Сұхбат

Батыржан МАНСҰРОВ: «Үйлену – сүннет, отбасын сақтау – міндет»

– Бисмиллаһир рахманир раһим! Жалпы, ислам шариғатына келетін болсақ, исламда  адам баласының бақытты ғұмыр кешуіне, пенденің бұл дүниеде және  о дүниеде дұрыс өмір сүруіне байланысты  қағидалар нақты көрсетілген. Сондықтан, ислам шариғатына сай қағидаттарды ұстанатын болсақ, отбасының береке-бірлігі бұзылмаса керек-ті. Ислам шариғатында, Құранда бекітілгендей, әрбір отбасын құрғалы отырған ерлі-зайыптылар бірінші некеге тұру керек, ол – мұсылманша парызымыз. Ал, екіншіден ол пайғамбарымыз (с.ғ.с)-ның сүннеті. Егер, некенің мұсылманша шарттары Құран және сүннетте белгіленгендей сақталса, бүгінгі қоғамда кездесіп отырған мәселелерді айналып өтуге болар еді.

 – Некенің негізгі шарттары қандай?

 – Неке барысында некеге тұратын ерлі-зайыптылардың мұсылман болуы және ол мұсылман отбасының некелесуінде ислам шариғаты шарт қояды.  Яғни, ер мен әйелдің бас қосып, отау құруы үшін олар ең алдымен ата-ананың рұқсатына жүгінеді. Кез-келген дүниеде ислам шариғатында ата-ананың рұқсатынсыз ешқандай іске баруға болмайды. 

– Біз көтеріп отырған мәселе осы отбасындағы құндылықтардың бұзылуынан туындап отырған жоқ па?

 – Дұрыс айтасыз. Мәселенің түп төркіні ықылым заманнан келе жатқан отбасылық құндылықтардың бұзылуынан туындап отыр. Сондықтан да бүгін біздің қоғамда екшелген қазақ дәстүрінің дінмен бекем байланысын алға шығаруға тура келді. Біз қазақ ата-ана алдындағы парызға қандай едік? Кешегі үлкеннің алдынан кесе көлденең өтпеген қазақтың кейпі бүгінгі болмысқа қарағанда әлдеқайда саналы, салиқалы еді. Бүгінгінің келіні намаз оқымаған ата-енесін «кәпір» десе, бұрынғының келіні адуынды ата-енесінен қанша теперіш көрсе де отбасын бұзбай, сол үлкен кісілер отырған жерді айналып өтуші еді, келін боп түскен ошағының төрін сыйлаушы еді. Бұрынғының перзенті ата-анасының сөзін заң көруші еді, ал бүгінгінің перзенті ата-анасының бетінен алып, төсіне шабады. Ал ислам баланың ата-анасына әкіреңдеуі былай тұрсын, «түһ» деп кеюді, тіпті киіміне  мін айтуды дұрыс көрмейді. Алла Тағала Құранда айтты: «Жалғыз Алла Тағалаға құлшылық ет, ата-анаңа жақсылық жаса, құрмет көрсет». Бұл жерде арабшадағы тіркесте «Уә бил уәлидәйна ихсана» деп келеді, «Ата-анаңа жақсылық жаса». Бірақ ары қарай оны сипаттамайды. Кәпір бола ма, мүшрік бола ма? Мұсылман бола ма? Жоқ, ол – ата-анаң! Бітті! Бұдан кейін ата-анаңа құрмет көрсету – сенің парызың, сенің міндетің!

– Ойланбай от басқан қарындастарыңыз неке құруда қаншалықты қателікке бой алдырса, оның ақыры соншалықты опық жеумен аяқталып отыр. Кейбірі бірнеше талақ естіп жүріп, «исламша неке деген осы екен, некені бұзу еркектің еркінде екен, талақ алдың екен, көп ұзамай және біреудің етегінен ұстау керек екен» деп нақ сенеді.

