KAZISLAM – Алматы қаласында «Адамзаттың асылы – Мұстафа» атты рухани онлайн Мәуліт кеші өтті.

Мәуліт кеші Ерсін қари Әмірінің Құран оқуымен басталды. Бұдан кейін белгілі ақын, сазгер Жәкен Омаров екі жылдан бері эксклюзив деп танылған қазақша мәуліттің үшінші бөлімін жырлады.

Жәкен Омаров 2018 жылы орындап бастаған қазақша мәуліт жырында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келуі мен қырық жасқа (пайғамбарлыққа) дейінгі өмірін баяндаған еді.

Былтырғы Мәуліт жыры алғашқы уахидың келуінен (пайғамбарлық миссияның басталуы) бастап Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеде дінді жаюы, сахабалардың Ислам дініне кіруі, Миғраж сапары, соңында мүшріктерден қысым көргені және Мәдинаға қоныс аударуымен аяқталған-ды.

Ал биылғы Мәуліт жырында Жәкен Омаров Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына келуінен бастап Бәдір шайқасына дейінгі кезеңді жырлап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ердоған WhatsApp-тан бас тартты

Алматыдағы Мәуліт кеші барысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн құттықтау жолдады. Бас мүфти барша қазақстандықтар мен мұсылман жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен дініміздің асыл құндылықтары жайлы айтты.

Онлайн Мәуліт кешінде Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры арнайы әзірлеген ғибратты қойылымел назарына ұсынылды. Қойылымда бізден бұрын өмір сүрген ізгілердің Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақ жолын қалай ұстанғаны және дін деген ұлы аманатты келер ұрпаққа қалай жеткізгені туралы сауалдарға хикметпен жауап беріледі. Сондай-ақ «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры мен Сәкен Майғазиевтің Смарт мектебі Мәуліт кешіне арнап сахналық қойылымәзірледі.

Кеш басында әншілер Ерген Айтымбетов «Әл-Мұхтар», Райым Уайыс, Ерген Айтымбетов, Сержан Әли, Қанатбек Полатбек «Мұстафа» әндерін, Жасұлан Мұсағали «Мен қазақпын» термесін тебірене шырқады.

Пікір жазу