Лебізіңізге рахмет, Зейнеп замандас.
Сұлтан Санжар өз дәуірінің үлкен бір тақуа ғұламасына кісі салып: «Өзінің хикметті ілімін біздерге ғибрат болу үшін хатқа түсіріп, кітап етіп жазып берсе» деген өтініш білдіріпті. Сонда ғұлама назарын төмен салып: «Біз секілді асылық етуші, жазықты құлдың күнәдан басқа не білгені бар? Біздің іс-әрекетімізден, сөйлеген сөзімізден ғибрат болар бір нәрсе көрсеңіздер, сіздер жазыңыздар, сол кітап болып қалсын» деген екен шәкірттеріне.
Солардан артық емеспіз, егер біздің бойымыздан үлгі боларлық бір нәрсе көріп жатсаңыз, ол ең алдымен бізді тәрбиелеген ата-ананың еңбегінің жемісі болар, сондықтан мен алдымен өз ата-анамның бізге берген тәрбиесі туралы айтайын.
Менің әкем жетпіс жеті жасқа келіп, таяуда қайтыс болды. Әкем өмір бойы түздің еркегі болған, бір отбасын ғана емес, бір қауым елді асырап-бағуды, оларға ақылшы аға болуды парызы санап, өмірін ат үстінде өткізген кісі. Ауылдағы қара шаңырақтың жалғыз иесі болғандықтан әкесі қайтыс болған он төрт-он бес жасынан еріксіз ел басқарып, атқа қонған екен. Бала күнімде әкемді көбіне тек таңертең, жұмысқа кетіп бара жатқан сәтінде көретінмін.
Зейнетке шыққаннан кейін де үйде болған кезінде әкемнің алдынан адам арылмайтын. Ауыл-үйдің адамдары ғана емес, алыс-жақын аймақта тұратын ағайынның көпшілігі ақыл сұраса да, ақша сұраса да әкеме келіп жүгінетін. Әкеміз ешкімді, ешқашан қол көмегі мен сөз көмегінсіз қайтарған емес. Дүниеден өтер-өткенше ауыл-аймақтың әкім-қаралары мен ағайын-туыс қолдан-қолға тигізбей алып жүрді. Сөйте тұра сырт көрінісі айбынды әкемізден бәрі аяқ тартатын, айтқанын ешкім екі етпейтін.
Отбасында ол кісі өте жайлы болды. «Олай етпедің, бұлай етпедің» деп балаларының ісіне араласып жатпайтын. «Олай бол, бұлай бол» деп ақыл айтып та көрген емес. От басы, ошақ қасының әңгімесін ешқашан айтпайтын, сұраса, жауап беретін, сөйлесе лайықты сөзді ғана айтатын. Біреудің сөзі ұнамаса, үнсіз шығып кететін. Ешкімді жамандағанын, біреуге ренжігенін, денсаулығына шағымданғанын ешқашан естімеген екенмін. Ешкімге салмақ салмаған күйі «аз ғана ауру бер, аңсат өлім бер» деп қазақтың құдайдан тілейтініндей, аз ғана ауырып, өмірден озып кете барды…
Ойлап қарасам, әкеміз бізді өмір бойы үнсіз тәрбиелеген екен. Қалай өмір сүру керектігін, қандай адам болу керектігін ол кісі тек ісімен көрсетіпті. Үлкен өмірге қадам қойғаннан кейін де өз басым үнсіз тәрбиелейтін адамдардан көбірек ғибрат алыппын.
Ал анамыз қолынан да, тілінен де келетін, іскер де сарамжал кісі еді. Айтқыштығы да, адуындығы да бар болатын. Бүкіл ауылды отырғызып-тұрғызатын анамыз бала тәрбиесінде де қатал болды. Ол кісінің кітапхана меңгерушісі болып істегені біздің кітапқұмарлығымызға өз әсерін тигізді. Ауылдағы үлкен үйдің таусылмас тіршілігін еңсере жүрсек те, кітапқа ерекше құштар болып өстік.
Қалған тәрбиені сол кітаптардан алдық. «Біздің буынды көркем әдебиет тәрбиеледі» дегенді мен жиі айтамын. Біз қазақтың аңыз-әңгіме жыр-дастандарындағы ер мінезді, асқақ мүдделі ұлт қаһармандарына, кеңестік кезең әдебиетіндегі жаны таза, ары пәк, мақсаты биік кейіпкерлерге еліктедік. Болмысымызды соларға бейімдеуге, өзімізді өзіміз тәрбиелеуге тырыстық.
Адамды орта тәрбиелейтіні де ақиқат, біз өскен орта да бүгінгіден басқарақ болды. «Мен ертегілер елінде өстім. Мені аңыздар мен абыздардың рухы тәрбиеледі» деп жазатыным да сондықтан.
Мұның бәрі біздің бала шағымызда болған еді. Ал үлкен өмірге қадам қояр-қоймаста біздің буын осы қастерлі құндылықтардың көбі құнсызданған, елдің жағдайы тұралап, қоғамның құрылымы тұтастай өзгерген алағай да бұлағай заманды, барлық салада тоқтаусыз реформалар жүргізіліп, түбегейлі өзгерістер орын алған мазасыз өтпелі кезеңді, табан жолын тайғанақтап жүріп табуға тура келген бағдарсыз шақтарды басынан кешірді.
Осының бәрін санасынан ғана емес, жүрегінен де өткізген менің тағдырым – біздің буынның ортақ тағдыры, менің болмысым – біздің буынның болмысы дер едім.
