(Шейх Шағрауидің оқиғасы)

«Рамазан айы. Ақшамға бір сағат қалған. Үйге қайтып келе жатқам. Жолда бір кедей кісі тоқтатты. Жүзінен мешіттегі дәрісіме қатысып жүрген жамағат екенін байқадым. Дауысы дірілдеп:

– Алла разылығы үшін, бүгін менің үйімде ауыз ашуыңызды өтінемін, – деді. Не айтарымды білмей, тілім күрмеліп қалды. Еріксіз:

– Бауырым! Отбасым күтіп отыр. Бүгін оңтайлы емесболып тұр…, – деп жаттым. Есімді жисам, кісінің артынан ілесіп келемін. «Қайда бара жатырмын? Ауызашар уақыты да таяп қалды», – деп қоямын ішімнен.

Бір үйге келіп жеттік. Аты ғана үй. Ғимараттың үстіндегі шатыры жоқ, шағын кіре-берісі, ас үйі және бөлме. Алақандай бөлмені бөліп қойған. Ағаш баспалдақ екі адамды көтеретіндей емес. Жамағат бауырымның жүрегі бақыттан алып-ұшып тұр. Жүзінде маған деген алғысы мен құрметі ерекше:

– Қараңызшы, мырзам! Мынау, Аллаға шүкір, өз баспанам. Ешкімге бір теңге де қарыз емеспін. Міне, қараңыз! Таңертең күн бөлмеге төгіледі. Бөлменің екінші бетінен күн ұясына батады. Таңда және ақшам кезінде осында Құран оқимын. Әйелім терезе алдында отырып дұға етеді. Уаллаһи, мырзам! Менің үйім – жәннат, – деді.

Әлгі кісінің сөздерін естіп келе жатырмын. Бар ойым мына баспалдақ сынып кетпесе екен деймін. Бөлмеге кіріп, жайғастым. Үй иесі әйеліне бәсең дауыспен:

– Дастарқаныңды дайында. Бүгін шейх біздің үйде ауыз ашады, – деді.

– Үйде бұршақтан басқа жейтін ас жоқ. Ақшам азанына да жарты сағат-ақ қалды. Пісіретін ешнәрсе жоқ, – деп әйелі қысылып жатыр. Ұядай үйде мұның барлығы маған анық естіліп тұр. Үй иесі қайта келгенде:

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Төртеу түгел болса…

– Бауырым! Менің бір шартым бар. Азан айтылғанда аузымды сумен ашамын. Өз құрмам бар. Намаз оқып, күнделікті дұғаларымды оқымай дастарқанға отырмаймын. Ал, асқа езілген картоп және бұршақ жеймін, – дедім. Үй иесі қатты қуанып кетіп: «Айтқаныңыз болсын», – деді.

– Енді мені оңаша қалдыр, дұға-мінәжатымды жасаймын, – дедім. Картоп әр үйде бар көкөніс. Сондықтан осылай дедім. Жамағат бауырымның үйінен көңілім де, қарным да тоқ боп шықтым. Ауызынан бір сәт шүкіршілік пен қанағат түспейтін адам екен. Ел-жұрт жырлап айтатын бақытты өмір осынікі еді.

Бірер күннен кейін үлкен кәсіпкер ауызашарға шақырды. Елге танымал, ірі сауда-саттықпен айналысатын дәулетті адам. Ауызашар үлкен фермадағы сарай сияқты зәулім үйде өтті. Ат шаптырым алқапта бассейн, шетінде ғажайып ат қора. Небір асыл тұқымды аттары бар. Ауызашардан кейін, үй иесі оңашада:

– Тұрмысым қиын. Сауда-саттық жүрмей жатыр. Бала-шаға шаршатты. Әйелімнің мінезі жаман. Жұрттың барлығы дәметеді. Адамдардың көңілін табу үшін көп қаражат жұмсаймын. Өмірден түңіліп кеттім. Мына, барлық уайым-қайғыдан құтылғым келеді, – деп шағымын үйіп-төгіп жатты.

Үй иесі есіктен көлікке дейін дүниені қара түнекке айналдырып жіберді. Менің де тынысым тарылып кетті. Көлікке мінген соң, аспанға қарап отырып: «Ризашылық пейілін (нығметін) берген Аллаға мың шүкір», – дейді шейх Шағрауи.

Иә, бақыт – байлықта емес. Бақыт Алла Тағала мен сенің қарым-қатынасыңның жақсы болуында. Байлар да жылайды.

Дайындаған Руслан ҚАМБАР

Пікір жазу