KAZISLAM – Қызылорда облыстық көпбейінді облыстық аурухана директоры Нуридин Амитов «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітіне арнайы келіп, Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы мен «Зекет» қорының өңірдегі өкілі Оңталап Тасболатұлын алғыс хатпен марапаттады.

– Ел басына күн туған сәтте жұқпалы індет жұқтырған науқастар өмірі үшін күресіп жатқанда оларға үміт сыйлап, медицина қызметкерлеріне қолдау білдіргендердің алғашқылары өздеріңіз болдыңыздар. Мешіт имамдары мен ерікті жамағаттардың игі істерінің арқасында ауруханамызға оттегі концентраторы сыйланып, оттегі шарлары тұрақты тасымалданып отырды. Оттегі шарларын толтыру барысында 11, 12 сағаттап кезек күтсе де мешіт еріктілері бірауыз жағымсыз пікір білдірмей, төзімділік таныта білді. Сіздер бұдан бөлек уақытта да ауруханамызға әрдайым қол ұшын созуға дайын тұрасыздар. Сіздерге ұжымның атынан және көмек алған емделушілеріміздің атынан шексіз алғыс білдіремін, – деді Қызылорда облыстық көпбейінді облыстық аурухана директоры Нуридин Амитов.

Айта кетейік, ҚМДБ Қызылорда облыстық өкілдігі мен «Зекет» қорының өңірдегі өкілдігінің ұйытқы болуымен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Өмірге үміт сыйла» бастамасы аясында имамдар мен ерікті жамағаттар аймақтағы ауруханаларға оттегі концентраторы, медициналық бетперделер, арнайы қорғаныш киімдерін табыстап, оттегі шарларын жеткізген болатын.

Пікір жазу