Моңғолия мұсылман ұйымдары одағының төрағасы, философия ғылымдарының PhD докторы Батырбек Хадыспен болған бұл сұхбатымызда моңғол еліндегі мұсылмандар жағдайы, дін қызметі, Қазақ елімен, соның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен қарым-қатынас мәселелері әңгіме арқауына айналды.

– Батырбек аға, Қазақстан мен Моңғолияның діни басқармалары арасындағы ресми байланыстың орнағанына 10 жылдан асыпты. Бұл қатынас қалай басталып еді?

– 2008 жылы Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға ресми сапармен келген болатын. Ол кезде мен астанамыз Ұлан-Батор қаласында Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорждың дін мәселелері бойынша кеңесшісімін. Сол жолы Елбасымен сұхбаттасып, атажұртпен және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен байланыс жасап, жұмыс істегіміз келеді деген өтінішімді жеткіздім.

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанға келгеннен кейін сол кездегі ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәліге тапсырма берген екен. Артынша бізге Қазақстанның діни басқармасынан арнайы шақырту келіп, көмекшім Айдос Қабайұлы деген азамат екеуміз 2009 жылы Алматы қаласына барып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметімен бір апта бойы танысып, бірігіп жұмыс істеу туралы келісімшартқа қол қойдық.

Елбасы Н. Назарбаевтың Моңғолияға сапарынан

Міне, екі елдің діни басқармалары арасындағы тығыз байланыс Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен Әбсаттар қажы Дербісәлінің мұрындық болуымен осылай басталған. Одан кейінгі жылдары біздің қарым-қатынасымыз тек нығайып келеді.

– Қазіргі пандемия Моңғолиядағы дін қызметіне қалай әсер етті? Ауырғандар саны көп пе?

– Әлемді жаулап алып отырған COVID-19 індеті біздің елімізді де айналып өтпеді. Алайда, моңғол мемлекетінің ерекшелігі – бұл ауру іштен адамнан адамға беріліп тараған жоқ. Тек сыртта қалған ел азаматтары вирусты өздерімен бірге алып келді.

Бірақ, оларға дер кезінде ем-шара қолданылып, қазір бәрі де жазылып шығып жатыр. Алдымен ол азаматтарды арнайы орындарда үш аптаға карандиндік оқшаулауға алып, одан шыққаннан кейін өз үйлерінде екі апта бақылауда ұстап, індет жұқтыру қаупі әбден жоғалғаннан кейін ғана қоғамға араласуға рұқсат берілуде.

Қазіргі күні әлемде тұрғындары өз ішінде бір-біріне індет жұқтырмаған жалғыз ел – Моңғолия ғана болып отыр.

Ал мешіттердің жұмысына келер болсам, құлшылық үйлері адам көп жиналатын қоғамдық орындардың қатарына жататындықтан, биыл наурыздың 2-сі күні үкіметтің арнайы шешіміне сәйкес уақытша жабылды. Бірақ Баян-Өлгейдегі мешіттер жергілікті әкімдермен келісіліп, бес уақыт азан шақыруды үзген жоқ.

Шілде айының басында мешіттеріміз қайтадан ашылып, бес уақыт және жұма намаздары жамағатпен өтеле бастады. Дегенмен, мешітке маска тағып келу, ара-қашықтықты сақтау, намазды ұзақ созбау секілді талаптар сақталынып отыр.

Осындай қиын-қыстау кезеңде Моңғолия мұсылмандар ұйымы одағының имамдары да қарап жатпай, әрбірі өз аймағы мен сұмынындағы бекеттерде тұрған тәртіп сақшыларына көмек көрсету, ас-суын жеткізіп беру, келген жамағатқа маска тарату секілді қайырымдылық істерін жалғастырып келеді.

Тіпті коронавирусқа байланысты мемлекет тарапынан құрылған комиссияға имамдарымыз тұтас бір айлығын, кейбірі жарты айлығын аударып, біздің одақ үкіметке 10 миллион төгрөк көлемінде көмегін жасады. Бұны қазақ ағайындардың отан алдындағы парызы, шынайы сүйіспеншілігі деп түсінеміз.

Қазақ имамдары жинап берген 10 миллион төгрөкті мемлекеттік комиссияға тапсыру сәті

– Моңғолияда қанша мұсылман тұрады? Мешіт саны жеткілікті ме?

– Ата заңымызда біздің мемлекет екі-ақ ұлттан құралады деп жазылған: біріншісі – моңғол, одан кейін қазақ ұлты. Сәйкесінше қазақтардың барлығы дерлік – мұсылмандар. Қазіргі таңда Моңғолияда 130 мыңнан астам қазақ тұрады.

1990 жылы ұйымымыз алғаш құрылғанда елде бірде-бір мешіт болмаған. Қазір, Аллаға шүкір, олардың саны 60-тан асып отыр. Мұсылмандар топтасып өмір сүріп жатқан әрбір елді мекенде мешіттер салынды. Сондықтан дәл қазір бізде мешіт саны жеткілікті деп айта аламыз.

