмақ. Муғауйя (р.а.): «Пенденің жұмсақ мінезі оның надандығынан, ал сабырлығы оның шаһуатынан аспайынша, ол өз пікірінің дұрыс немесе бұрыстығын біле алмайды. Ал бұл нәрсе тек білімнің күшімен іске асады», – деп айтқан.
Имам – халық алдына шығып, дінді уағыздайтын жауапты адам. Имамның әрекетіне, сөзі мен қимылына қарап, өзгелер дінге баға береді. Егер имам білімді де білікті, әдепті болса, онда біз «Ислам адамды осылай тәрбиелейді екен. Бұл неткен көркем дін!», – деп ой топшылаймыз. Ал егер имам керісінше, уәдесінде тұрмайтын, сөзі дөрек, қимылы қопал, екіжүзді болса, онда бұл – діннің соры. Діннен хабары жоқ немесе білімі аз адам мұдай имамға қарап, барлық мұсылманға осындай баға береді. Демек, имамның сыртқы бейнесі де, ішкі дүниесі де жақсы болуы шарт. Бұл екеуі бірін-бірі толықтырады. Егер ол дүниелердің бірі кем болса, онда адамның басқалар үшін үлгі болуы қиын. Өйткені, оның бойындағы кемшілігі үнемі көзге түсіп отырады.
Имамның әдепті және тақуа болуы аз, ол білімді де білікті болуы керек. Алла тағала Құранда былай деп әмір еткен:
«Раббым, білімімді арттыр! – де» (Таһа: 114)
Әл-Қадисия шайқасында мұсылмандар Сад ибн Әбу Уаққастың (р.а.) басшылығымен парсыларды жеңеді. Сөйтіп, ол (Сад ибн Әбу Уаққас) Кисра патшаның сарайына кіріп, олжаны жинайды да әскеріне таратады. Кейін мұсылмандардың ортақ қазынасының үлесін алып, халифа Омарға жібереді. Бұл олжаның арасында патшаның тәжісі, белдігі және қылышы мен білезіктері бар еді. Олжа Мадина шаһарына келіп, Омардың қолына тиген соң, ол Әли ибн Әбу Талибке:
– Расында қауым, мұны сенімді болғандықтан жасады. Себебі олжа кемімей толық жетіпті – дейді.
Әли ибн Әбу Толиб араб халқы арасында нақыл сөзге айналған мына сөзді айтады: «Ей, мүміндердің әмірі! Сенің халқың қайрымды болды. Егер сен рукуғ қылсаң, сөз жоқ, олар да рукуғ қылады».
Бұл ғибратты оқиға бізге шынайы имамның үлгісін көрсетеді. Имамдарымыз осындай ислам тарихындағы белгілі ірі тұлғаларға қарап бой түзеулері қажет. Себебі, имам үнемі халық алдында тұрып, мұсылманның бейнесін сомдайды, оларды жақсылыққа шақырады.
Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Қайда болсаңдар да Алладан қорқыңдар! Жамандықтың артынан оны өшіретін жақсылық жасаңдар және адамдарды көркем мінезбен тәрбиелеңдер», – деп насихат айтқан.(Термизи)
Өзіміздің мәдени және тарихи қалыптасқан дініміз Исламды танып, ұлттық бет-бейнемізді жоғалтпай, болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды сабақтастықпен жеткізу үшін дін өкілдеріміздің рухани бай, білімі терең, мәдениеті жоғары болғанын қалаймыз. Бұл бүгінгі күн талабы ғана емес, бәлкім жалпы діннің талабы. Осындай имам ғана әлеуметтік және материалдық жағдайы мен қызығушылықтары алуан түрлі қоғам азаматтарымен тіл табысып, өзара этносаралық бірлік пен діни татулыққа шақыра алады.
Жалғас Садуахасұлы, дінтанушы,
философия ғылымдарының кандидаты