Сұрақ: Баланы алдап, өтірік айтуға бола ма?

Жауап: Кейбір адамдар кішкентай баланы алдауға, оларға өтірік айтуға, уәде беріп, орындамауға бола береді деп есептейді. Бұлай жасауды бір немесе екі мәрте емес, әдетке айналдырған жандар бар. Балаларға өтірік сөйлеп дағдыланған адам, уақыт келе оны әдетіне айналдырып, айналасындағы барлық адамдарға да өтірік сөйлеуі әбден мүмкін.

Бастапқы уақытта балаға өтірік айту, жай ғана ойын сияқты болып көрінеді. Бірақ, бұған оның еті үйреніп, «адамдарға өтірік айтуда тұрған ешнәрсе жоқ, мен жай әзілдеймін» деп өтірікті жиі айтатын болады. Дінімізде балаға өтірік айтуға тыйым салынады. Алланың елшісі (с.ғ.с.), өзінің бір хадисінде өтіріктің бұл түрі турасында:

«Кім сәбиге: «Мұнда кел, мынаны ала ғой», – деп, бірақ оған еш нәрсе бермеген болса, ол – өтірікші», – деп айтқан. (Ахмад)

Сондай-ақ, Абдулла ибн Амир (р.ғ.) былай дейді:

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Дәретті неге "намаздың кілті" дейді?

«Бір күні үйімізде Алланың елшісі (с.ғ.с.) отырған кезде анам:

– Бері келеғой, бірдеңе беремін, – деп мені шақырып алды.

Мұны көрген Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Оған не бермекші едің? – деп сұрады.

Анам:

– Бір түйір құрма бермекші едім, – деді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Егер ештеңе бермегеніңде, саған бір өтірік жазылар еді, – деді» (Әбу Дәуіт).

Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл хадисіндегі мақсат –  баланы өтірікке әуес етпей, оған жақсы тәрбие беру керек дегенді білдіреді. Оған себеп, балдырған кезінен өтірікпен өскен бала, ержеткен соң өтірікші, іштар, ұры, шағымданғыш, ұшқалақ, күлекеш, айлакер, сараң сияқты жарамсыз қасиеттері бар азаматқа айналуы ықтимал. Бұдан сақтанудың жолы  –  балаға көркем тәрбие беру болып табылады.

Жалғас Садуахасұлы

Пікір жазу