– Мешіттерде қанша дін қызметкері жұмыс істейді? Олар арнайы діни білім алған ба?

– Еліміздегі барлық мешітте бас имам және көмекші имам қызмет етеді. Ал үлкен мешіттерде бірнеше дін қызметкерінен бар. Олардың көбі Түркияда діни білім алған. Сонымен қатар, Алматыдағы Имамдардың білімін жетілдіретін Ислам институтында барлығы дерлік білімдерін жетілдіріп қайтты.

Соңғы жылдары мұсылман әлемінің алдыңғы қатарлы оқу орындары – Мысырдағы әл-Әзһар, Түркиядағы Иләһият университеттерін бітірген жас мамандарымыз елге орала бастады. Келешекте діни білім алған имамдарымыздың саны да, сапасы да арта береді деп үміттенеміз.

Баян-Өлгей аймағындағы ауыл мешіті

– Моңғол үкіметінің мұсылмандар ұйымдары одағымен, мешіттермен қарым-қатынасы қалай? Мемлекет тарапынан қандай да жағдай жасала ма?

– Заң бойынша бізде мемлекет пен дін – екі бөлек. Ата заңда «Мемлекет дінді құрметтейді, дін мемлекетке бағынады» деген тармақ бар. Яғни олар бір-бірінің ісіне араласпайды.

Соған қарамастан, үкімет тарапынан жасалып отырған ең үлкен жақсылықтарды атап айтсам: біріншіден, дінімізді ұстануға, құлшылығымызды жасауға ешқандай бөгет жоқ; екіншіден, мешіт-медресе салуға жерін береді; үшіншіден, шетелдегі оқу орындарында орта-жоғары діни білім алуға ешбір шектеу қойылған емес.

Дін өкілдері ел премьерінің қабылдауында

Бұл демократиялық елдің шын көрінісі болса керек. Жоғарыда айтқанымдай, мен 2008-2016 жылдар аралығында ел президентінің дін істері бойынша кеңесшісі лауазымын атқардым. Моңғолия президенттері ешуақытта қазақ халқының ата діні – Исламға қырын қараған емес. Зайырлы мемлекетте біздің дінімізді ұстанып, құлшылығымызды жасауымызға толықтай еркіндік берілді. Сондықтан моңғол мемлекетіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

– Моңғолияның өзінде медресе ашу жоспарда бар ма?

– Қазіргі күні түрік ағайындарымызбен бірігіп ашқан медреселеріміз бар. Қазақстанда оны «пансионат» деп атайды. Моңғолияда осындай 17 медресе жұмыс істеп тұр.

Дегенмен, болашақта өзіміздің одақ тарапынан астанамыз Ұлан-Баторда Ислам дінін оқытатын ресми медресе ашу жоспарда бар.

– Мешіттерде сауат ашу курстары жүргізіле ме?

– Алланың жердегі үйлері – тек намаз оқитын орын емес. Бұл жерде Құран оқып үйрену, сауат ашу, әліппиді тану дәрістері тұрақты түрде өтіп тұрады. Діни сауатын ашамын деген әрбір азаматқа есігіміз ашық.

– Біздің білуімізше, Моңғолияда бұрын мұсылман болып, бірақ кейін діннен ажырап қала жаздаған хотон деген халық тұрады екен. Олар қайтадан дінге бет бұрып жатыр деседі. Осы халық жөнінде айтып берсеңіз: қазір мұсылман ба, қай тілде сөйлейді?

– Иә, Моңғолияның батысындағы қазақтар көп шоғырланған Увс аймағында хотон деген ұлт тұрады. Олардың қазіргі тұрмыс-тіршілігі, күнделікті өмір салты моңғол ағайындарға ұқсас. Тілдері де – моңғолша.

Бірақ, өздерін мұсылманбыз деп есептейді. Сондықтан 90-жылдардан бері қарай біз оларға шамамыз келгенше қол ұшын созып келеміз.

Хотондар

2 жыл бұрын Увс аймағында хотон ағайындар «Мәдениет үйі» деген атпен мешіт салып, біз имамын тағайындадық. Олардың жастарын шетелдерге, әсіресе Түркияға діни оқуға жіберіп жатырмыз. Біраз адамдарының қажылыққа баруына жәрдемші болдық. Осылайша шамамыз келгенше мұсылмандыққа тартып, көмегімізді жасап отырмыз.

Жаңадан ашылған хотон мешітіне имам тағайындаған күн

– Бір сөзіңізде «Құранды моңғол тіліне аударып, басып шығарғалы жатырмыз» деген едіңіз. Қасиетті кітап жарық көрді ме? Оны кім аударды?

– Моңғолия мұсылман ұйымдары одағын 1990 жылы «мұсылмандар қоғамы» деген атаумен алғаш құрған Сайран Қадырұлы ағамыз 10 жыл бұрын Гомбосүрэн есімді моңғолдың атақты жазушысына Құранды аудартып, баспаға дайындап қойған еді. Бірақ көптеген себептермен бұл аударма жарыққа шықпады.