 – Рас, қаракөз қарындастарымыздың арасында некенің, өкінішке қарай, ойыншыққа айналғанын жиі байқаймыз. Неке деген оңай дүние емес. Некеде де, талақта да әзіл жүрмейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Алланың алдында ең ұнамсыз нәрсе ол – талақ» деген хадисі бар. Бұл – Алланың алдында ең ұнамсыз нәрсе. Үйлену, талақ жасау – ойыншық емес. Ерлі-зайыптылар үйленіп, соған келісімін алып, рұқсат берілгеннен кейін ер кісі әйелінің кемшілігі болса, жасырып, қателігі болса көрместей болуы керек. Пайғамбарымыз хадисінде  «Сен әйеліңнің жаман мінезін көрсең, жақсы мінезін есіңе түсір» дейді. Сол секілді ерлі-зайыптылар деген сөз былайша айтқанда бірін-бірі жабушылар деген сөз. Қай жағынан  жабушылар? Бір-бірінің айыбын жабушылар. Бір-бірінің айыбын жасырушылар. Міне, осы жерден ерлі зайыптылар деген форма шығады.

Ал, исламдағы некенің жат пиғылдылар тарапынан бұрмаланған формасын шынайы шариғатқа балап жүрген жандарға не айтасыз?

 – Мен нақты айтайын. Бір жылдың ішінде бірнеше кісіге тұрмысқа шығу, сол некенің барлығында да талақ алу – ислам шариғатымен мүлдем үйлеспейді. Бізге шариғат ондай үкім берген жоқ.

«Ата-анаң мұсылман емес, сондықтан некеге олардың рұқсатының қажеті жоқ» деп үгіттеп, исламнан сауаты аз қыздарымызды құрығына түсіретіндер бар. Мұны қалай түсінеміз?

– Егер бір жерде «ата-анаң мұсылман емес, оның рұқсатын алмай-ақ қой» деген үгіт айтылса, бірден басыңызды алып қашыңыз. Бұл ислам шариғатына келмейді, мүлде қайшы дүние. Екіншіден, біздің қазақи тұрмысты алайықшы, кез келген қазақты мұсылман деп сеніммен айта аламыз ғой. Ал енді ары қарай құлшылық ғибадаттарын орындамауына әркім өзі жауап береді. Біз құлшылық етпеді екен деп, оған үкім шығара алмаймыз. Үкім беру – Алланың құзыретінде. Алланың рахымы болса бейнамаздың өзі жәннатқа кіріп кетеді. Сондықтан бейнамаз ата-анасын «мүшрік»  деп сипаттауына қарап-ақ, сол азаматтарды жат ағымда деп айтуымызға негіз бар. Қазақта бір сөз бар: «Ата-анаң жынды болса да байлап бақ!» деген. Сенің ата-анаң мұсылман бола тұра, намаз оқымай ма? Онда сен намаз оқысаң, сен исламды ұстансаң, көркем насихат қыл. Инабаттылығың мен жүріс-тұрысың ата-анаң үшін насихат болсын. Сол кезде «ұлым салиқалы, қызым инабатты болды» деп, ата-анаңның өзі сенімен мақтанатын болады. Ата-ананы ешқашан кінәлауға болмайды. Кінәладың екен, оның зардабын міндетті түрде тартасың!

 Некені өзі барып қосылған жат ағым жетекшілерінің біріне қидыра салуы қаншалықты дұрыс?

– Қазақ қоғамында әр азамат кез-келген уақытта имамдармен кеңесіп отырған. Ерлі-зайыптылар жалпы неке барысында, ертең оның балалары дүниеге келген уақытында, оның некесінде, оның ақтық сапарында міндетті түрде имамға жүгінді. Исламша некені имам қияды. Құдайға шүкір, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттердің имамдары бар. Сол кісілердің некені қиюға құқысы бар. Ал, имамды тыңдамай, жеке 2-3 адамды жинап, неке қию дұрыс емес. Сондай-ақ, телефон арқылы талақ беру, некелесе салу – ол да анық қателік.

– Ислам шарты бойынша талақ қай кезде берілген?

