«Қытай қазақтарының Мейрамбегі» – бұл әншіге тыңдармандары осындай баға береді. Расында, оның қазақы қоңыр дауысын естігенде Мейрамбекті тыңдап отырғандай күй кешесің. Бақыткелді Мұқашұлы есімді бұл азамат бұдан бірер жыл бұрын тарихи Отанына қоныс аударған. Қазіргі күні Алматы облысында тұрып жатыр. Ел ішіне аты кеңінен танымал болмаса да, YouTube арнасында жарияланған әндері халықтың ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.

Біз әншіге арнайы хабарласып, өзі және өнері жайында сұрадық.

Бақыткелді, ең алдымен өзіңіз туралы мәлімет бере кетсеңіз: Қытайдың қай жерінде дүниеге келдіңіз, қай кезден бері ән айтасыз?

– Мен Қытай Халық Республикасының Іле облысы, Шапшал ауданының Жиренбұлақ атты кішкентай ауылында туып өстім. «Өнерге он жасымнан болдым құмар» демекші, бала күнімнен ән айтуға әуеспін.

Бастауыш сыныптарда оқып жүргенімде талай әндердің авторы, өнер десе ішкен асын жерге қоятын мықты композитор Ердос Тастанұлы деген ағамыз маған ең алғаш жол сілтеп, өнер жолына бет бұруыма түрткі болды. Алғашқы ұстазым да осы азамат.

2008 жылы Үрімжі қаласындағы «Жаңа әуен» өнерге тәрбиелеу мектебіне оқуға түстім. Ол жерде мүйізі қарағайдан мықты ұстаздардан тәлім алдым. Солардың қатарында Қытай Халық Республикасының бірінші дәрежелі әншісі Айнұр Қазимоллақызынан вокал жағынан білім алдым.

Кейін «Жаңа әуен» продюсерлік орталығының көптеген концерттерінде өнер көрсете бастадым. Жеке альбомдарым жарық көрді. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, Қытай қазақтары арасында танымал болдым.

2012 жылдың наурыз айында аталған продюсерлік орталықтың директоры Ербосын Нұрмұханұлы ағамыздың ұйытқы болуымен екі жігіттен тұратын «Дос» атты топ құрылды. «Ауылға сағыныш», «Туған жер», «Туған жерім тамаша», «Өзің деп» сынды тамаша әндеріміз жарық көріп, тыңдармандарға жол тартты.

– «Дос» тобы қазір қайда? Неге сахнадан, телеарна мен радиодан көрінбейсіздер?

– «Дос» тобы қазіргі кезде бар, осы Қазақстандамыз. Жаңа әндерге дайындық үстіндеміз. Бұйырса, бейнебаян түсіруді де жоспарлап отырмыз.

Мына аты жаман індеттен аман-есен өтіп алсақ, халқымызға әлі талай әндерімізді сыйлайтын боламыз. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен!

– Сізді ерекшелеп тұратын басты белгі – даусыңыздың Мейрамбек Беспаевтың дауысына ұқсайтындығы. Әрине, қазаққа екі Мейрамбек көптік етпейді. Өзз дауысыңыз осындай ма әлде Мейрамбекке еліктеушілік болды ма?

– Бұл маған өте жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Кейбір адамдар «Мейрамбекке неге сонша еліктеп кеткен?» деп сөгіп жатса, енді біреулер бұны дұрыс көріп, қолдау білдіріп жатады.

Әрине, бала кезімізден Мейрамбек ағамыздың әндерін тыңдап өстік. Ол кісіге деген құрметім, сыйластығым ерекше. Бәлкім, дауысымыздың қоңырлығы ұқсайтын шығар. Бірақ мен қазір мүлдем ұқсатпаймын. Еліктеп те жүрген жоқпын. Өзіме Алланың берген дауысы.

Бірақ, Мейрамбек ағаның шығармашылығына бұрыннан құрметпен қарайтын адамдардың бірімін. Өйткені, оның қазақ халқы үшін деңгейі жоғары. Ағамыз аман болсын!

