Негізінде, адамзаттың иелегіндегі мал-мүлік толығымен өте береген Алла тағаланың мүлкі саналады. Алла тағала құлдарын сынауы үшін, оларды мал-мүлікке уақытша иегер әрі мұрагер қылды және мал-мүлік пен ризық тұрғысынан бірімізді бірімізден өзгеше етті. Пақырлар мен міскіндердің үлесін дәулеттілердің байлығына қосып, оларға бұл байлықтан зекет және садақа арқылы өз үлестерін алу құқығын, ал дәулеттілерге мұқтаждардың қақыларын беру міндетін белгіледі. Кез келген қоғамда мұқтаждарға, жесірлер мен жетімдерге қарайласудан асатын игілік жоқ. Алла тағала кімді мол дәулетке бөлеген болса, бұнысы мол дәрежеге ие екендігінің белгісі емес, ол тек оны сынау үшін берілген несібе ғана. Алла тағаланың оны қалаған күні толық алып қоюға құдіреті жетеді. Сол себептен Алла тағала нығметке шүкірлік ретінде мұқтаждарға қарайласуға: киімі жоқты киіндіруге, тамағы жоқты тамақтандыруға шақырады. Сондай-ақ, бұл амалдың сауабын ақиретпен ғана шектемей, дүние тіршілігінде де мал-мүлікке береке қондырады. Садақа беру үшін кісінің мал-мүлкі өзі мен асырауындағы кісілердің нәпақасына жеткілікті болуы ескеріледі. Мұсылман садақаны күнделікті тіршілік қажеттілігінен артылған мал-мүлкінен бергені жақсы. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ең жақсы садақа – әл-ауқат жеткілікті жағдайда ғана берілгені. Өзің асырап жатқан кісілерден баста!», – деген. («Сахих әл-Бұхари», 3/446) Сол секілді қарызға батқан кісінің садақа бермегені – мустахаб. Өйткені қарызды өтеу және отбасын асырау – оның міндеті. Садақа беремін деп, асырап отырған адамдарды аш қалдыру – күнә. Абдулла ибн Амр Алла елшісінің (с.ғ.с): «Қамқорлығындағы кісіні құртып алуы адам үшін жеткілікті күнә саналады», – деп айтқанын жеткізген. («Сунан Әби Дәуд», 2-59) Садақа алуға лайықты кісілердің бірінші қатарын пақыр туыстар, ең жақын ағайындар, сосын есігі жақын көршілер, достар, жесірлер, жетімдер, жолда қалғандар және т.б. мұқтаждар құрайды. Алланың елшісі (с.ғ.с): «Міскінге берілген садақа тек садақа саналады. Ал туысқанға берілген садақа – садақа әрі туыстық байланыс», – деген. («Сунан Ибн Мажа», 1/591) Міне, осындай дәлелдер келтіре отырып СІЗГЕ айтарымыз садақаны ең алдымен өз туысқандарыңыздан, жанұяңыздан, жақын көршілерден бастағаныңыз абзал. Ал, егер олар тараптан садақаны алуға деген ықылассыздық немесе жеккөрушілік пайда болып жатса, сол өзіңіздің тұрғылықты елдің ішіндегі ең мұқтаж жандар мен қарызға батқандарын тауып соларға бергеніңіз нұр үстіне нұр болары хақ. Ал, көршілеріңізге олардың жәрдемге мұқтаж болатын сәттерін бақылап жүріп, дәл сол қажет уақыттарында қол ұшыңызды соза білуіңіз Алланың алдында тақуалығыңыз бен дәрежеңізді арттырары анық Алла қаласа. Алла жасаған игі істеріңіз бен қайырымдылықтарыңызды қабыл етсін!

Пікір жазу