Күніне бес рет оқылатын азан исламның негізгі белігісі болып табылады. Сондықтан азанды естіген мұсылман адамның оған жауап беруі – сүннет. Азанға қатысты Пайғамбарымыздың хадистерін назарға алған кейбір мұсылман ғалымдары азан айтылып жатқан кезде оның сөздерін қайталау уәжіп десе, көпшілік ғалымдар оны сүннет деген.
Мүмкіндік болса азан айтылып жатқан кезде оны тыңдаған абзал. Кейбір фиқһ кітаптарында «Азан айтылып жатқан кезде, азанның сөздерін қайталаудан басқа іспен айналыспаған жөн, тіпті Құран оқып отырған болса да азанды тыңдау абзал» деген.
Алайда, асығыс бір ісін бітіруі қажет болған адамның ісін жалғастыра беруі күнә емес. Азан айтылып жатқан кезде сөйлесу мәкруһ емес дегендер де бар. Алайда, айтылып жатқан азанға мүлдем құрмет көрсетпеу – ислами әдепке жат әрекет. Сондықтан, аз да болса кідіріс жасап, бастапқы сөздерін қайталаған жөн.