Қазақ қызы мен мұсылман қызын бөліп қарастыру қоғамда ара-тұра болса да кездесіп жүр. Мұндай пікір дін ұстану – ұлттың бір бөлшегі екенін мойындамайтындардың әсерінен пайда болған. Негізі олай емес. Мәселен, орыс десе, көз алдыңызға проваславтың немесе кәріс десе, будда дінін ұстанатын адамның ойға келері анық. Сол секілді қазақ халқы туралы сөз қозғалғанда оның мұсылмандығы қоса айтылады.

 Қазақ пен мұсылман деген ұғымды бөлек қарастыру әсте мүмкін емес. Себебі қазақ халқы – «Әлімсақтан мұсылман».

Қасиетті Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында Алла Тағала:

«Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың! Шүбәсіз, Алла – Алим (барлық нәрсені толық білуші), Хабир (бәрінен толық хабардар)» – дейді.

Әйгілі қаһарман, жаужүрек батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова – кейінгі ұрпаққа бабалар аманатын жеткізіп, қоғамда әсіресе, қазақ қыздары мен келіндеріне қатысты ойларын ашық білдіріп жүрген ел анасы. Оның әсіредіншілдерге қарата айтқан мынадай сөзі бар:

«…Үйлерінде теледидар көрмейді, ешқайда шықпайды, әйтеуір бала туып жатқандары бар, тек анау еркекке қызмет етуі керек, бітті. Біраздан кейін надандық шығады. Білімсіз анадан білімсіз ұрпақ көбейеді.

Біз, біріншіден, біліммен, екіншіден, өзіміздің тіл арқылы таралатын дəстүрмен ғана ұлтымызды сақтай аламыз. Əрбір адам ұлтымен бірге туады. Ұлтыңмен бірге туған соң, ұлтыңның тілі, бүкіл салт-дәстүрі, елі, жері, тарихы саған да тиесілі. Бұл жерде егер дін ұлттың үстіне шықса, ұлт жойылады.

«Екі сөздің бірінде қазақпын деп айтпа, мұсылманмын деп айт» дейді. Көрдің бе, қандай құйтырқы жаман нәрсе жатыр? Мына радикалды дінге қарай бұрылатындардың ішінде еркекке қарағанда əйелді қайтару қиын».

Қоғам қайраткерінің бұл пікірінің келіспейтін тұсы жоқ. Әйелін жан баласына көрсетпей, көрсетсе де жасырынып жүрген қарақшыдай бет-аузын тұмшалап қойған кейбір ер-азаматтар ақыры елден безіп, Сирия асты, Иракта бақилық болды.

Дүмшелігі өзімен қоса «күйеуімді ғана тыңдауға міндеттімін» деген ойдағы әйелін, ізін басар кіп-кішкентай ұл-қыздарының сорына айналды. Мұсылман болу мен қазақ болуды екі бөлек қарастырып, «Ислам мемлекетін» құрысам деп жүргенде өздері құрып, бірі жоқ болды, енді бірі өзегін өкініш кернеген күйі түрмеде отыр.

Оқи отырыңыз: Сирия асқан әйелдердің «күйеуіме бағындым» деуі шариғатқа сай келмейді

Міне, сондай еркектердің әйелдері күйеуінің бетінен алып, төсіне шаппаса да, алдағы жоспарларына ой қосып, ақылы болса ақылдасар еді.

Тарихқа үңілсек, Хадиша анамыз пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әйелі болып қана қоймай, оның сенімді серігі болған. Адамзаттың абзалы пайғамбар да (с.ғ.с.) оны қызметшісіндей немесе күңі сияқты қараған емес. Керісінше, оған дүние істерінде де көмектесіп, балаларымның анасы ғой деп құрмет көрсетті. Оның отбасындағы сыйластық пен татулық сахабалар мен олардың жұбайларына, одан кейінгілерге үлгі болды.

Қазақ әйелдері де дәстүрге сіңіп кеткен ислам дінінің игі қасиеттерімен әшекейленді. Тұрмыстағылар ерін сыйлады, оң жақта отырған қыздар әкесі мен ағасын құрметтеп, інісіне ізет танытты. Ақылды әрі арлы болды. Қажет кезде жауға олармен бірге шауып, еліне қорған да болды.

 «Не нәрсе ұятты болса, сол – асыл»

– «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» деген ата-бабамыз оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқтырмай өсіруді парыз санаған. Қазақ халқы қызының дене бітімі қалыптаса бастағанда, яғни балиғат жасқа толғанда ұзын жең, етегі тобыққа дейін, дене бітіміне сәйкес жарасымды етіп, желбіршіктермен  қос етек көйлекті  кең етіп тігіп кигізген.

«Есті қыз етегін қымтап жүреді» деп өсірген. Қазақ даласының осы философиясымен өскен қаншама арулар ел аузында аңызға айналған. Солардың бірі – Мақтым Ағзамның жалғыз немере қызы, азан шақырып қойған шын есімі Нұрила деп аталған Домалақ ананы осы орайда үлгі етуге болады. Деректерде сегіз жасынан мешітте дәріс алғаны, бой жетіп, он бес жасқа келгенде қазақ халқындағы ұлы жүзге тиесілі көптеген рудың бабасы саналатын Бәйдібек батырға ұзатылатындығы айтылады.

Хадисте «Әрбір діннің мінезі бар. Ислам дінінің мінезі – ұят» дейді. Ұят – қазақ әйелдерінің бойында жаратылысынан бар қасиет.

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар.

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма», – деп хакім Абай жырлағандай, қызық қызының ұяты оның негізгі қасиеті саналған» – дейді исламтанушы Шәмшат Әділбаева.

«Ұяты жоқтың, иманы да жоқ» демекші, қазақ халқының «қызға қырық үйден тыйым» деген қағидасы – қыз баласының ар-абыройын қорғау, ұятымен қоса иманын сақтаудың ең жақсы жолы болатын.

Ғабиден Мұстафин «Не нәрсе ұятты болса, сол – асыл» деген екен. Демек, қыз баланың иманы – ұятында. Ал ұяты оның дәрежесін көтеріп, одан сайын сүйкімді ете түседі.

 «Әлемдегі ең сұлу – қазақ əйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы əйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – деп жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай, қазақ қызы имандылығымен, ибалығымен әрдайым айналасына сыйлы болған. Қазақ қызы қоғамда әрқашанда мұсылмандық келбетімен танылған, яғни, қазақ қызы нағыз мұсылман қызы болған, – дейді Шәмшат Әділбаева.

Біздің де айтарымыз – осы. Қай кезеңде болмасын қазақ қыздары мұсылман болды, қияметке дейін де мұсылман болып қала бермек.

Пікір жазу