– Балғабек аға, бүгінде дін саласының күрделі мәселелерімен қатар, ішкі белгілері де күн тәртібіне көтеріле бастады. Бұл, әсіресе, ислам дініне қатысты қозғалды. Жалпы шариғатта дұрыс көрініс тапқан кей құбылыстар қоғамда бұрыс бейнеге айналды. Мәселен, мұсылман баласының сыртқы кейіп, болмысы. Сұхбатымызды осыдан бастасақ.
– Баршамызға белгілі, жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерін қабылдау кезінде қазіргі қоғамда тұмшаланып, қап-қара көйлек киген қыз-келіншектердің қатары көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Сол себепті, дәстүрімізге кереғар, қара жамылғандарға заңнамалық тұрғыдан тыйым салу керек екені туралы пікір білдірді. Осыдан кейін көпшіліктің арасында елімізде діни киімге, оның ішінде орамал тағуға тыйым салынады екен деген алаңдаушылық пайда болғаны рас. Мұны әдеттегі әдістеріне салып, бас пайдаларына бұрғысы келгендер мемлекетті діннің жауы етіп көрсетуге ұмтылғанын да аңғардық.
Істің ақиқатына үңіліп қарасақ, мәселе орамалда емес, бет-аузын тұмшалап қара жамылып киініп алғандарға қатысты айтылғанын байқауға болады. Себебі, орамал тағу барлық діндерде бар құбылыс екенін бәріміз де жақсы білеміз және мемлекет діннің ішкі мәселелеріне ешқашан араласқан да емес. Бірақ, оның түр-сипаты әр елдің тарихи дамуы барысында қалыптасқан салт-дәстүрлерімен тікелей байланысты екені ұмытпауымыз керек. Соның ішінде, қазақ әйелдерінің де өз ұлтының қалыптасқан дәстүріне сай бас киім кию үлгісі болған. Қазақ әйелдерінің баскиімі көшпелі өмірге бейімделіп тігілген және оның жасының жетілуіне қарай бөлінетін болған. Тарихта талай қилы заманды басынан кешкен қазақ халқының қыз-келіншектерінің бас киімі қашанда көшпелі ұлттың өмір сүру қалпына бейімделген. Бірақ қандай заман болса да біздің әже-аналарымыз күнделікті тұрмыста негізінен матаның ашық түсін пайдаланған.
Ал жас жеткіншек қыздың, бойжеткен арудың, тұрмысқа шыққан арудың, балалы болған ананың сипаттарына қарай өзіндік бас киім үлгілері болды. Жас келін түскен жерінде бір жылға дейін желек жамылып жүреді. Ойын-тойға барғанда сәукелесін де киіп баратын болған. Жас келін перзентті болған соң ауыл әйелдері мен бәйбішелер жиналып келіп, келінге кимешек кигізеді. Бұл келіннің ана болған кезін білдірген.
Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар да болып жатады. Сондықтан, бас киімнің үй және шаруа жұмыстарына арналған түрлері болды. Соғыс жағдайларында қолына найзасын, басына дулығасын киген қаншама батыр аналарымыз пен батыр қыздарымыз болды. Ал, үлкен тойлар мен салтанаттарда киетін бас киімдер оюланып, әшекей заттармен көркемделген. Жас келіншектер кимешектерін өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Жесір қалған әйелдер кимешектің өрнектерін алып тастайтын болған.
Әйел егде тартқан сайын, кимешегі де қарапайымдала берген. Әжелеріміз болса кимешектің үстінен жаулық тартып, «ақ жаулықты әже» атанған.
Осыдан байқағанымыз, біздің ата-бабаларымыз бүгінгі біздерден діни ілімдерді әлдеқайда терең меңгерген сол замандард да қазақ әйелдері еш уақытта қара жамылмаған және бет ауыздарын тұмшаламаған.
– Дегенмен, қоғам бір қалыпта тұрмайды, заманауи талаптар да алға шығады. Зайырлы мемлекеттегі жағдай қалай болмақ?
– Расымен, уақыт та бір орнында тұрмайды. Заманауи талаптар елдердің басқарылу жүйесіне орасан өзгерістер енгізіп, уақытқа сай бейімделген мемлекеттер құрылды. Бұл қатарда Қазақстан да зайырлы мемлекет ретінде құрылып, өзінің Конституциясы мен заңдарын қабылдады. Заңдар еліміздің барлық азаматтарынның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, экстремизм мен лаңкестік оқиғалар елдегі қауіпсіздікті барынша күшейтуді талап етеді. Өкінішке қарай, өздерін мұсылман санайтын Таяу Шығыс елдері, Сирия, Ливия, Ирак, Ауғанстан, Пәкістан т.б. мұсылмандар негізгі көпшілігін құрайтын елдерде күн сайын жарылыс жасап, жазықсыз жандарды өлтіріп жатқандарды күнде оқып, есітіп келеміз. Бұларды кімдердің қандай мақсаттарда жасап жатқаны басқа мәселе.
Мәселе, бұл жерде қара жамылып бет-ауыздарын тұмшалап алып кімнің кім екенін ажырата алмайтындай оранып алғандарға арналып отыр. Экстремизм мен лаңкстік қаупі күшейген сайын оның алдын алуға бағытталған шаралар да күшейтілетіні белгілі.
– Жалпы білім беретін орта және жоғары мекемелерде, оқу орындарында бұл мәселе өз шешімін тапты ма? Бір жылдары осыған қатысты қоғамда қызу пікірталас туғанын білеміз.
– Иә, мектептерде діни орамалдар тартуға қатысты кезінде үлкен дау туындаған еді. Жасы жетіге енді толған мектеп табалдырығын жаңа аттаған өрімдей қыздарын тұмшалап, хиджап кигізген ата-аналар болды. Осындай ата-аналар қыздардың балиғат жасына жетпегеніне да қараған жоқ. Бұл проблема діндарлардың дінді сыртқы формасымен ғана қабылдауынан туындап отыр. Мұның басты себебі – радикал жолды таңдаған діндар бауырларымыздің діни сауаты өте төмен немесе мүлдем жоқ болуында. Дінде шектен шықпаған қоғам ғана заман көшіне ілесіп, дамиды. Мұсылман пенде білім-ғылымға ұмтылмайынша өркениеттің соңында қала береді.
Осыны назарға ала отырып, 2016 жылдың 19 қазанында Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіліп, ол жерде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым, Дін істері және азаматтық қоғам және Әділет министрліктерінің ресми өкілдері орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығының сақталуы туралы ресми ақпаратты баяндады.
Бұған қосымша, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Білім және ғылым министрлігіне мектеп формасында әртүрлі конфессияларға тиесілі діни элементі бар киімдермен қатар, бірыңғай мектеп формасының сыртқы көрінісін реттеу мақсатында қыздардың терең қиықты блузкаларды, шалбар мен джинсыны, сандарынан келетін белдемшелер мен қыска етек белдемшелерді және де селдір ашық түсті киімдерді, сондай-ақ қымбат аксессуарларды, әшекейлерді (моншақ, алқа, сақина, айылбасты белдіктер) жаппай қолдануын да реттеу туралы ұсыныс енгізді.
Яғни, байқағаныңыздай, мемлекеттік органдар мұсылмандар және басқа да дінді ұстанушыларды шеттетіп жатыр деген «айыптау» ақиқатқа жатпайды.
Талаптар білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған. Олар білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай мектеп формасының үлгісін, түсін регламенттейді.
Ал орта оқу орындарынан тысқары және сабақ аяқталғаннан кейін әркім өзінің қалайтын киімін киюге еркі бар.
– Елімізде дін ұстанушылардың құқықтарына қатысты қандай да бір мәселелер туындағанда оны шешудің барлық тетіктері қарастырылған ба?