– Талақ соңғы уақытта беріледі. Ерлі-зайыптылардың екеуінің шынында да бірге өмір сүре алмайтынына көз жеткізген уақытта ер кісі талағын береді. Бірінші, қандай жағдайда береді? Шынында да екеуі бір шаңырақ астында мүлде келісе алмайтын болса. Яғни мінезі жараспауы мүмкін. Жүріс тұрысы үлйеспеуі мүмкін. Екіншіден, ол перзент көре алмауы мүмкін. Мен балалары болмаған бір кісіні білем, бірақ екеуінің бір-біріне деген махаббаты, бір-біріне деген құрметі перзент сүйіп отырған ерлі-зайыптыларға қарағанда жоғары. Сондықтан бұл оған байланысты емес.  Ислам әйелді құрметтеді. Ислам әйелдің мәртебесін көтерді. Әйелдердің құқын айқындады. Осының барлығын қасақана бұрмалау тек жат пиғылды тобырларға ғана керек. Ал, саналы адам сол сасық пиғылдың қолшоқпарына айналып кетпеуді ойлағаны жөн.

Көп талақ естігендерге, яғни, біздің кейіпкерлерге «Балаңыз кімді әке дейді?» деген сұрақ қойғанымызда, «Кіммен тұрсам соны «әке» дейтін шығар» деген жауап алдық. Олардың арасында баланың кімнен пайда болғанын да білмейтін қаракөздеріміз бар. Бұл өзінің құрсағын жарып шыққан ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жоқтығы емес пе?

– Әрбір дүниеге келген нәрестеге әке жауапты. Әке  дүниеге келген ұрпағының есімін қоюға міндетті. Әрине ғалымға, үлкен кісілерге есімін қойдыра алады. Оны бағып-қағуға міндетті. Және де бала о дүниеде, қияметте өзінің әкесінің атымен шақырылады. «Мен үйлендім, әйеліме талақ беріп жібердім, бітті, кетті, енді құтылдым» деп ойламауы керек. Жоқ! Әйелдің басқа ерге шыққаннан кейінгі бұдан туған баласының бағып-қағылуы, оның тәрбиесіне оның әкесі жауапты. Өз қағыңнан өзің жеріп отырғанда, өгей әке балаға қайдан тәрбие берсін? Ол баланың өміріне қиянат жасалып отыр. Ойланыңдар, ер-азаматтар. Сенің нәпсің алдындағы әлсіздігің қаншама күнәға мен қайғы-қасіретке жол беріп отырғанын түсінетін кездерің жетті.

 Осы уақытша некеге жиі баратындар талақ берген уақыт пен келесі некенің арасын сақтай алып жүр ме? Шарт бойынша бұл мәселеге қандай пәтуә берілген?

Әйелді талақ берген уақытта оны күтетін мерзімі болады. Ер адам әйелге талақ бергеннен кейін, ұлы сөзде ұят жоқ, әйелдің етеккірін күтуі керек. Шариғатта оның барлығы қарастырылған. Құран аяттарында, пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде барлығы нақты айтылған. Оны «ғиддәт» деп айтамыз. Ал осы күту мерзімнің ішінде бұлар тұрмысқа шығып кетіп жатыр. Құрметті, қарындастарым! Қаракөздерім! Ислам ойыншық емес, дін ойыншық емес. Әсіресе некеге тұру, некелесу үлкен жауапкершілік. Ата-анаң мұсылман болса да, болмаса да ата-анаңның рұқсатын аласың. Ата-анаңның разылығын аласың. Олардың  разылығынсыз неке қиылмайды. Қазіргі ғұламалар да ата-ананың разылығын алуға басымдық беруде. Осы мәселе күн тәртібінен қалмай келе жатыр. Неге? Өйткені отбасының ыдырауын ислам қаламайды. Ислам мызғымас отбасын құруды қалайды. Тағы айтарым, дін мәселесінде өзінің мамандары бар. Көшедегі көк аттыны  ұстаз тұтуға болмайды. Мысалы, Сіз ауырсаңыз, науқасқа шалдығатын болсаңыз, дәрігерге барасыз ғой. Өйткені, дәрігер соның маманы. Сол секілді қоғамда кез-келген дүниенің өзінің маманы болады. Исламның да, діннің де өз маманы бар. Ол – қазіргі күнде біздің имамдар. Сондықтан немқұрайлы қарап, кез-келген кісінің жетегінде кете бермеуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Шарафат Рысбайқызы

 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close