Бұл мәселе бойынша «Әл-Хидаяға қарайтын болсақ, шариғатта сауда-саттық келісімі түзілгеннен кейін үшінші бір адамның сатушыға қолайлы бағаны ұсынып, сауда келісімін бұзуы дұрыс болып саналмайды. Ислам экономикасында себепсізден себепсіз нарықтағы бағаны жоғарлату харам болып есептеледі. Сол секілді түзіліп қойған сауда келісімін үшінші бір тараптың жоғары баға ұсынып бұзуы да харам. Яғни, бұл жерде үшінші тараптың әрекеті нарықтағы бағаны себепсіз жоғарлатуы болып саналады. Рас, осы мәселеге қатысты сіз айтып отырғандай «Сауда жасап жатқан адамның үстінен сауда жасап, килікпеңіз. Бауырыңыз бір мүлікті сатып алғысы келгенде, сіз де сол мүлікті сатып алуға ниеттенбеңіз» (Ибн Мажа, Тижарат 13) деген хадис бар. Бұл жерде Пайғамбарымыз (с.а.у) жасалып жатқан сауда келісімінің үстіне үшінші бір тараптың килігуін – сатып алуға ниеттенген мұсылманға жасалған құрметсіздік деп бағалаған. Әрі мұндай жосықсыз әрекет нарықтағы бағаның аспандауына әкеп соқтыратындықтан, үшінші тарапқа «ниеттенбеңіз» деп бұйрық райда айтылған. Сондай-ақ, шариғатта еңбексіз келген табысқа харам үкімі берілген. Яғни, сатушының өз мүлкін разы болған бір бағаға сатып тұрып, үшінші тарап ұсынған үстеме бағаға сатпақ болуы, нарықтағы бағаны себепсіз көтерумен бірге еңбексіз пайда тапқандай болады. Жалпы, өз шаруасын бітіру үшін ұзын-сонар кезектегі адамдардың алдын орау қаншалықты әділетсіз болса, бір мұсылманның сатып алайын деп тұрған мүлкіне көз тігіп, килігу де сондай әділетсіздік болып есептеледі. Бірақ, біз бұл жерде «Сауда жасап жатқан адамның үстінен сауда жасап, килікпеңіз. Бауырыңыз бір мүлікті сатып алғысы келгенде, сіз де сол мүлікті сатып алуға ниеттенбеңіз» (Ибн Мажа, Тижарат 13) деген хадистің қарапайым базар саудасына қатысты айтылғандығын ескеруіміз керек. Себебі, шариғатта тендер мен аукцион арқылы сауда-саттық жасауға рұқсат берілген. Тегінде, тендер мен аукционның базарда ауызша жасалатын келісімнен бөлек, өзіндік ерекшелігі бар. Тендер мен аукцион саудасы екі адамның арасында жасалатын екеуара мәміле емес, жалпы халыққа ашық жасалатын мәміле түрі саналады. Хадис жинақтарында бұл мәміле түрінде құптайтын (Ибн Мажа, Тижарат, 25) дәлелдер кездеседі. Сондықтан, тендер мен аукцион арқылы кәсіпкерлік жасау шариғатқа қайшы келмейді.