Алайда, осыдан екі жыл бұрын жанашыр иманды азаматтар Түркияның Дін істері басқармасының Ұлан-Батордағы өкілімен бірігіп, Құран мағыналарының жаңа аудармасын дайындап, оны Түркияға жолдады. Бүгінде Түркияның Дін істері басқармасынан Құран Кәрімнің моңғол тіліндегі толық нұсқасы басылып келеді деп үміттеніп отырмыз.

Айта кетейін, Моңғолияның үшінші президенті болған Намбарын Энхбаяр моңғол тіліндегі ең үздік 50 кітапты жарыққа шығарғанда солардың бірі Құран Кәрім еді. Ол қасиетті кітаптың толық нұсқасы болмаса да, моңғол президентінің оны әлемдік деңгейдегі үлкен ғылым ретінде бағалауы біз үшін үлкен қуаныш.

– Өзіңіз білетіндей, биыл «оралман» атауы «қандас» деп ауыстырылды. Бұл шеттегі қазақтардың атажұртқа оралу үрдісіне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Соңғы жылдары Моңғолия қазақтарының Қазақстанға қоныс аудару үрдісі бұрынғыға қарағанда саябырсыды. Оның бір себебі – көшіп барған адамдарға бұрынғыдай мемлекет тарапынан берілетін қамқорлықтың тоқтауы. Бірақ оған қарамай өзінің мүмкіндігі барлар, ағайын-туысы бұрын көшіп кеткен азаматтар әлі де қоныс аударып жатыр.

«Қандас» атауы туралы айтсам, әрине, ол бұрынғы «оралман» сөзіне қарағанда құлаққа жағымды естілгенімен, өз басым «әр қазақ – менің жалғызым» ұстанымына берік болғандықтан, көшіп келгендердің маңдайына таңба басқандай бір атау беруді құптай қоймаймын. Өйткені, біз бәріміз бір қазақпыз. Қайда жүрсек те, қайда тұрсақ та бір ұлттың өкілдеріміз. Сол себепті «қандас» деген сөздің өзі шеттен келген қазақтарды жергілікті жұрттан ерекшелеу, бөлектеу секілді көрінеді.

– Баян-Өлгей аймағында тіл мәселесі қалай? Менің білуімше, қазақ балаларының көбі моңғол мектептерінде оқиды…

– Біздің аймақ тұрғындарының 93 пайызы – қазақтар. Сондықтан бізде тіл проблемасы жоқ. Қазақ ағайынның бәрі де өз ана тілімізде сөйлейді. Керісінше, бізде жергілікті халық моңғолша білмейді деген проблема айтылып жүр.

Өйткені, бүгінгі таңда Баян-Өлгей аймағындағы тұрғындар екі тілді (мемлекеттік моңғол тілін және өз ана тілін) білуі тиіс деген жаңа заң қабылданған. Соған сәйкес моңғол тілін үйрету бағытында шаралар жасалып жатыр.

Тілге қатысты бір кемшілікті айта кетсем, ағайындар ауызекі қолданыс тілін білгенімен, әдеби тілді білу жағы кемшін қалып жатыр. Өйткені, бұрын біз бала күнімізде мектепте әліппеден бастап барлық оқулықтар Қазақстаннан келетін. Қазір Қазақстаннан бері қарай оқулық өткізбейді.

Сондықтан мектептерімізде балаларымыз қазақша оқығанымен, моңғол тіліндегі оқулықтарды пайдаланады.

– Мешіттердің жұмысын ұйымдастыруда проблемалар бар ма? Қазақ елінен қандай көмек күтесіздер?

– Біз басқа дінді, басқа тілді, салт-дәстүрі өзге мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, мешіт жұмыстарына байланысты кейбір проблемалар бар. Мысалы, Моңғолияның ішкері аймақтарындағы мешіттерде сыртқа азан шақырылмайды. Өйткені, оны жергілікті халық дұрыс түсіне бермейді.

Моңғолиялық қазақ имамдарының бір тобы

Ал жалпы Қазақ елінен қандай да бір көмекке мұқтажбыз деп айта алмаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен үнемі байланыста жұмыс істеп келеміз. Әрі қарай да бірлік-берекеміз нығайса, өзара тәжірибе алмассақ, ресми жолмен кітап-құралдарды бізге жеткізу мәселесі шешілсе деген тілегіміз бар.

Қазақстанда өтіп жатқан діни жиындар, конференциялардың бәріне бізді де қалдырмай шақырып тұрады. Моңғолия мұсылмандары атынан барып қатысып, көп нәрсені ойға түйіп қайтып жатырмыз. Оның бәрі шеттегі ағайынға үлкен әсер береді.

Соңғы уақытта сіздерде жаман індет көп таралып жатыр дегенді естіп, біз мына жақта алаңдаулымыз. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуіне қосылып, барлық мешіттерде дұға жасалып, құрбан шалынды.

Қазақстан – әлемдегі әр қазақтың қарашаңырағы болғандықтан, онда тұрып жатқан ағайынның жақсылығына қуанып, жамандығына жұбанып отырамыз. Әркез тек жақсы жаңалықпен қауышуды жазсын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Kazislam.kz

Пікір жазу