Сұрақ: Беретін садақаның мөлшері бар ма?

Жауап: Бір күні Айша анамызға қайыршы келіп, садақа сұрайды. Айша анамыз қалталарын тексере бастады. Сөйтіп, қалтасының түбінен бір түйір миіз табады. Оны алып, қайыршыға береді. Қайыршы «Бұл бір түйір миізді не істеймін» деген кейіп танытып, арқа шегінгендей болады. Айналадағы адамдар да Айша анамыздың бұл қылығына таң қалғандай қарайды. Сонда Айша анамыз:

– Мұны ала ғой. Егер бұл садақам қабыл болса, онда мұның ішінде Алла қиямет күнінде амал таразысына қоятын қанша миіз бар екенін білесің бе? – деп қолындағы миізін қайыршыға ұстатады. (Суютый)

Риуаяттан көргенімз сияқты садақаның көп немесе аз деген мөлшері жоқ. Алла тағалаға жасалатын құлшылықтың негізі – ықылас. Алла үшін жасалған амалдың үлкен-кішісі жоқ. Мұсылман адам сәті түсіп, орай келген барлық уақытта қайырымдылық жасап қалуы тиіс. Ақыретте зәрердей жақсылықтың ауыр салмағы бар. Жасаған аз да болса жақсылығың Алланың қасында зая кетпейді.

Ертедегі даналар: «Жомарттық малмен есептелмейді, көңілмен болмақ», – деп айтқан екен. Кедей адамдар да жомарт болады. Кейде садақа етіп берілген бір алтын, мың алтыннан асып түсуі әбден мүмкін. Мәселен, кедейдің берген бір алтыны – кедей үшін дүниесінің жартысы болуы мүмкін, ал байдың берген мың алтыны – оның дүниесінің елеусіз бөлігі ғана болуы мүмкін. Алла тағала ақыретте адамның амалына емес, ниетіне қарайды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу