Халықаралық балаларды қорғау күні – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Қоғамды кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларға қол ұшын созып, демеуші болуға шақыратын күн.

Осыған орай KAZISLAM порталы барша балақайды жаздың бірінші күнімен бірге келіп жеткен айтулы мерекемен құттықтайды.

Бүгінгі таңда елімізге танымал психолог-тренер Марзия Бекайдардың айтуынша, бала – ата-ананың қолындағы аманат. Олардың жүректері пәк, таза, гауһардай құнды. Бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Кез келген кейіпке салуға болады. Ол құнарлы топыраққа ұқсайды. Не ексең, соның жемісін аласың. Сондықтан бала неге бейімделетін болса, сол бойынша бағыт алады, сол бойынша өседі.

– Баладан жақсы қасиеттер, жақсы әрекеттер көрген кезде, оны мақтап, марапаттау керек. Кейде адамдардың арасында да көтермелеп отыру қажет. “Менің ұлым сөйтті” деген секілді сөздермен жақсылыққа ынталандырған дұрыс.

 

Баланың әр қалаған нәрсесін алып беру және сәнді, салтанатты өмір сүруін қамтамасыз ету дұрыс емес. Өйткені бала өскенде де әр қалағанына қол жеткізе алатынын ойлап, оған ұмтыла беретін болады, ал бұл жүзеге аспай қалған кезде өмірге ренжіп, қиялдары қирап, ешкімді тыңдамайтын құлақсыз қырсыққа айналады. Балаға ысырап етпеуді, қанағатшыл болуды үйрету керек. Кейде құр нанмен де күнелтуді әдеттендірген жөн. Жаман жерлерге баруына жол бермеу керек. Бала жаман адамдардың қасында жүрсе, әдепсіздік пен ұятсыздықты, өтірік айтуды үйренеді, – дейді психолог маман.

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы мешіт имамы Рамазан қажы Егенұлының айтуынша, балаларға иман, Құран кәрім және Алла тағаланың әмірлерін үйретіп, сонымен жүруге дағдыландырса, дін және дүние бақытына қауышады.  Бұл бақытқа, сауапқа ата-анасы, ұстазы да ортақ болады. Егер балаға бұларды үйретпесе және бұларды әдетке айналдырмаса, ол бала бақытсыз болады. Әрбір жасаған жамандықтарының күнәсі ата-анасына, ұстазына да жазылады.

Мұсылман – қол астындағыларға жауапкер. Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Барлығың бір үйірдің бағушысы секілдісіңдер. Бағушы үйірін қорғағаны секілді сендер де үйлеріңдегі және қол астыларыңдағы адамдарды жаһаннамнан қорғауға тиіссіңдер! Оларға мұсылмандықты үйретпесеңдер, олар үшін жауапты боласыңдар!» (Мүслим).

Имам Рамазан қажы Егенұлының айтуынша, “былай істе, былай істеме” деудің орнына өзіміз үлгі болуымыз керек. Өйткені әрекеттеріміз сөзге қарағанда көбірек әсер етеді екен.

– Өз әрекеттерімізбен жақсы үлгі, өнеге бола алсақ, тәрбие ісі жартылай атқарылды деген сөз. Сосын пайғамбарымыздың, сахабалардың, дін ұлыларының, әулиелердің өмірбаяндарын, ғибратты оқиғаларын айтып, оларға деген сүйіспеншілікті ұялату керек. Бұл сүйіспеншілік берілсе, олардың атын айтып Алла тағаланы түсіндіру, дініміздің әмірлері мен тыйымдарына дағдыландыру оңай болады. Адам жақсы көрген адамдарына ұқсағысы келеді, олардың сөздеріне мойынсұнады.

 

Дін ұлылары шәкірттеріне, ең бірінші, намазды, оразаны, харамдарды айтпайтын еді. Мәселен, хазреті Имам Раббани өз ұстаздары туралы айтатын, соларды жақсы көргізетін. Одан кейін олар құрлықта да, теңізде де, ауада да, яғни барлық жерде намазды, дініміздің әмірі мен тыйымдарын ойлайтын еді. Дін ұлыларына деген сүйіспеншілік дәрі секілді. Олардың сүйіспеншілігімен, берекесімен дінімізге мойынсұну өте оңай болады, – дейді имам.

