Ұлытау облысы, Сәтбаев қалалық “Балмағамбет Балқыбайұлы” мешітінің имамы Бейбіт Жансаринмен сұхбат.
– Қоғамда дін саласы бойынша, оның ішінде мешіттер дəстүрден алшақтады деген пікірлер айтылуда. Жалпы Бас мүфти Наурызбай қажы тарапынан дін мен дəстүр сабақтастығы туралы көп естіп жатамыз. “Балмағамбет Балқыбайұлы” мешіті осы бағытта не жоспарлап отыр?
– Халқымыздың дүниетанымына сай дəстүрлі Исламды дəріптеу мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанын жақсы білесіздер. Осындай мəселелер мен бастамаларды ескере келе, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам жəне дəстүр құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл бастама дəстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мəзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дəріптеуге серпін береді. Бұл жылдың “дін мен дəстүр – егіз ұғым” деп қашанда дəріптеп жүрген мешіт қызметкерлері үшін маңызы зор. Жоспарланған іс-шаралардың басым бөлігі ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталатыны сөзсіз.
– Сіздің қалалық мешітке бас имам болып тағайындалғаныңызға көп уақыт болған жоқ. Жамағат тың бастамалар күтетіні анық. Сіздің белсенділігіңізді мешіттің, өзіңіздің əлеуметтік парақшадан байқауға да болады. Өзіңіз де жергілікті жердің тумасы болған соң, руханияттағы, дін саласындағы мəселелермен етене таныссыз. Өзіңіздің ауқымды деген жобаларыңызбен бөліссеңіз.
– Алла қаласа, Қазақстан мұсылмандары дни басқармасының бекітуімен негізгі бес бағыт бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Баршаңыз білесіздер, “дін мен дəстүр”, “ізгі қоғам”, “діни оқу-ағарту”, “ихсан жəне насихат”, “жат діни ағымдардан сақтандыру” бағыттарын негізге ала отырып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде халықпен етене араласу мақсатында белсенді жамағаттармен біріге отырып, “Рамазанға бүгіннен дайын бол!”, “Ішімдіксіз Сəтбаев” деген секілді үндеу жобаларымызды жариялап жатқан жайымыз бар. Аязды күні жылу сыйлайтын “Тегін такси”, “Көше тазалықшыларына ыстық тамақ” секілді қайырымдылық іс-шаралар атқарылғанын көптің көзі көрді. Халық та бұл үндеулерге қосылады деген үлкен сенімдеміз. Алдағы уақытта да қоғамда үлкен мəселе болған отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықты алдын алу мақсатында “Өнегелі отбасы” жобасы дайындалуда. Əрине, кішкентай қадаммен үлкен жетістікке жету үшін бірінші Алланың жəрдемі, екінші халықтың бекем бірлігі – ең қажетті дүние.
– «Жақсы заңың болғанша, жақсы дəстүрің болсын» деген қанатты сөздің мəнін қалай түсінеміз?
– Шариғатымыз халық ұстанған дұрыс əдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Ғұрыппен əмір ету – дініміз рұқсат берген істің бірі. Бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен əмір ет…» деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) Исламға дейін əдет-ғұрыптан пайда болған, яғни өмірдің өзі туғызған шариғат негіздеріне қайшы келмейтін дəстүрге тыйым салмады. Өкінішке қарай, соңғы кездері нақты діни білім алмаған кейбір жас буын өкілдері дəстүрге қарсы шығып, халықтың ашуына тиюде. Мысалы, халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыра ешқашан жамандықтың құралы бол маған. Келіндеріміздің үлкендерге сəлем салып, ізет көрсетудің көркем үлгісін паш етуі – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тəрбиелік мəні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару – үлкен қателік. Құран мен хадистің негізгі мұрат-мақсатын ұғынбаған кейбір жастар астарлы мағынадағы аяттарды тікелей түсініп, қателікке бой алдыруда.
– Ұлттық құндылықтарымызды дұрыс түсіне алмай жүрген бауырларымызбен жұмыстар қалай жүргізіледі?
– Əрине, мұндай сəттерде имамдарымыз қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сол себепті насихат тек мешіт ішінде, əлеуметтік желілерде ғана болып жатқан жоқ. Мысалы, мешіт ішінен “Аталар мектебі”, “Əжелер мектебі” жобалары дайындалып жатыр. Ондағы себеп – тентегін тезге салып отыратын ақсақалдардың, “қызға қырық үйден тыйым” салатын ақ жаулықты əжелеріміздің орны ерекше. Бабалар ұстанған сара жолды жалғастыру біздің басты міндетіміз болып қала береді. Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын): «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нəрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нəрсе Алланың алдында жаман», – деген екен. Ендеше, дін мен дəстүр үндестігін сақтау – сіз бен бізге жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мəдениетімізді ұлықтаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Лəйлі БЕКТІБАЙҚЫЗЫ