Осындай қорытындыдан кейін өзгені тәрбиелеу туралы сөз айтудың қаншалықты қиын әрі күрделі екенін өзіңіз де пайымдарсыз. Біз көргенді көрмеген, ортасы бөлек бүгінгі буынның құндылықтары да өзгеше. Қолымыздан келгенше көнермейтін құндылықтарды насихаттап, санасына сіңіруге тырыссақ та, жаңа буынның беталысы бөлек болмақ.
…Бала тәрбиесінде бірегей ережелер қалыптастыру қиын. Әр бала –жеке тұлға, біреуге жүрген ереже басқаға жүре бермейді. Менің көзім жеткен ең күшті тәрбие әдісі – өзіңді өзің тәрбиелеу. «Өзіңді құтқар, сонда сенің арқаңда мыңдаған жандар құтылады» деген қанатты сөз бар. Өз өнегеңмен берілетін тәрбие – ең пәрменді тәрбие. Содан кейін өзің таныған шындықты айта-айта жүру қажет. Өйткені жаңа буын айтпаса, білмейтін, ескертпесе, қимылдамайтын мінездерге ие.
Мен әзірге жалпы ойларымды осымен қайырып, рухани тәрбиенің бір ғана бағыты – көркем әдебиетті оқуға балаларды қалай жетелеген жөн екендігі жайындағы тұжырымдарыма орын берейін. Ал рухани тәрбиенің өзге бағыттары, соның ішінде діни тәрбие мәселесі жөнінде келесі кезекте бөлек жауап беруді жөн санаймын.
Таяуда оқырмандардың бірі маған: «Ұлымның көркем әдебиеттерді оқып өскенін қалаймын, қазір бірінші сыныпта оқиды. Баланың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?» деп сұрақ қойыпты. Сіздің осы сұрақтың жауабымен таныс еместігіңіз аңғарылғандықтан, бұрынғы жарияланымға сілтеме жасап, ой ағынын үзбей-ақ мен сол жауапты осы жерде толығымен қайталап келтіруді жөн көрдім.
Мұндай сауал қоюшыға мен: «Өзіңіз кітап оқыңыз» дер едім. Сонау жетінші ғасырда Қорқыт ата: «Қыз анасынан көрмей үлгі алмас, ұл әкесінен көрмей атқа мінбес» деп айтып кеткен екен. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» әрбір қазақ біледі. Тәрбие дегеніміз отыра қалып ақыл айту емес, тәрбие – өз болмысыңмен үлгі болу. Бала ата-ананың айтқанын емес, істегенін істейді. «Балаңызды тәрбиелеп әуре болмаңыз, ол бәрібір өзіңізге тартады» деген есті сөз бар.
…Өткен жылы іссапарда жүріп, поезда 8-10 жастағы үйелмелі-сүйелмелі ұл-қызы бар келіншекпен сапарлас болдым. Өзі қазақша сайрап тұр, ал балалары тек орысша сөйлейді. Екі күн сапарлас болғанымызда 8 жастағы қызға Абайдың «Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы» деген екі жол өлеңін жаттата алмай әуре болдық. «Балаларыма қанша айтсам да, кітап оқымайды» деп шағымданады келіншек. «Ал өзіңіз кітап оқисыз ба?» деп сұрасам: «Қайдағы, оған уақыт қайда!» дейді. Өмірлік тәжірибесі мол үп-үлкен ата-ана өз уақытын дұрыс ұйымдастырып, кітап оқуға уақыт таба алмаса, бала қайдан уақыт тапсын? Оның да өз қиындығы өзіне жетеді, сабағы, тамағы, құрбы-құрдасы – бәрі бала үшін өзінше қиындық.
Жақсы кітап оқыса, тәтті тамақ ішкендей рухани ләззат алатынын балаға түсіндіру емес, сезіндіру керек. Ата-анасының қызықты бір әңгіме оқып, тамсанып отырғанын көрсе, бала өзі-ақ оқуға ұмтылады. Азды-көпті оқығанын ата-ана балаға айтып беріп, қызықтыруы керек. Ертегі, мысал әңгімені өзі оқып алуға әдеттендіру керек. Оқуды қиындық емес, қызық деп қабылдайтын жағдайға жеткізу керек. Дүкеннен тамақ пен киім ғана емес, кітапты қоса алуды ұмытпау керек. Содан кейін баладан кітап оқуды талап ету керек! Қанша өнеге көрсетсеңіз де кейде баланың болмысында оқуға құштарлық болмауы мүмкін. Мұндайда оның ерікті-еріксіз оқуын талап ету қажет болады. Мектеп сабақтарын оқуға да көп баланың құштарлығы жоқ. Амалсыздан жан қинап жүріп оқитындар баршылық. Демек, адам керек нәрсенің бәрін жасайды. Көркем әдебиет оқуды да балаға керек нәрсенің қатарына енгізіңіз.
«Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» деген Абай сөзінің мазмұны әлі ескірген жоқ. «Жастардың бәрі ғаламтормен әуестеніп кетті, ешкім кітап оқымайды» деген сөз бекер. Әлі де болса кітапты іздеп тауып, жата-жастана оқитындар жетерлік. Адам баласы көзбен көріп, қолмен ұстайтын құндылықтарға қашанда зәру. Кітаптың қасиеті қашпайды, тек өзіміз айырылып қалмасақ болғаны…
А.Әбдірәсілқызы