«Балаларына Құран кәрім үйреткендерге немесе Құран кәрім ұстазына бергендерге үйретілген Құран кәрімнің әрбір әрібі үшін қасиетті Қағбаны 10 рет зиярат еткеннің сауабы беріледі және қиямет күні басына дәулет тәжі киіледі. Бүкіл адам оны көріп қызығады» (С. Әбәдийа)

Елімізде Президенттің тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы жанынан балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылған еді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Аягүл МАНТАЙ: Арманым – Құдаймен гармонияда өмір сүру

«Балалар құқығын қорғау» қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Закиева кеңес жұмысы аясында балалар құқығын қорғаудың алғашқы қазақстандық бірыңғай әлеуметтік платформасын құруды жоспарлап отырғанын айтты.

Оған барлық мемлекеттік орган кіріктіріліп, кез келген азамат, кез келген бала осы порталға жүгініп, арыз-шағымын, ұсынысын қалдыра алады екен. Порталға түскен өтініштің барлығы тіркеліп отыратынын, ешқайда жоғалып кетпейтінін, сондай-ақ әр адам өз мәселесінің қалай шешілгенін бақылай алатынын мәлімдеді.

– «Ең алдымен, біз баланың ең бірінші кезектегі қажеттіліктерін назарға алып отырмыз. Қазіргі таңда балалардың 11 проценті қиын жағдайда өмір сүреді. Жетім және қамқоршысыз қалған балаларға жағдай жасау біздің басым міндетімізге айналуы тиіс», – деді Динара ханым.

Психолог маманның айтуынша, балаға жастайынан дұрыс тәрбие бермеу – болашақта бақытсыздыққа итермелейді. Өрескел іс-әрекеттер істесе немесе бір жаман сөз сөйлесе, бірнеше рет көрмегендей сыңай таныту қажет. “Олай істеме!” деп, жазғырмау керек. Жиі-жиі жазғырылатын бала батылданып, жасырын істеп жүргендерін де ашық істей бастайды. Істеген жаман істерінің зиянын өзіне жұмсақ тілмен түсіндіріп, ескерту керек деген кеңесін де береді.

«Көп мұсылман бала әкесінің кесірінен Уәйл атты жаһаннамға түседі. Өйткені бұлардың әкелері тек ақша табу және көңіл көтеру құмарлығына түсіп, тек дүние істерін қуалап, балаларына мұсылмандықты және Құран кәрімді үйретпеді. Мен мұндай әкелерден ұзақпын. Олар да менен ұзақ. Балаларына дінін үйретпегендер жаһаннамға түседі» (С. Әбәдийа)

Имамдар өзінің істеуі харам болған нәрсені баласына жасатқан адам, күнә істеген болады дегенді алға тартады.

– Балаларына харам суды ішкізген, құмар ойнатқан, ұятсыз басылымдарды оқуына себеп болған, өтірік, ұрлық секілді жаман мінездерге баулыған, құбылаға қарсы аяқ созып отыруына себеп болған адам күнә жасаған болады. Дініміздің негізі – иманды, парыздар мен харамдарды үйрену және үйрету. Алла тағала пайғамбарларды сол үшін жіберген.

 

Жастарға бұлар үйретілмесе, Ислам құлдырайды, жоқ болады. Алла тағала мұсылмандарға әмри маруф жасауды әмір еткен. Яғни, менің әмірлерімді үйретіңдер деген. Және нахйи мункар жасауды да бұйырып, тыйым салған нәрселерінің (харамдардың) жасалуына разылық етпеуімізді қалаған. “Тахрим” сүресінің 6-аятында: «Ей мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!» деп бұйырылған, – дейді Рамазан қажы Егенұлы.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы заң балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк өркениеттiң жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, елжандылық пен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сана-сезiмдi қалыптастыру принциптерінің басымдығына сүйенiп, баланың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу