Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде де жоғарыда айтылғандармен үндес ғибратты сөздер көп: «Расында мүмин жаман амалы үшін бұл дүниеде жазаланады: науқасқа шалдығып, қиындыққа ұшырайды», «Кімде-кім біреуге жамандық жасаса, осы дүниеде-ақ жазасын тартады», «Кімде-кім мүмин бауырының мінін көріп, соған күлсе, сондай хәл өз басына келмейінше көрге кірмейді», «Кімде-кім досына зиянды дұға жасаса, періштелер келіп дұғаның өзіне қайтуын тілеп тұрады» деген мазмұндағы хадистер – соның айғағы.
Бұлардан басқа да көптеген хадистерде жаман амалдардың, мысалы, жалған сөйлеудің адамның ризық-несібесін кемітетіні, аманатқа қиянат жасаудың адамды жоқшылыққа ұшырататыны, ал аманатқа адалдықтың кісінің несібесін арттыратыны, қайырлы, сауапты істердің адамды түрлі пәлелерден сақтайтыны туралы жиі айтылған. «Ұят қашанда жақсылық келтіреді», «Барлық жақсылық – жақсы мінезден, барлық күнә мен жамандық – жүректегі жаулық пен ұятты істерден», «Таңғы ұйқы несібеден айырады», «Дұғасының қабыл болып, қиындықтан құтылуын тілеген адам мұқтаж жандардың жағдайын біліп тұрсын» деген мәндегі хадистер де бар. Осының барлығы бұл дүниедегі жақсылы-жаманды істердің өзіне лайықты қайтарымы болмай тұрмайтынын дәлелдейді. Демек, қазақтың «Бұ дүниенікі о дүниеге кетпейді» деген нақыл сөзінің де ислам шариғатында өзіндік бастау-бұлағы бар деуге толық негіз бар.
Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері көп жағдайда екі дүниенің жай-күйін бірдей қамтып айтылған. Жоғарыда келтірілген «Расында, мүмин жаман амалы үшін бұл дүниеде жазаланады: науқасқа шалдығып, қиындыққа ұшырайды» деген хадис: «Бірақ, кім есепте талқыға түссе, азапталады» деп жалғасады. Бұл хадисті түсіндірушілер аталмыш хадисте Қиямет күні сенуші мұсылмандардың амал кітабы ашылып, тіршілікте жасаған күнәлары өзіне көрсетілетіні, егер күнәлары жеңіл болса, жеңіл есеп алынып, оған кешірім жасалуы мүмкін екендігі, ал күнәлары ауыр болса, одан толық есеп алынатыны, яғни талқыға түсетіні меңзелген деп біледі.
Тағы бір хадисте: «Дүние – ақыреттің егінжайы» делінеді. Бұл қарапайым тілмен айтқанда, «дүниеде не ексең, ақыретте соның орасың» деген түсінікке саяды. Яғни, ислам сенімі бойынша жасалған жақсылықтың қайтарымы немесе жамандықтың зардабы бұл дүниеде ғана көрініс беріп қоймайды, сонымен қатар о дүниелік тағдырды да айқындайды.
Ал дүниедегі істердің ақыреттегі қайтарымы, Қиямет күні, Сират көпірі, есепке алыну, жұмақ пен тозақ жөніндегі түсініктер мен дәлелдер Құран мен хадисті көктей өтіп жататыны баршаға белгілі. Мұның барлығы ислам ғұламалары кеңінен талдап, түсіндірген мәселелер қатарына жататындықтан бұдан әрі кеңейтіп жазуды қажет етпейді деп білеміз.