Күндердің күнінде Париж қаласында орналасқан мешітке бір бала кіріп келеді. Сол уақытта мешіттің бұрышында имам шәкірттерін жинап, дәріс өтіп жатқан еді. Бала имамға жақындап келіп:

– Менің анам дәріс алу үшін сізге жіберді, – дейді. Имам:

– Әрине, бірақ анаңның өзі қайда? Маған сен туралы біраз ақпарат керек, – дейді.

– Анам сыртта тұр. Біз мұсылман болмағасын ол мешітке басып кіре алмады, -дейді бала. Имам орнынан тұрып мешіттің сыртына шығады. Имамды көрген бойда баланың анасы:

– Менің балама исламды үйретіңізші, – дейді. Имам таңданған бойда:

– Сізге өзге дінді үйрену не үшін қажет болды? – дейді. Сонда әйел:

– Менің мұсылман көршілерім бар. Олардың отбасында әрдайым тыныштық болады және өздері қашан да бақытты. Күнде таңертең ата-анасы балаларын мектепке шығарып саларда балалары ата-анасының қолдарынан сүйеді. Осындай ата-анамен балалардың арасындағы тығыз, жылы қатынас өкінішке қарай біздің дін өкілдерінде аз. Бұған қоса, мен осы уақытқа дейін мұсылмандардың ата-анасын қарттар үйіне апарып тастағанын көрмедім. Сол үшін менің балама исламды үйретіңізші, ол да ертең сіздер секілді бізге жылы қарым-қатынаста болса деймін, – деген екен.   

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы