Ата-анамен қатынасты жақсартатын аяттар мен хадистер

    1035

    Ата-анаңның сен үшін жасаған жан пидалығы мен мейірім-махаббатын өз бала-шағаң болғанша толық түсіну мүмкін емес, сірә! Өкінішке орай, бүгінде ата-аналардың өз балаларына деген сүйіспеншілігі, қамқорлығы мен шексіз құрбандықтары тек материалдық жағынан қамтамасыз ету тұрғысынан ғана көрініс тауып отырғандай.

    Ал, ұлттық және діни құндылықтарымыз көбіне тасада қалып қойып жатыр. Сонымен қатар, ата-аналар мен балалар арасындағы қамқорлық сезімдері белгілі бір мейрам күндерінде ғана орын алары өкінішті. Бұл әрекеттер ата-аналары қайтыс болғаннан кейін де жалғасын табары сөзсіз.

    Ұлтымыздың әрі болашағымыздың баянды да өнегелі болуы үшін, өскелең ұрпағымыз бен ата-аналарымызға деген құрметті ұлттық діни идеологиямызбен ұштастыра білуіміз керек. Осы тұста Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистеріне сүйене отырып, ата-ана мен балалар арасындағы сыйластықты дамытатын әрі жақсартатын аяттар мен хадистерге тоқталмақпыз.

    Ата-ананы құрметтеу – әрбір мұсылманның парызы. Аллаға деген құлшылықтан кейін, ата-анаға құрмет келеді. Бұл жайында «Исра» сүресінің 23-аятында: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті…» деп барша мұсылманға бұйырды.

    Ата-ананы ренжітпеу. Ата-ананың көңіліне қаяу салатын сөздер мен әрекеттерден аулақ болу – барлық пенденің міндеті. Бұл жайында жоғарыдағы аяттың жалғасында: «Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» деп бұйырған.

    Ата-анаға дұға-тілек тілеу. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, біздің еркін өсуімізге себепкер болған ата-анамыздың ақыреттік емтиханы үшін Аллаға дұға- тілекте болып, олардың жәннаттық пенделерден болуын сұрау өте маңызды.

    Ата-анаға қалай дұға-тілекті жасау керектігі жайлы «Ниса» сүресінің 24-аятында: «Екеуіне кеңпейілділік пен мейірім құшағыңды жай да: «О, Раббым! Бұл екеуінің мені кішкентайымнан мәпелегеніндей, сен де оларды рахымыңа бөлей гөр», – деп айт», – деп бұйырады.

    Бұған қатысты Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Адам бақилық болған кезде, оның амал дәптерінің жазылуы тоқтайды. Алайда, үш амалының сауаптары тоқтамайды. Олар: үздіксіз берілген садақа, пайдалы білім және дұға-тілекте болатын қайырлы ұрпақ», – деп бұйырған. Ата-анамыздың жақсылық жазылатын амал дәптері балаларының дұға-тілектерімен толтырылады. Міне, осындай себептерде, әрбір пенде балаларына дұға-тілекте болғанындай ата-анасына да дұға етуді ұмытпауы тиіс.

    Мұсылман болмаса да, ата-анаңмен қарым-қатынасыңды үзбей, оларға мейірімді бол! Бұл жайында Алла Тағала «Лұқман» сүресінің 15-аятында былай деген: «Егер екеуі білмеген нәрсеңде Маған ортақ қосуға шақыратын болса, Оларға бағынба! Олармен бұл дүниеде дұрыс қарым-қатынаста бол да, Маған құштар адамдардың жолына түс. Осыдан кейін қайтар орындарың Мен жақ; сонда істеген істеріңді баян етемін», – деп барша пенделердің ата-анасының қай дінде болуына қарамастан, олармен жақсы мәміледе болуымызды және қарым-қатынасымызды үзбеуімізді бұйырған.

    Ананың мәртебесі. Әбу Һурайрадан риуаят етілген бір хадисте: «Бір күні, бір адам Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) келіп, былай деп сұрады: «Уа, Мұхаммед (с.ғ.с), пайғамбар, адамдардың ішінде жақсы қарым-қатынас құруға, жақсы мәмілеге лайықтысы кім?». Пайғамбарымыз: «Анаң» деді. «Одан кейін ше?» деп сұрады, «Анаң» деп жауап берді, ал одан кейін ше деп тағы да сұрағанда, Пайғамбарымыз тағы да «Анаң» деп жауап берді. Одан кейін кім деп тағы да сұрағанда, Пайғамбар (с.ғ.с.) «Әкең» деп жауап берді», – делінген.

    Ата-анаға қамқорлық жасау мен сөзінен шықпау – жиһадқа тең. Бұл жайында Абдулла Ибн Омар (Алла оған разы болсын) былай деп баяндайды: «Бір адам Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) келіп, жиһадқа баруға рұқсат сұрады. Пайғамбарымыз да одан: «Ата-анаң тірі ме?» – деп сұрады. Ол тірі деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз «Сенің жиһадың – ата-анаңа қамқорлық  жасап, сөздерін тыңдауың» деп жауап берді.

    Сонымен қатар, балалардың ата-ана разылығын алып, өздері үшін Аллаға дұға-тілекте болуын сұрауы. Осы тақырыпқа қатысты бір хадисінде Пайғамбарымыз: «Ол ұтылды! Ол ұтылды! Ол ұтылды!» – деді. Сонда қасындағы сахабалар: «Кім туралы айтып отырсыз, Уа Алла Елшісі?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз: «Ата-анасы немесе олардың бірі қасында қартайып, алайда, өзі жұмаққа кірмеген адам», – деп жауап берген. Біздің өмірге келуімізге себепкер болған ата-анамыздың разылығы – мәңгілік өмірдің кілті екенін ұмытпауды жазсын. Әмин.

    Аударған Исатай БЕРДАЛИЕВ

    Пайдаланған әдебиеттер

    1. Әбу Абдуллах Мухаммад б. Исмайл б. Ибрахим әл-Жуфи әл-Бұхари (ө. 256/870), Жәми у-Сахих, «Умму» бабы.
    2. Камаладдин ибн Әбу Шариф, Әбу л-Мәали Камалуддин Мухаммад б. Мухаммад б. Әби Бәкір әл-Макдиси (ө. 906/1500), Әл-Мусаммара, 5-12 беттер.
    3. Ермек Мұқатай және Мұхаммед Шыңғыс хажы, Құран Кәрім қазақша аудармасы, «Лұқман» сүресі 15 аят; «Ниса» сүресі 23-24-аяттары.
    4. Әбу л-Хусайн Муслим б. Хаджаж б. Муслим әл-Кушайри (ө. 261/875), Әл-Жамиу с-Сахих, «Умму» бабы.
    5. Әбу л-Фатх Мәждуддин б. Мухаммад б. Хусайн б. Ахмад әл-Ушуршани (ө. 637/1240-дан кейін), Ахкаму Сиғар, (Қайта баспаға дайындаған және түрік тіліне аударған Ибрахим Жанан) Ыстамбұл 1984, 82-88, 119-122, 269, 278, 366-368, 428 беттер.

    Пікір жазу