Қасиетті құран оқылып, бүгінгі күннің жолында ғасырлар бойы құрбан болған талай хандар мен билер, саңлақтар мен боздақтар, дара тұлға, зиялылар рухына сауабы бағышталған Тәуелсіздік мерекесі «Нұр-Мүбарак» университетін бір серпілтіп өтті.

– 1991 жылы бұйырған тәуелсіздік таңын баянды етіп, дамыту армандаумен емес, ерен еңбек, тер төгумен болады, – деп құттықтау барысында шәкірттерге өнегелі сөз арнаған ректор, профессор Мұхаммад Әш-Шаххат мырза барша қазақ елін ұлы мерекемен құттықтап өтті.

Қазіргі жағдайға орай шағын ғана ұжыммен әрі онлайн жүйесінде өткен мерекенің құрметті қонақтарының өсиеті де әрбір қатысушының жүрегіне жетіп жатты. Тәуелсіздіктің өткені мен бүгініне куә, «Нұр» балалар үйінің асыл анасы Тұяқ Қазкенқызы білім беру саласында 60 жылдай қызмет етіп қана қоймай, 900-дей жетімнің басын сипап, бауырына басып, өмірге қанат қақтырған қайсарлығы мен даналығына бәрінен бұрын  мысырлық араб ғалымдары тіпті тәнті болды.

Ал «Өле өлгенше қазақ халқының даралығын, қазақ тілінің қасиетін ту қылып өтемін», – деген ғалым, қоғам қайраткері, қазақ тілін қорғауға қатысты күллі марапат иегері Асылы Осман апайымыз: «Дін – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек. Ал ұлттың жаны, рухтың үні – тіл, қазақ тілінің шұрайы мен құнарын ешбір тілмен салыстыру мүмкін емес. Қиянаттан шет, тумысынан дара қазақ халқымыздың тәуелсіздігі мәңгілікке жалғассын», – деп өскелең ұрпақты рухтандырып өтті.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемақының жаңа түрі енгізіледі

Құрметті қонақтарға ризашылығын білдіре отырып, құттықтау сөз сөйлеген проректор, доцент Қайрат Құрманбаев: «Егер бізге берілген нығметтердің барлығын таразының бір басына қойып, екінші жағына Тәуелсіздікті қойсақ, онда Тәуелсіздіктің салмағы басып кетер еді. Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый, бірақ ол шекарамен ғана шектелмейді. Тіл, дін, рухымыздың тәуелсіздігі үшін білімді де білікті ұрпақ қалыптасу керек», – деп бұл нығметтің мәніне жан-жақты тоқталып өтті.

Ән төресі термелер орындалып, ақындар айтысып, күмбірлеген күй шертілген салтанатты кеште қадірлі қонақтарға сый-сыяпат жасалып, биылғы жылдың үздік қызметкерлері арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Айша КЕҢЕСБАЙ,

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі

Пікір жазу