3 ақпан. KAZISLAM – Отандасымыз Гаухар Омарханова 10 жылдан бері ирандықтарды Абай Құнанбаевтың шығармаларымен таныстырып келеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Тәржімашы қыз ақынның кітаптарын жинап қана қоймай, оларды орыс, ағылшын және парсы тілдеріне аударумен айналысады. Оның кітапханасында ұлы ойшылдың ондаған туындысы бар. Ол ай сайын кітап көрмелері мен жәрмеңкелер ұйымдастырып, Таяу Шығыс халқына еліміздің әдебиеті мен мәдениетін танытып жүр.

Хакім Абайды ирандықтар да әлдеқашан мойындаған. Гаухар Омарханованың айтуынша, аудармада ең қиыны – классиктің шығармаларының мағынасы ғана емес, әдеби орамдарын да өзгеріссіз жеткізу. Ирандық жастар Абай Құнанбаевтың шығармаларын Гаухар сияқты қандастарымыздың арқасында танып, біліп келеді. «Елімізді ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармалары арқылы таныстырып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Маған оның өлеңдері мен қара сөздері қатты ұнайды. Сондықтан Иранда әр тілде жарық көрген ақынның барлық шығармаларын жинап келемін», – дейді Гаухар.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Цифрлық даму: Енді жоғалған малды WhatsApp-пен іздейді

Гаухардың талпынысының арқасында Тегерандағы кітап жәрмеңкелерінің көбі Абай шығармаларынсыз өтпейді. Жергілікті медиахолдингтің бірінде жұмыс істейтін жас қыз ирандықтарды еліміздің мәдениетімен телеарна мен радио арқылы да таныстырып тұрады.

«Кітапханамда парсы тіліне аударылған Абай жолы мен қазақ тіліндегі нұсқасы бар. Бұдан бөлек, ақынның парсы тілі мен ағылшын тіліне аударылған өлеңдері бар», – дейді отандасымыз.

10 жыл ішінде Гаухар қаншама ирандықтың Абай туындыларына деген махаббатын оятқанын санап жеткізу мүмкін емес. Олардың қатары жүздеп саналатын шығар.

«Себебі, ұлы ақынның өлеңдері әр адамның жүрегіне тез жол тауып, баурап алады», – дейді аудармашы қыз.

Пікір жазу