Соңғы жылдары Ресейдің Астрахань облысында 50-ден астам мешіт қалпына келтіріліп, біразы жаңадан салынды. Бұл туралы аймақ басшысы Игорь Бабушкин Орталық мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Ресейдің Бас мүфтиі Талғат Таджуддинмен кездесу барысында айтты.

Бабушкиннің айтуынша, Астрахань жерінде әртүрлі дін өкілдері әрқашан бір-біріне құрметпен қарайды, бұл олардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүруінің кепілі.

«Соңғы бірнеше жылда Астрахань облысының аумағында 50-ден астам мешіт салынды және қалпына келтірілді. Олардың жанынан бірнеше медресе ашылды. Сондай-ақ, екі мешітте Ислам колледжі жұмыс істейді. Бұл ретте мен Мұсылмандардың орталық және аймақтық діни басқармаларының үлкен еңбегін атап өткім келеді», – деді губернатор.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Қаруды заңсыз сақтағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады - ІІМ

Айта кетейік, Қазақстанмен шектесетін Астрахань облысындағы мұсылмандардың басым көпшілігін қазақтар құрайды. Бұл аймақта қазақ халқы саны жағынан орыстардан кейінгі 2-орында.

Ресми санаққа сүйенсек, Астрахань облысында 150 мыңдай қазақ тұрады. Бұл жалпы облыс халқының 15 пайызы.

Алайда, біздің порталымызға сұхбат берген «Астрахань облысының қазақтары» аймақтың ұйымының басшысы Данияр Имашев ресми санақта қазақтардың саны аз көрсетілгенін айтады. «Біз бұл санға күмәнмен қараймыз. Қазақтың саны бұдан екі есе көп болуы ықтимал. Өйткені, облыс тұрғындарының әрбір үшіншісі – қазақ. Қазір өңірде 1 млн-дай адам тұратынын ескерсек, қазақ саны кемінде 300 мыңның айналасында болуы тиіс», – дейді ол.

Пікір жазу