Бұл – күрделі діни сауал, ол жөнінде белгілі ислам ғұламалары бірқатар маңызды пікірлер қалдырған. Сіз келтірген үзінді Мұхаммед пайғамбардың хадисінен алынған. Толық нұсқасында былай делінеді: «Әрбір туылған сәби фитрада туылады. Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы қылады. Бұл – хайуанның хайуан туғаны іспеттес. Сен одан пұшықтықты көресің бе? (яғни «енесі мұрны кесілген пұшық болса, төлінің де пұшық болып туылғанын көресің бе?» деген мағынада)».
Осы аятты талдаушы ғұламалардың елеулі бөлігі «фитраны» «адамның табиғи жаратылысы», «пәк, таза болмысы» деп түсіндірген.
«Фитра» сөзі Құранның бағзы бір тұстарында кездеседі. Мысалы, «Рум» сүресінің 30-аятында былай делінген: «Алла фитрада адамдарды соған арнап жаратқан. Алланың жаратуында өзгеріс жоқ. Осы – тұп-тура дін». Бұл аятқа қатысты ибн Кәсир мынадай түсіндірме жазған екен: «Бұл дегеніміз – адам дүниеге келгенде белгілі бір қасиеттері және табиғи болмыс-бітімі бойынша дінді қабылдауға бейім болып туылады, егер оны өз-өзіне қалдырса, онда ол өз болмыс-бітіміне ілеседі, ал ауытқушылар адамдардың немесе қалыптасқан салт-дәстүрлердің әсері себепті ауытқиды». Бұл тұжырымдағы «дінді қабылдауға бейімділік» және «ауытқушылар» деген ұғымдардың қолданылу ерекшеліктеріне қарап, «дін» дегенде ислам ілімі бойынша әлімсақтан ақырзаманға дейінгі хақ дін саналатын исламның меңзеліп тұрғанын аңғаруға болады.
Осындай түсіндірмелерді негізге ала отырып, өз кезегінде белгілі ислам ғалымы ибн Хажар әл-Асқалани былай деп жазған: «Адамдар «фитра» деген сөзді қалай түсіну керектігі туралы мәселеде түрлі пікірлерге келді, бірақ ең кең тараған пікір бойынша «фитра» дегеніміз – ислам».
Сонымен қатар «фитра» сөзі Миғраж түні туралы хадисте де кездеседі. Хадисте Пайғамбарымыздың атынан былай әңгімеленеді: «Сосын маған екі ыдыс әкелді. Оның бірінде – сүт, екіншісінде шарап бар еді. Мен сүтті алып, іштім. Сонда маған: «Сен фитраны алдың. Егер шарапты алғаныңда үмметің адасар еді» деп айтылды». Осы хадисті түсіндірушілер мұндағы сүтті (демек, «фитраны» да) «ақиқат білімнің нышаны» деп санайды, өйткені Пайғамбарымыз түсінде өзіне әкелген сүтті қанып ішкенін Алла тарапынан берілген білімге жорыған екен.
Ал Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «әл-Фиқһул-әкбар» еңбегінде «фитраға» қатысты талдау жасағанда сонау әлімсақтағы ант туралы аятқа («Аъраф» сүресінің 172-аяты) назар аударып, бұл ұғымның шығу тегін содан таратады. Бұл кітапта былай делінеді:
«Алла Тағала Адамның ұрпақтарын белінен зәредей түрде шығарып қойды да, кейін оларға ақыл нәсіп етті («Мен сендердің Раббыларыңмын» дегенде жауап беретіндей етіп). Әрі оларға шариғат түсіріп, иманға келуді бұйырып, дінсіз болудан қайтарды. Және олар Аллаға «иә, Раббымызсың» деп куәлік жасады. Міне, бұл олардың иман келтіруі еді. Сондықтан олар осы фитрада (сенімде, негізде) туылады. Ал енді кім осыдан кейін дінсіз болса, онда ол (фитрадағы иманды) ауыстырғаны әрі өзгерткені. Кім иман келтірсе әрі растаса, онда оның (фитрадағы иманы) орнығып, әрі жалғасқан болады» /үзінді жақша ішіндегі түсіндірмелерімен қоса Р.Батталұлының аудармасы бойынша берілді/.
Имам Ғазали болса осы әлімсақтағы Адам ұрпақтарының берген анты туралы айта келіп: «Сондықтан барлық адамдар түптеп келгенде Хақ нұрлы Алла Тағаланың кешіруіне лайықты» деп, осы уәдені Алла Тағаланың адам баласына мейірім төгіп, кешірім жасауына себеп болатын негіздің бірі деп санайды.
Яғни, ғұламалар пікірін жинақтай алғанда «фитра» дегеніміз «табиғи болмыс», «жаратылыс» деген ұғымға сайғанымен, сол ұғымның өзінде табиғи болмыста бекітілген, берілген ақиқат білім мен шынайы сенімнің қоса меңзеліп тұрғанын пайымдауға болады.