Бұл оқиғаны Хузайфа әл-Адуй (р.а.) былай деп айтады:
«Ярмук ұрысында мен ағамның баласын іздедім, қолымда азғантай суым бар еді. Өзім іштей: «Егер оның кеудесінде жаны болса оған су беремін, жүзін сүртемін», – деп айтып жүрдім. Бір кезде оны таптым.
Мен оған:
– Су берейім бе, ішесін бе? – дедім. Ол көзімен ишарат білдірді. Бір уақытта «Аһ…», – деген бір адамның дауысы шықты. Ағамның ұлы суды ішпей, оны әлгі адамға беруіме ишарат білдірді. Мен сол адамға бардым. Қарсам, ол Һишам ибн Ас екен.
Мен одан:
– Су ішесін бе? – деп сұрадым. Сол арада басқа адамның «Аһ…», – деген дауысын есіттім. Һишам суды ішпей сол адамға баруымды ишарат етті. Мен әлгі адамның қасына келсем, ол өліп қалыпты. Сосын Һишамға келдім. Ол да бақилық болыпты. Кейін ағамның ұлына бардым. Оның да жаны тәсілім болыпты. Алла олардың барлығынан разы болсын».
Әңгімеден алатын пайдалы сабақ:
Жаны қысылса да қасындағы бауырына жақсылық жасау және өзі сол затқа мұқтаж болса да оны өзінен асқан мұқтаж адамға беру, мұсылманды көркемдейді. Алла тағала Құранда мұндай пенделерін тозақ азабынан құтылушылар деп мақтаған:
«…Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақсынса, солар құтылушылар» (Хашыр: 9).
Алла тағала бұлай сипаттаған адамдардың жәннат иесі болуы әбден лайық, себебі, қиын қыстауда немесе ажалмен қауышыр алдында басқаның қамын ойлау – ұлық қасиет. Бәлкім, мұны тек иманы кемел, Алланың сүйікті құлдары ғана жасай алатын шығар.
Омар ибн Хаттаб (р.а.) мынадай қызық оқиғаны айтады:
«Пайғамбардың (с.ғ.с.) тәлімін алған сахабаларының біріне бір қой сыйлыққа берілген еді. Ол:
– Расында бұл қойға маған қарағанда менің түгенше бауырым анағұрлым мұқтаж–деп қойды алмайды.Оны өзінің таныған мұқтаж адамына жібереді. Қойды алып келген кісі әлгі сахабаның айтқан мұқтаж адамның үйіне алып барады. Сөйтсе бұл сахаба да:
– Негізінде бұл қойға маған қарағанда пәленше бауырым анағұрлым мұқтаж деп басқа адамның үйіне сілтейді. Қойды үшінші адамның үйіне алып келгенде ол да:
– Бұл қойға маған қарағанда пәлен деген сахаба анағұрлым мұқтаж – деп төртінші адамның үйіне жібереді.Олар осылай айтып бір-бірінің үйіне жіберіп, жеті үйге кіріп шығады. Ақырында қой айналып бірінші үйге қайтып келеді».
Саһл ибн Сағд мына оқиғаны баяндаған еді:
Бір әйел Алланың елшісіне (с.ғ.с.) тоқылған көйлек алып келіп:
– Мынаны сізге арнап өз қолыммен тоқыдым. Игіліггке кисеңіз – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұған мұқтаж болатын. Көйлекті алды. Кейін оны үстіне киіп бізге келеді. Арамыздан пәленше есімді адам тұрып:
– Көйлекті маған атаңызшы, неткен керемет! – деп көйлекті сұрайды. Аллатың елшісі (с.ғ.с.):
– Жарайды, берейін – деп келіседі.
Кейін Алланың елшісі кеңестен соң үйне қайтып, әлгі көйлекті орап, сұраған адамға беріп жібереді. Адамдар ол кісіге:
– Сен дұрыс жасамадың! Алланың елшісі (с.ғ.с.) мұны өзі мұқтаж болғандықтан киген еді. Сен болсаң оны сұрап алдың, – деп оның қате жасағанын айтты. Әлгі адам оларға:
– Аллаға ант етемін! Мен бұл көйлекті кию үшін емес, өзіме кепен етуім үшін сұрадым, – деп жауап береді. Кейін мен сұрастырып білсем, Алланың елшісі (с.ғ.с.) сұрап келген адамның қолын қайтармаған екен.
Расында кейін ол көйлек сол адамның үстіндегі кепені болды.
Екінші пайдалы сабақ:
Мұсылмандар бірбүтін дене тәріздес. Расында да бұл мұсылмандар үшін айтылған үлкен насихат. Әдетте, адам әуелі өзінің жеке мүддесін ойлап, өзгелер үшін бас қатырмайды. Әсіресе, соғыс алаңы, ажал тақалған сияқты сынақ замандарында адамның басқаның қамын ойлауына шамасы жоқ. Ал енді бұл оқиғада шынайы мұсылманның бейнесі көрсетілген. Хузейфа әл-Адуй соғыс алаңында өзінің басынан кешкен жағдайын айтады. Сөйтіп ағасының баласын іздеп, оған су беру үшін қасына келіп:
– Су берейім бе, ішесін бе?–деп ақырын сұрайды. Ол көзімен «су берші» дегендей ишарат білдіреді. Бір уақытта «Аһ…»,–деген бір адамның дауысы шығады. Шөл қысып, ажал ауызында жатқан ол,суды ішпей, оны әлгі дауысы шыққан адамға беруіне ишарат білдіреді.
Осылайша қолына су ұстаған Хузейфа әл-Адуй екі-үш адамды аралап шығады. Бірақ, олардың бірі де суды ішпеді. Қасындағы басқа бауырына беруін айтады. Ақырында олардың барлығы да осылайша қайтыс болып кетеді. Сахабалар пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деген хадисіне толық амал жасаған деп сенеміз:
«Бір-біріне деген махаббатта, мейірімділік пен жанашырлықта мұсылмандар біртұтас тәнге ұқсайды: егер оның қандай да бір бөлігі ауырса тәннің қалган мүшелері де тынышсызданады» (Бұхари, Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
философ. ғ.к., дінтанушы