«Өзіңіз кітап оқыңыз» дер едім. Сонау жетінші ғасырда Қорқыт ата: «Қыз анасынан көрмей үлгі алмас, ұл әкесінен көрмей атқа мінбес» деп айтып кеткен екен. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» әрбір қазақ біледі. Тәрбие дегеніміз отыра қалып ақыл айту емес, тәрбие – өз болмысыңмен үлгі болу. Бала ата-ананың айтқанын емес, істегенін істейді. «Балаңызды тәрбиелеп әуре болмаңыз, ол бәрібір өзіңізге тартады» деген есті сөз бар.
…Өткен жылы іссапарда жүріп, поезда 8-10 жастағы үйелмелі-сүйелмелі ұл-қызы бар келіншекпен сапарлас болдым. Өзі қазақша сайрап тұр, ал балалары тек орысша сөйлейді. Екі күн сапарлас болғанымызда 8 жастағы қызға Абайдың «Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы» деген екі жол өлеңін жаттата алмай әуре болдық. «Балаларыма қанша айтсам да, кітап оқымайды» деп шағымданады келіншек. «Ал өзіңіз кітап оқисыз ба?» деп сұрасам: «Қайдағы, оған уақыт қайда!» дейді. Өмірлік тәжірибесі мол үп-үлкен ата-ана өз уақытын дұрыс ұйымдастырып, кітап оқуға уақыт таба алмаса, бала қайдан уақыт тапсын? Оның да өз қиындығы өзіне жетеді, сабағы, тамағы, құрбы-құрдасы – бәрі бала үшін өзінше қиындық.
Жақсы кітап оқыса, тәтті тамақ ішкендей рухани ләззат алатынын балаға түсіндіру емес, сезіндіру керек. Ата-анасының қызықты бір әңгіме оқып, тамсанып отырғанын көрсе, бала өзі-ақ оқуға ұмтылады. Азды-көпті оқығанын ата-ана балаға айтып беріп, қызықтыруы керек. Ертегі, мысал әңгімені өзі оқып алуға әдеттендіру керек. Оқуды қиындық емес, қызық деп қабылдайтын жағдайға жеткізу керек. Дүкеннен тамақ пен киім ғана емес, кітапты қоса алуды ұмытпау керек. Содан кейін баладан кітап оқуды талап ету керек! Қанша өнеге көрсетсеңіз де кейде баланың болмысында оқуға құштарлық болмауы мүмкін. Мұндайда оның ерікті-еріксіз оқуын талап ету қажет болады. Мектеп сабақтарын оқуға да көп баланың құштарлығы жоқ. Амалсыздан жан қинап жүріп оқитындар баршылық. Демек, адам керек нәрсенің бәрін жасайды. Көркем әдебиет оқуды да балаға керек нәрсенің қатарына енгізіңіз.
«Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» деген Абай сөзінің мазмұны әлі ескірген жоқ. «Жастардың бәрі ғаламтормен әуестеніп кетті, ешкім кітап оқымайды» деген сөз бекер. Әлі де болса кітапты іздеп тауып, жата-жастана оқитындар жетерлік. Адам баласы көзбен көріп, қолмен ұстайтын құндылықтарға қашанда зәру. Кітаптың қасиеті қашпайды, тек өзіміз айырылып қалмасақ болғаны…