Исламда жаңа ережелер «бидға» деп аталады. Ғұламалар бидғаны – жақсы және жаман деп екіге бөліп қарастырады.Егер, жасаған амалымыз дін негіздеріне қайшы емес болса, ол жақсы бидға, керісінше, жасаған іс-әрекетіміз дін негіздеріне қайшы болса, онда жаман бидға саналады. Жаман бидғаны жасаушы әлбетте күнә іс істеген болып есептеледі.
Дегенмен, бидғаны сахабалардың өзі де жасаған. Мысалы, Хақ Елшісі (с.а.у) Миғражға көтеріліп, сидрат әл-мунтахада қадымнан қияметке дейінгі барлық ахуалды айна қатесіз көріп біледі. Сонда, Билал әл-Хабашидің (р.а) аяғының сыбдырын ұжмақтан естіген екен. Бұл әлбетте Билал әл-Хабаши (р.а)-ң жаннаттық қауымнан болатындығының ишарасы еді. Осының сырын білгісі келген Пайғамбар падишасы (с.а.у):
– Уа Билал! Жұмақтан аяғыңның сыбдырын еститіндей сен қандай ізгі амал жасаған едің? – деп сұрайды.
Хақ Елшісі (с.а.у) қадалып сұраған соң, Билал (р.а) тірі жанға тіс жармаған өзінің жасырын амалын еріксіз айтуға мәжбүр болады.
– Уа Расулуллаһ! Мен дәрет алғаннан кейін ұдайы екі рәкат намаз оқитын едім. Менің бұдан өзге басқалардан асырып жасаған амал-құлшылығым жоқ – деп жауап береді (Бұхари риуаят еткен)
Осы хадиске талдау жасаған белгілі дін ғұламасы Әли Жұма: “Аталмыш риуаяттан Хақ Елшісі(с.а.у) азаншы сахабасының құлшылығын мақұлдамастан бұрын, Алла тағала үшін Билал (р.а)-ң бұл бидға амалы сүйікті ғибадат болып қабылданғанын аңғарамыз” – дейді.
Тағы бірде Хақ елшісі (с.а.у) жамағатпен парыз намазын оқып жатады. “Аллаһу акбар” деп рукуғқа кетіп: “Самига Аллаһу ли ман хамидаһу” (Алла өзін мақтаған құлын естіді) деп бас көтергенде, сапта тұрған сахабаның бірі Жаббар Хаққа деген ынтызарлығын бойына сыйғыза алмай: “Раббана лака әлхамду хамдан касиран тайибан мубаракан фиһи” (Уа Алла-тағала саған берекесі мол сансыз мадақтар болсын) деп қалады.
Алла Елшісі (с.а.у) сәлем беріп, намазды аяқтағаннан соң:
– Жаңа кім “Раббананы” айтқан? – деп сұрайды.
Әлгі сахаба “қателік жасап қойдым ба” деп іштей үнсіз қалады. Ешкім дауыс шығармағаннан кейін Жақсылық Жаршысы Мұхаммед (с.а.у):
– Жаңа отыздан астам періштенің бұл сөзді жарыса кеп жазғанын көрдім – деп бұлайша мадақ айтудың сауабы мол екенін айтады.
Сонда барып “Раббананы” айтқан сахаба өзінің жаза баспағанына көз жеткізеді (Хадисті Бұхари риуаят етеді).
Дәуіріміздің ұлы ғұламасы Әли Жұма: “Бажайлап қарайтын болсақ, рукуғтан тұрғанда “Уа Алла-тағала! Саған берекесі мол сансыз мадақтар болсын” деп мадақ айтуды Алла Елшісі (с.а.у) мақұлдамастан бұрын Ұлы Жаратушы сүйікті амал ретінде қабылдаған” деп мадақ хикметін шиырып дәл түсіндіреді.
Бұл екі тәмсіл – Тәлімі мінсіз тәлімгердің (с.а.у) хабарынсыз һәм әлі мақұлданбаған, бірақ, риясыз ынты-шынтымен жасаған амалдың жұмақтың кілті бола алатындығын паш етуде. Демек, бұдан шығатын қорытынды, шариғат шеңберінен шықпай, жан-жүрегімен Хақты тебіреніп зікір еткен қандай бір құлшылық болсын Алланың құзырында сүйікті амал саналуы бек мүмкін.