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Бангладеште бір күнде 50 мешіт ашылды

– Тыңдармандарыңыз «Неге Мейрамбекпен қосылып ән айтпайсыз?» деп сұрап жатады. Ондай жоспар бар ма?

– Иә, бұл сөзді де маған көп жазады. Мейрамбек ағамен бірге дуэт орындауға мүмкіндік туса, мен оған тек қуанамын.

– Сіздің әндеріңіз айрықша қазақи әуездігімен ерекшеленеді. Оларды кім жазады? Өзіңіз ән жазасыз ба?

– Азғантай өнеріме үлкен баға беріп жатқан сіздерге және барлық қолдаушы тыңдармандарыма алғысым шексіз. Маған көптеген әндер келеді, олардың ішінен тек өзімнің табиғатыма сай туындыларды ғана орындаймын.

Иә, аздап ән жазатыным бар. «Туған өлкем», «Жүрегіммен тыңда мені», «Жаңа жыл» сияқты 3 әннің авторымын.

– Атажұртқа қай жылы көшіп келдіңіз? Оған не себеп болды?

– Тарихи Отанымызға келгелі, міне, 2 жылға аяқ басып барады. Көшіп келудегі себеп – атамекенге оралып, қазағымыздың дархан даласында әуезді әндерімізді айтып, келер ұрпаққа үлгі болатындай дүние қалдыру.

– Бұл жақтағы өмірге үйрендіңіз бе? Қытаймен салыстырғанда жақсы және кемшін тұстарын атап бере аласыз ба?

– Әрине, қалай үйренбеске?! Мен үшін арман болған өз елім, өз жерім, өз Отаным – Қазақстаным мәңгі ыстық.

Сұрағыңызға келсек, біріншіден, Қазақстанмен ешбір елді салыстырғым келмейді. Бірақ, салыстыратын жерлер бар. Қытайды мақтап жатқаным жоқ, алайда олардан үйренетін нәрселер өте көп.

Айта кетсек, қытай – еңбекшіл халық, оларда заң тәртібі кемел. Қытайдың «Байығың келсе, жол сал» деген мақалы бар. Менің арманым – Қазақстаным сол Қытай секілді гүлденіп, дамып, көркейсе екен, қазақ үшін ел басындағы азаматтар жақсы жұмыстар істесе, ауызбіршілігіміз бекем болып, болашаққа нық қадам бассақ деймін.

– Бүгінгі қазақ эстрадасы туралы ойыңызды білсек. Көңіліңіз толатын және толмайтын тұстары бар ма?

– Қазіргі кезде не мәні, не мағынасы жоқ әндер көбейіп барады. Көңілім толмайтыны осы. Бірақ, көпке топырақ шашқым келмейді. Қазақы сарында, құлақ құрышын қандыра айтылған тамаша әндеріміз жетерлік. Оларды естігенде қалай көңілің толмасқа?!

– Өзіңіз дін ұстанасыз ба?

– Дін Ислам – діңгегім. Аллаға шүкір, мұсылманбыз, дінімізді қал-қадірімізше ұстанамыз.

– Еліміздегі Ислам дінінің бүгінгі ахуалына қандай баға бересіз?

– Оған баға беретіндей маман емеспін. Алайда, Қазақстанда көптеген жастардың дінге бет бұрып, имандылық жолынан табылуы қуантарлық жағдай. Тек айналамызда қаптап кеткен теріс ағымдар жастарымызды адастырып кетпесе екен деймін.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

– Жеке шығармашылық кешімді өткізсем деген жоспарым бар. Мақсатым орындалып жатса, әлеуметтік желідегі парақшамда тыңдармандарыма алдын ала хабарлап айтатын боламын.

– Сізге сәттілік тілейміз! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Бақыткелді Мұқашұлының «Бақытыма сенем» атты әнін тамашалаңыздар:

Суреттер Бақыткелді Мұқашұлының инстаграм парақшасынан алынды.

Пікір жазу