– Жалпы алғанда қоғамдағы туындаған проблемаларға байланысты мәселелер көтеріліп, сын-пікірлер айтылғаны дұрыс деп санаймын. Бұл біріншіден, адамдарды ойлануға, дұрыс ұстанымды қалыптастыруға, ең бастысы қолғамның санасының жаңа бір сатыға дамуына немесе көтерілуіне жеткізеді. Екіншіден, қордаланған проблемалардың шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл ай-шайға қарамай дау тудыруға апармауы қажет. Қазіргі жағдайда, бізде дереу «мынау дұрыс емес» дейді де, «жұдырықтасуға» дайын тұрады. Ал, ақылды, білімді адам оны дұрыс шешу жолдарын ұсыну керек. Енді, ешқандай ұсыныс жоқ болса, тек қана бас салып төпелеп ұра берсем мәселе шешіледі дегендер қателеседі. Керісінше, айқай-шудың салдарынан бүкіл қоғам болып ұтыламыз, оның зардабын қарапайым халық шегеді.
Алысқа бармай-ақ, кешегі Кеңестік дәуірге көз жүгіртсек, сол кеңестік 70 жыл ішінде дінге қатты қысым болып, ата-бабаларымыз оразасын жасырып тұтып, намазын тығылып оқуға мәжбүр болды. Қазір, Аллаға шүкір, мешіттердің есігі айқара ашық, азан шақырылып, жұма намазына нөпір болып ағып жатқан жамағатқа неге бара жатырсың деп кедергі жасап жатқан ешкім жоқ. Бұл да Алла тағаланың қазақ еліне берген үлкен нығметі емес пе?! Бүгін егемендік алып, тәуелсіз ел болғанымызға 25 жыл ғана болды. Соншама жыл қордаланған проблемаларды бірден шешіп бер деп талап қою астамшылдық болар деп ойлаймын. Алла Тағала ардақты Пайғамбарына Құран Кәрімнің өзін 23 жылда түсірді. Жоқтан барды жаратақан құдыреті шексіз Алла Тағала Құран Кәрімді қаласа 1 күнде толығымен түсіремін десе шамасы жетпес пе еді? Әрине, жетер еді, бірақ оны көтере алатын ба едік? Біз дұға жасағанда «уа, Алла біздерге көтере алмайтын жүкті арта көрме» деп жалбарынамыз ғой.
– Діннің ішкі мәселелерін заңнамалық тұрғыдан шеше аламыз ба?
– Бүгінгі күні біздің Конституциямыз бен қолданыстағы заңнамаларымызда діннің ішкі мәселелерін шектейтін бірде-бір бап жоқ. Сол заң талаптары шеңберінде бекітілген, оның ішінде басқа орамал тағуға қатысты ережер белгілі бір мемлекеттік органдарда жұмыс уақытында ғана шектеу қоюы мүмкін. Мысалы, елімізде қалай болса солай киіну емес, киімді таңдау еркіндігі барына ешкімнің күмәні жоқ.
Дегенмен де, әрбір ұйымның немесе мекеменің киім киюге қатысты өз нормалары мен ережелері бар екені белгілі. Мысалы, әскери салада жұмыс жасайтын әрбір жауынгер қорғаныс қызметі үшін бекітілген нысандағы униформаны киіп жүруге міндетті.
Сонымен қатар, медициналық палатада жатқан науқасқа сырт киіммен кірмейді. Мысалы, ауруханада немесе ұшақта ішкі қағидаларды сақтауғабәріміз келісеміз.
Ешкім де қай діни сенімге жататыны негізінде құқықтары мен бостандықтарына шек қойылмайды, ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында киім үлгісіне қойылатын талаптары барлығына – түрлі дін ұстанушыларына, сонымен қатар дінді ұстанбайтындарға да қатысты.
Екіншіден, қоғамда орамал тағатындарға жаппай бастарын ашқызу да көзделіп отырған жоқ.
Сондықтан, мәселенің байыбына барып анық-қанығын біліп алғаннан кейін ғана пікір білдіріп, сын айтқан орынды болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ,
KazIslam.kz