Қоғамда түрлі жайттардың орын алатынын ескерсек, оны жүзеге асыратын жандардың алуан түрі бар екендігі айқындалады. Мәселен, шаштаразшы шаш үлгісін өзгертсе, бет әрлеуші бейнеңді түрлендіріп, зергер үлгілік құндылықтарды тудырады.

Сол секілді әрбір адамның қолымен жасалатын, психологиясымен реттелетін дүниелер бар. Бұл тұрғыда әлеуметтік желідегі көзқарастардың сәйкессіздігін байқау қиын емес. Жүргізілетін арнайы мониторингінің нәтижесінде ой түйіндерді дөп басуға болады. Дегенмен, олар – бейтаныс адамдар. Сіз де бейтаныстардың бірісіз!

Апта өтті, айлар өтті, жыл өтті,

Табыстырмаған тағдыр мұңы әнімде.

Мен сен туралы, сен мен туралы білгенмен,

«Бейтаныспыз» әлі де…

                                                 (Шекспир)

Әлгі «бейтаныс» өзінің әдеби не қарапайым сөздік қорымен, мәдениетті мәнерін және психологиялық пәрменін пайдалана отырып онлайн ортадағы шағын хабарламаның авторы болып қалуы да бек мүмкін: – Сәлем!..

«Тіл сүйексіз» деп текке айтпаса керек. «Психологиялық лингвистика» авторы Алексей Льеонтев әдістемесіне сүйенетін болсақ, «сөз» атаулы адам тұла бойын когнетивтік тұрғыдан өзгеріске ұшырата алатынын байқаймыз. Ал бұл ұғымдардың бәрі арбаушыға жақсы таныс. Себебі, ол теориялық ілімін практика жүзінде сан мәрте іске асырған адам.

Жаңа таныстық: сыр мен сенім

Сіз өмірде орныңызды таппаған немесе ешкім қоғамда елемейтін кейіпкер болуыңыз ықтимал. Бәлкім, әлдекімдерге ерекше қызық жандай көрінуіңіз де ғажап емес. Жоғарыда айтып өткеніміздей, арбаушылар әлеуметтік желі, сондай-ақ танысу сайттары арқылы әрекет етеді. Жылылық танытып, жеке өміріңізге қызығушылық таныта бастайды. Сәйкесінше, Сіз де оған ақтарыласыз. Себебі, арбаушы қандай көңіл күйде отырғаныңды, эмоциянды толығымен сезеді, біледі.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: Мешіттер де Ashyq жүйесіне қосылады

Уақыт өте келе өзіңізді сол адаммен бір толқында жүргендей сезінесіз. Сол сәттен бастап ол арнайы психологиялық манипуляция техникаларын пайдаланып діни теріс идеологияларын жүргізеді.

Мәселен, бұл өмірдің мәні жоқ, нағыз өмір басқа әлемде, оған барудың бір жолы бар. Ол – «қасиетті соғыс» деп аталады. Ислам дұшпандарына қарсы соғысып жатқан жауынгерлерге, тәні мен жанын рахаттандыруға өз үлесіңді қоссаң, жәннатқа кіресің т.с.с.

Осындай негізсіз, жалған пәтуаларға иланған нәзік жандылар әдетте ақыл-естен, парасаттан айырылады, өзіндік ой-пікірден ада болады.

Кебенек киген көрінбес…

Белгісіз жан ұзақ уақыт көрінбей, сеніміңе толық енгенге дейін бейнесін ашпайды. Айла-амалдарға арбалған қандастарымыз бен қарындастарымыз қаншама… Отанынан жырақта, жатжұрттықтың отын жақпақшы болған әйел заты қандай құрбандыққа (альтруизм) барғанын кейін ғана түсінеді. Әлеуметтік желідегі «бейтаныс» адамы, бар болғаны өз міндетін атқарушы жүйе бөлшегі екендігіне көзі жетсе де, бәрі кеш.

Жоғарыда көрсетілген мысалдар мен жағдаяттардан қандай сабақ алуға болады? Әлеуметтік желі – виртуалды әлем екендігін қаперге алайық. Адамның толыққанды бейнесін көріп, өмірде орын алатын түрлі іс-әрекеттермен сыналып тексерілмей, «бейтаныс» адамның ортасы, әлеуметтік тұрмысы һәм болмысын танып білмейінше шешім қабылдауға әсте болмайды.

Ержас ТҰРСЫНБАЕВ,

Қызылорда облысы дін істер басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

дінтанушы маманы

Пікір жазу