Статистика бойынша, елімізде карантин кезінде 18 жасқа дейінгі балалардың арасында суицид жасағандар саны екі есеге көбейген. Яғни төрт айда 114 бала суицид жасауға әрекеттеніп, 46 оқиғаның соңы қайғылы жағдаймен аяқталған.

Мәжіліс депутаты Артур Платоновтың айтуынша, мұндай келеңсіздіктер Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы мен Қостанай облыстарында орын алған. Ал кейбір өңірде суицидтің алдын алуға қатысты ғылыми-негізделген бағдарламамен жеке оқыту жұмыстары мүлдем жүргізілмегендігі анықталған.

– 2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы суицидтің алдын алу және ескерту бойынша мемлекеттік жоба ұсынды.

Баланың өзіне қол жұмсау әрекетін жасыруға тырысатын және білікті мамандардан көмек сұрап жүгінбейтін ата-аналар да бар. Өйткені, бала болашақта оқуға түсіп немесе әскери не құқық қорғау саласына қызметке орналасар кезде мәселелер туындайды, – деді депутат.

Ал Красный Яр мешітінің бас имамы Науан Мүтәлұлы Ақмола облысы Көкшетау қаласына қарасты Красный Яр елді мекенінде суицид жасағандар бөлек жерленетінін айтты.

– Өз-өзіне қол жұмсағандар көбейіп кеткеннен кейін, осындай бастаманы қолға алдық. Үлкен зираттан бөлек, оқшаулау тұрғаннан кейін адамдарға ой салар деп үміттендік. Әбу Ханифа мәзһабында мұны үлкен күнә деп есептегенімен, жаназасын шығарады. Бірақ тәртібі бойынша жаназасын елдің патшасы, әкімі немесе бас имамдары шығармайды, жай қатардағы намазхан адамдар шығарады. Ондағы мақсат – мұның күнәлі амал екенін көрсету, – дейді имам.

Дін қызметкері мұндай амал адамдарға үлкен ой тастап, жемісін беріп жатқандығын алға тартады. Сондай-ақ суицид жасамақ болған бірнеше адам райынан қайтқандығын жеткізді.

– Өз-өзіне қол жұмсағандарды орталықтан берілген үлкен зираттың шеткі бұрышына қойғыздық. Араларында бірнеше метр орын бар. Елді мекенге келіп-кеткен адамдардың өзі «Мына кісілер неге бөлек жатыр?» деп сұрап жатады, – дейді Мүтәлұлы.

Ал психолог Мейрамгүл Смағұлқызының айтуынша, Алматыда тағы карантин болады дегенді естіген адамдар арасында «бәріміз ауырамыз», «қамалып аш қаламыз» деген сынды қорқынышпен хабарласқандар қарасы көбейген.

– Психология өз ішінде әскери психолог, педагогикалық психолог, еңбек, бизнес-коучинг сынды түрлі салаға бөлінеді. Соның ішінде ең ауыры – біздікі, өйткені психодиагностика жасап, түрін көрместен адамның қалыпты немесе патологиялық жағдайда тұрғанын ажыратып, көмек беруіміз қажет. Тәулігіне 18 адаммен сөйлесіп, көмек көрсеткен кездерім болды. Өзімізге де психологтардың көмегі керек. Олардың түрлі жағдайына бірге ортақтаса отырып, құтқарып қалу үшін шаршаймыз. Жүз мың теңге жалақымызға қарамастан суицид сергелдеңіне түсіп, қиындыққа тап болған адамдарды райынан қайтарумен айналысып жатырмыз, – деді психолог.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Қыздар арасында Құран жарысы өтті

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеевтің айтуынша, төтенше жағдай кезінде ері мен әйелінің арасында жанжалдасу көбейген. Карантинде үйде отырғандықтан, алкогольді ішімдік ішу артып, суицидке бет бұрғандардың қатары өскен.

– Наркологиялық ауруларды және психикалық ауытқулары бар адамдарды емдейтін екі филиалымыз бар. Карантин кезінде сенім телефонымен қатар онлайн кеңес, көмек беру артты. Суицидке баруға бірнеше күн дайындалып, соңғы сәтте сөйлесіп қалғысы келіп, хабарласқандарын айтады. Былтырғы жылмен салыстырсақ, биыл отбасылық жанжал көбейген. Наркологиялық бөлім 272 орынға арналған. Орталық қазір науқастарға толып тұр, – деп сөзін тәмәмдады Сапар Рахменшеев.

Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын Мәжіліс депутаты, Қазақстанның бала құқығы бойынша уәкілі Зағипа Балиева Қазақстанда балалар арасындағы суицидке бейімділік азайып келе жатқанын мәлімдеген болатын. Алайда, биылғы ғаламдық пандемияның ауыртпалығы өз-өзіне қол жұмсау үрдісін қайта өршіте бастағандай…

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу